Ескерткішті орнату – елдігімізге сын

Тарих шежіресіне айналған 2020 жылдың еншісіндегі айтулы оқиғаның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің 90 жасқа толуы. Қазақ елінің бірлігін сақтап, ұлтымыздың намысын қызғыштай қорғаған атақты жерлесіміздің мерейтойын өткізу үшін ұйымдастыру комиссиясы құрылып, күнтізбелік іс-шаралардың жоспары бекітілген. Осыған орай, Еркін Әуелбековке Көкшетауда орнатылатын ескерткішке ашық республикалық конкурс жарияланып, атақты жерлесіміз бен оның замандастары жайлы үш кітап шығарылды, Қаныш Сәтпаев көшесі №15 үйдегі мемориалдық тақтасы жаңартылып, ауласы абаттандырылды. Өзара мүдделілік танытудың нәтижесінде жыл ішінде атқарылған мерейтойлық іс-шаралар жайлы Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев әңгімелеп береді.

Алмас қылыштай жарқылдаған отыз сегіз жасында туған Көкшесіне келіп, билік тізгінін қолына алған он жылдың ішінде Еркін Әуелбеков тарыдай шашылып, іргесі сөгілген қазақ ауылдарының басын қосып, қырық шақты совхоз құрды. Кадр саясатындағы өрескел бұрмалаушылықтың да жолы кесілді. Мәселен, 1968 жылға дейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары арасында екі-ақ қазақ болса, Еркін ағаның қамқорлығымен басқа ұлттардың ығында бағы жанбай жүрген қандастарымыз аудандық және облыстық деңгейдегі басшылық қызметке, шаруашылықтардың, кәсіпорындардың директоры, бас маманы лауазымына тартылды. Рухани өмірімізде де үлкен серпіліс болды. Қазақ мектептері көптеп ашылып, тума таланттар Мәскеу, Алматының үлкен сахнасында ән шырқап, айтыс өнері қайра жанданды. Шопан-малшылардың слеті мен орақ мерекесін өткізу де дәстүрге айналды.
Ел басқарудың жанашылдық әдіс-тәсілдерін қалыптастыра білген Еркін Нұржанұлы, әсіресе, Көкшетау қаласының бас жоспарын жасатуға айрықша көңіл бөлді. Обкомның бірінші хатшысы жұмыс бастылығына қарамастан, шаһарды жаяу аралап, қай тұста өндіріс орындарын немесе тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу керектігін қағаз бетіне өз қолымен түсіріп отырған. «Центральный», «Көктем», «Васильковка», «Юбилейный» мөлтек аудандары сызбасының Ерекең жасатқан бас жоспарда көрсетілуі нағыз ғұламалық емес пе?! Бұқпа тауында жайқалып өсіп тұрған жасыл желектер сонау жетпісінші жылдары отырғызылғанын ерекше айтқымыз келеді.Көкшетаудай шағын қалада халықаралық рейстерге қатынайтын әуе лайнерлері үшін аэропорт пен ірі мегополистке лайықты зәулім теміржол вокзалын салдыру – болашақты көрегендікпен болжай білетін ақылғой адамның ғана қолынан келетін іс. Ал, Еркін Әуелбеков болса, облыс үшін аса маңызды стратегиялық нысандарды салғызуға ұлықсат алу үшін СССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Косыгиннің қабылдауында болып, өз ісінің өміршендігін дәлелдей білген.
Көкшетаулықтар өздерін көптен бері қатты толғандырып жүрген өзекті мәселе – Еркін Нұржанұлына ескерткіш орнату үшін алдымен Президентке, одан кейін Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, келісімін алған соң, бел шешіп іле іске кірісті. Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы ашық республикалық конкурс жариялап, нәтижесінде үздік үш жоба тандап алынды. Нақты жеңімпазды Мәдениет және спорт министрлігі анықтайды. Болашақ ескерткіш үшін жер бөлгізуде ешқандай қарсылық болмаса да, құжаттарды заңдастыру үшін бірнеше мәрте комиссия отырысын өткізуге тура келді. Бағалы бастамаға қолдау көрсетіп жан-тәніммен шыралдап жүрген еңбегімнің қайтарымы болар, қай мекемеге барсам да, алдымнан инабатты жастар шығып, меселімді қайтармай, көмек қолдарын созды. Қобалжумен өткен сәттер артта қалып, Смағұл Сәдуақасов көшесіндегі скверден бөлінген жерді Ерекеңнің сүйікті қызы Сәулеге көрсеттік. Мұның алдында ол өңір басшысының қабылдауында болып, аяулы әкесінің мерейтойын өткізу жөніндегі ойларымен бөлісті.
Тоқсан жылдық мерейтой аясында жүзеге асырылған сәтті жоба – «Көкшенің асыл перзенті. Славный сын земли Кокшетауской», «Өлке даңқын асырғандар. Они прословили наш край», «Гордость и слава земли Кокшетауской» атауларымен шығарылған үш жинақта Еркін Әуелбеков пен оның әріптестері, еңбек озаттары жайлы мақалалар, очерктер берілген. Сонымен бірге, Қаныш Сәтпаев көшесі №15 үйдің қабырғасындағы мемориалдық тақтасы жаңартылып, ауласы абаттандырылды. Көкшелік бір топ ардагерлер Ғабит Мүсірепов ауданында өткен мерекелік іс-шараға қатысып, Жанасу селосына барып, Еркін ағаның рухына құран бағыштадық.
Кемеңгер тұлға Еркін Әуелбековтің 90 жасқа толуына арналған ғылыми-практикалық конференция, грек-рим күресінен халықаралық турнир былтыр коронавирус індетіне байланысты өтпей қалған-ды. Мерекелік бұл шараларды құдай қаласа санитарлық шектеулер сейілісімен-ақ өткізуді ұйғарып отырмыз. Әрине, аталған шараларды, әсіресе, ескерткішті орнатуға көп қаржы керектігі белгілі. Сол себепті былтыр «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қоры құрылған болатын. Қордың қоржынына қаржы жинау мақсатында Ақмола-Көкшетау өңірінің жұртшылығына, кәсіпкерлерге үндеу қабылдадық. Ондағы ойымыз – ескерткішті 2021 жылдың 22 маусымына, яғни, туған күніне дейін орнату. Мақсатымызды ойдағыдай жүзеге асырсақ, бұл біздің елдігімізді, ауызбірлігімізді айғақтайтын игілікті шаруа болар еді.
Қазақ халқының мақтанышы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын, екі министрлікті іскерлікпен басқарып, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі кезінде саясаткерлер, ғалымдар, ақын-жазушылар мен әріптестері тарапынан да жоғары бағасын алған-ды. Мыңмен жалғыз арпалысып талай қиын-қыстау сәттерді бастан кешірсе де, ол асқан шыдамдылық танытып арына дақ түсірмеді.Бәлкім республика жұртшылығының шынайы сүйіспеншілігіне бөленудің сыры да осында болар.
Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің туғанына 90 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралардың дер кезінде атқарылуын жерлестеріміз асыға күтуде. Кезінде нар тұлғаның мерей тойын өткізу жөнінде биліктің назарын аударып, игілікті іске ұйытқы болғандықтан, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестері өзіне жүктелген жауапкершілікті айқын сезіне отырып, бар күш-жігерімізді аямаймыз. Еркін Әуелбековтей бір ғасырда бірақ рет туатын таңғажайып қабілет иесінің қасиетті есімін ардақ тұту-әр көкшеліктің басты парызы
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар