Әмірлан мен Арслан оқу гранттарын жеңіп алды

Әмірлан мен Арслан оқу гранттарын жеңіп алды

Жыл сайын математика, физика және информатика пәндері бойынша ұйымдастырылатын XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасында біздің Ақмола облысының  үкілеген үміттері өз биіктерінен көріне алды.

Биылғы жыл ақмолалық оқушылар үшін табысты басталды деп айтсақ болады. Бұл халықаралық олимпиада 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен және Алматы қаласы Республикалық физика — математика мектебінің ұйымдастыруымен 17 жыл бойы үзбей өткізіліп келеді. Биыл елімізде белең алған пандемия жағдайына байланысты олимпиада онлайн түрінде өткізілді.

Олимпиадаға әлемнің 21 елінен, атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Болгария, Сербия, Румыния, Тәжікстан, Түркия, Украина, Грузия, Индонезия, Армения, Дания, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты басқа да мемлекеттерден бір мыңнан астам оқушы 146 команда құрамында қатысты. Әр құрама 3 математиктен, 2 физиктен, 2 информатиктен құралған.

Ақмола облысының құрама командасында Көкшетау қаласы «Білім – инновация» лицей — интернатының 10-11 сынып оқушылары осы білім бәйгесінде бақтарын сынады. Математика пәнінен – Арслан Даминов, Әділхан Алпысбай, Әлихан Мұқашев, физикадан — Болатқан Лұқман мен Әлихан Әбдіқұлов, информатикадан  — Әмірлан Шәріпов пен Мәди Тұрғынов Қазақстанның абыройын қорғады.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша математика пәні бойынша Арслан Даминов ІІ дәрежелі дипломмен, ал, информатика пәнінен Әмірлан Шәріпов  ІІІ  дәрежелі дипломмен марапатталды. Мыңнан жүйрік шыққан жас өрендердің есеп-қисапқа, ақпараттық жүйеге қызығушылықтары қазіргі заманға сай кез келген мамандыққа оқуға мүмкіндік береді.

Әр облыстан шыққан құраманың қатарында негізінен ер балалардың болғанынан да қазіргі жастардың ғылым-білімге көзқарастарының өзгеріп келе жатқандығын байқадық. Әсіресе қазақтың балаларының есімдерін көргенде,  шын көңілден қуандық.  Болашақта олардың әрқайсысы мықты математик, академик Асқар Жұмаділдаев секілді әлем мойындаған ғалым болсын деген тілектеміз.

11 сынып оқушылары Әмірлан Шәріпов пен Арслан Даминов бірнеше жыл қатарынан облыстық республикалық және халықаралық  олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары атанған өрендер. Бұл жолы екеуі Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Астана IT университеттерінің гранттарына ие болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *