Қала жаққа бет бұрдым…

Сүйкімсіздеу сүйретілген тағдырым,
Белгісіздеу қанша әлі қаңғырым.
Мына маған түк те емес бораның,
Көз жасындай көргем талай жаңбырын.

Тозған ауыл, өскен ауыл алыста,
Көшіп кеткен туған-туыс, таныс та.
Қала жаққа амалсыздан бет бұрдым…
–Жер жоқ, – деді, – саған мұнда қарыс та!

Батырым-ау, жерсіз қазақ қазақ па?!
Егін орып, терген едік масақ та.
Көшкен жұртта  қалған енді бір белгі –
Зират-қорым…
Қанша көнем мазаққа!

Өл дегенге неге өлем күреспей,
Жерім қайда?..
Еншімді бер сіреспей.
Жер менікі, жерден қысып қорлама,
Бабамнан ол қалған мұра – үлестей.

Түгі де жоқ қызғанарлық төңірек,
Үй тұрғыздым жертөледен кеңірек.
Әкім-қара ширек ғасыр өтсе де,
Құжаттамай қойды соны не керек.

Жер мен жұртты қалдырғанда ұлы атам,
Шаңырағын неге қолдан құлатам.
Өзге ұлтты өзегінен теппеген
Қазақ елі, қазақ төрі – бұл Отан!

Сол қоғамның қатардағы бірімін,
    Өз ұлттыммен, өз халқыммен ірімін.  
Сексенде де сергелдеңде жүрсем де,
Елім, жұртым барда, мен де тірімін!

 

 

Еске алса,
келемін…

 

Көкжиек қол созымдай батарында
Тірлікті кім ойламас жатарында.
Бір үміт, бір күдікпен адам шіркін
Қанша дәм білмейді ғой татарын да.
***
Анашымды қажытқанда уайым,
Қал енді деп қалдырыпты құдайым.
ҚАЛЕН бола қалғаным да сондықтан,
Қазақ атам келтірген-ау ыңғайын.
***
Күн қуырған көн терідей қысқарып,
Қалды ғұмыр бір-ақ тұтам ұстарлық.
Қарындаштай бұл дәуреннің бір күні
Таусыларын ойламаппыз ұшталып.
***
Желе жортып Үшсарттың белеңінен,
Танылғанмын ел-жұртқа өлеңіммен.
Ақын десіп қауқылдап көз көргендер,
Еске алса, тіріліп келемін мен.
***
Алпыс асып артық-кем дегізбеген,
Бас ұстадық әкеміз жегізбеген.
Кіргізген соң уыстан шығармайтын
Кәрілікке бола ма ем іздеген?!.
***
Құтылғандай аяқтағы тұсаудан,
Жігіттік те сияқтанды түс ауған,
Келіп еді кемпір болып кейістік,
Шал ғып шалған құтылу жоқ құсаудан.
***
Қартая да білу абзал пендеге,
Ақымақтан ауыл іші кенде ме?
Еңкейгенде қадіріңді қашырсаң,
Сақал түгіл, басың өтпес теңгеге.

 

Қален НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар