Тортты бетке жағу қайдан қалған дәстүр?!.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенменен, еліктеудің де жөні бір басқа. Жақсылыққа ұмтылмақ – көрегенділік. Қазақ әуелден «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген емес пе?! Байқап жүрміз, әсіресе, жастар арасында үлкендерге түсініксіздеу бір дәстүр дейміз бе, ырым дейміз кім білсін, әйтеуір бір қалыптасқан жаңа үрдістер пайда болып келеді. Солардың бірі – туған күн иесінің бетіне торт жағу. Былайша айтқанда, былш еткізіп аудара салу. Көңілге кірбің ұялататыны таяуда әлеуметтік желілердің бірінде ақ жаулықты ананың бетіне торт жағып, құттықтап тұрған балаларды көрдік. Ең сорақысы – жанындағылардың барлығы күлкіге қарқ болып, мәре-сәре. Есті жанға күлетіндей көрініс емес. Анаға деген құрмет бұндай бола ма?!

Жалпы тәтті бәліштің үстіне шырағдан жағып құттықтау да қазақ халқында жоқ нәрсе. Бұған етіміз әбден үйренген. Әбестігі болмаса қарсылық жоқ қой, әрине. Бірақ, қазақ нанды ысырап қылмаған. Кепиеті атады дейтін аталар. Жасырары жоқ, тойғандық па, әлде азғындық па, нанның қадірін білмейтін болдық. Берекесіз тірліктің баянсыз болатыны анық. Жалпы торттың бетіне шырағдан жағып құттықтау үрдісі сонау грек елінен келген дәстүр деседі. Олар өздерінің «Ай құдайына» арнап осындай торт жасаған екен. Тәтті бәліштің толған айдай домалақ пішінді болатыны да осыдан. Ежелгі гректерде туған күн кешінде балауыз шамдарды үрлеп, іштей арманыңды айтсаң, сол тілегің балауыз түтінімен Ай құдайына жетеді деген бір аңыз бар екен. Бұл гректердің ой-пайымы, дәстүр- нанымы. Кейбір деректерде тортқа балауыз қадау 1746 жылы Германияда бастау алған деп жазылған. Бірақ, бірде-бір деректе бұл үрдіс қазақ халқының салт-дәстүрі деп жазылмаған. Деректі қойыңызшы, жазылмаған дала заңы бар емес пе?! Атадан балаға мирас болған ұлттық дәстүрді қалай ұмытайық? Қазақтар ешқашан жанған шырақты өшірмеген. Бала кезімізден отты үрлеме, сөндірме деген сөзді естіп өскеніміз рас. Ендеше, былайғы жастар қазақ халқында қастерлі саналатын ұғымдарға қайшы әрекет жасап жүргендерін ұғынса етті. Тамақты ысырап етудің үкімі ауыр. Отты үрлеп, тамақты қорлау ессіз еліктеушіліктің салдарынан болса керек.
Бұл күнде халыққа тоқтық кірді. Кепиет жайлай бастады. Кешегі Хрущев заманында ел жүгерінің нанын да азық қылған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауылда нан қымбат болып, кейбір үйлер кебек илеп, кебектің нанын жегенін қалай ұмытамыз?. Қазіргі жастарға осының барлығын айтсаң сенбейді. Себебі, тұрмысымыз түзелді. Түзелгені соншалық, қатқан нанды жемейміз, ол қоқыс салатын жәшіктің жанында, жерде, кім-көрінгеннің аяғының астында жатады. Соны көре тұра, иіліп жерден көтеріп алуға ерінетіндер бар. Иә, байқап жүрмін, үйдегі немерелерім бір-бірінің бетіне торт жағып, құттықтап жатады. Сын айтсам, «Апашка, это же прикольно!» деп шығады. Жастар үлкендерге құлақ аспайтын болды. Біздің буын, қалай дегенмен де үлкендер не айтады деген ұстанымда болдық, – деп кейіді «Күміс алқа» иегері Әлия Жұмағұлова.
Иә, апай дұрыс айтады. Еліктеудің де жөні бар ғой. Ал, сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?!.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар