Сырғыған уақыт

Өтер де кетер, өзгертіп өмір ағысын.
Зулаған уақыт, кім берген оның бағасын.
Күн өткен сайын, айналып, күндер тізіліп,
Өткен шаққа жылыстап көшіп барасың.

Ойымнан шықпай жаныма сызат салады,
Өлшеулі күндер есімде солай қалады.
Күн өтіп, күнге ұласқан тағдыр жолдары,
Көңілді бөліп, өзінше сырғып ағады.

Қаншама күндер, ұйқысыз өткен түндерім,
Санаусыз сандай, санамда менің бірге едің.
Уақытқа беріп, енші ғып қилы жолдарын,
Өтер де кетер, өмірдің өлшеп кемерін.

Жаныңа батып, жаралап кейде қинайды,
Жүрекке сыймай, жүректің өзі сыздайды.
Осынау бір көндіккен төзім шыдамын,,
Сырғыған уақыт қашанға дейін сынайды?

Жарылқап тағдыр, өмірдің сәтті күндері,
Жылытып жанды өмірдің тәтті үндері.
Бұл жарық күнге риза да болып жүрерміз,
Сырғыған уақыт қадірін біліп, біз тегі…
* * *
Ұшталған қалам ақынның сырын ұғатын,
Өрісің кеңге самғасын бейне жыр-хатым.
Осы бір сәлем өлеңнен өріс өргізген,
Жолдансын көпке, тәңірім Алла қолдасын.

Ұшталып қалам жүректен үзіп жазатын,
Зердеге бекіп, жүректің кілтін табатын.
Сырыңды ашып, жаныңнан шыққан шабытпен,
Өмірден қуат, көңілден қуат алатын.

Ақ парақ досым керек сәтінде сыр ашқан.
Селдетіп келіп жаңбырлардай шөл басқан.
Жүректен өзің жыр болып тербелгеніңде,
Бір сезім баурап, кей-кейде ұйқым да қашқан.

Шабыттан солай туғанда келіп сырлы өлең,
Өзгеше бір күй кешер шалқып жан-дүниең.
Толғантып сол жыр бойыңа нәрін құйғанда,
Ақынның жанын сен де әлеумет, түсін терең!

Өркен АБЖАНОВ.
Абылайхан ауылы,
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар