Коронавирус індеті ушығып барады

Облысымызда коронавирус жұқпасының таралуы бойынша жағдай ушығып барады. Соңғы аптада өңірде 600-ден астам адам індет жұқтырған. Бұлайша, індеттің белең алуы адамдардың санитарлық талаптарды сақтамай, көпшілік орындарға барып, маска тақпауларының салдарынан екенін атап өтті Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте.

Пандемия басталғалы облыс аумағында лабораториялық жолмен анықталған 8558 жағдай тіркелді. Оның 97-сі қайғылы аяқталғаны белгілі. Соңғы тәулікте облыста коронавирус жұқпасы 108 науқаста лабораторлық  жолмен  белгілі болды.

–Індетке шалдығып жатқандардың 45 пайызы Көкшетау қаласының тұрғындары. Одан кейін Степногорск қаласы мен Бурабай, Сандықтау, Зеренді аудандары тұр. Індет анықталып жатқан бұл адамдардың 45 пайызы өздігінен дәрігерге келіп, денсаулығына шағымданғандар, ал, 35 пайызы контактіде болғандар, қалған 20 пайызға жуығы профилактикалық скринингтер кезінде анықталғандар. Індетке шалдығып жатқандардың 60 пайызы ересектер қауымы, 26 пайызы 60-тан асқан егде адамдар, 11 пайызы 14-ке дейінгі балалар болса, бұл тізімде 2 пайызды жасөспірімдер жағы құрап отыр, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Енді ағымдағы жылдың басынан бергі уақыт аралығында тіркелген жағдайларға тоқталсақ, жиырма күн ішінде 1311 науқастан коронавирус жұқпасы лабораториялық жолмен анықталып отыр. Осылардың ішінде 606 адам облыс стационарларында ем қабылдауда, 392 науқас амбулаторлық түрде дәрігерлер бақылауына алынған. Өткен аптада 419 оқиға тіркелсе, осы аптада 600 оқиғаға дейін жеткен. Өсім көрсеткіші 1,4-ті құрап отыр. Бұл – жағдайдың ушығып бара жатқандығының айқын көрінісі.

Мектеп оқушыларының індетті жұқтыру оқиғаларына да мониторингтік тексерістер жүргізілуде. Пандемия басталғалы 299 жағдай тіркелген. Соның 281-і оқу жылы басталғаннан осы күнге дейінгі аралықта анықталған. Олардың 63 пайызы қашықтықтан білім алушылар. Ал,  ағымдағы тоқсан басталғалы 32 оқушы осы жаман ауруға ұшыраған.  Олардың көпшілігі контактіде болған балалар екен.

–Бүгін біз өңірлік жедел штабтың отырысында білім беру мекемелеріндегі карантин талаптарын күшейту мәселесін қарастырғалы отырмыз. Бұл жөнінде тиісті ұсыныстарымызды бұған дейін  комитетке жолдаған едік. Енді мүдделі ведомство басшыларымен және әкімдікпен бірлескен түрде ұсынысымызды жан-жақты талқылаймыз. Бір жақты шешім қабылдауға болмайды, барлығы келісімді болуы керек. Біз өз тарапымыздан үшінші тоқсанды бірінші тоқсанда оқытылған форматқа ауыстыруға ұсыныс жасадық. Яғни, бастауыш сыныптардың кезекші топтары мен контингенті 180 оқушыға дейінгі шағын мектептердің ғана жұмыс істеуі ұсынылды. Балаларды індеттен барынша қорғауға ұмтылғанымыз дұрыс, – деді  бас санитарлық дәрігер брифинг барысында.

Осы жолы 1 ақпаннан бастап вакцинация басталатындығы да айтылды. Медицина саласының барлық қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірінші кезекте екпемен қамтылады. Бұған шамаман 100 мың вакцина бөлінеді деп қарастырылып отыр. Екінші кезең наурызда басталып, 150 мың адам екпе алады. Онда жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының педагогтары қамтылуы тиіс, ал, сәуірден бастап екпе оқушылар мен студенттер, созылмалы аурулары бар адамдарға егіле бастайды. Бұл жалпы, 600 мыңнан астам адам екпе алады деп жоспарланып отыр. Осылайша тұтастай елімізде шамамен 6 миллион адам кезең-кезеңмен вакциналанатын  болады.

–Вакцинация тегін жүргізіледі. Ресейдің «Спутник -V» вакцинасы Қарағандыдағы фармацевтикалық кәсіпорында өндіріліп жатыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта вакцинаның қазақстандық түрі де дайын болуға жақын қалды. Соңғы сатыларынан өтіп, ресми тіркелгеннен кейін оны да пайдаланамыз, – дей келе, Айнагүл Мусина қазіргі уақытта неге індеттің таралуы белең алып кеткендігін түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда адамдар пандемия басталғандағы алғашқы кездегідей қатаң сақтық шараларын сақтауды қойған. Маскаларын дұрыс тақпайды. Бұрынғыдай антисептиктерін алып жүріп, жиі қолданбайды. Оның үстіне қазіргі эпидемиологиялық кезеңде вирустық жұқпалар күш алатын кезде сақтық шараларын жеткілікті сақтамауда. Көптеген сауда орындары санитарлық талаптарды ескермеуде.

Облыста осы күні жұмыс істеп жатқан 152 мониторингтік топ пандемия басталғаннан бері 14 мың нысанды тексеріп, карантин талаптарын сақтамағандарға 1514 айыппұл салынған, сөйтіп, қазынаға 122 миллион теңге қаржы түскен.

Брифинг соңында бас санитарлық дәрігер журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере келе, блок бекеттер мен санитарлық бекеттердің қойылмайтындығын түсіндірді. Бұл ретте,  ауырып жатқандар індетті сырттан жұқтырып әкеліп жатпағандығын, облыс ішінде жүріп, індетке ұшырағандармен контактіде болып, көпшілік орындарға барып, санитарлық талаптарды сақтамаудың нәтижесінде жұқтырғандығын айтты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар