Атбасардың құрметті азаматы атанды

Адам баласы өмірінің басым бөлігін еңбек етумен өткізетіні анық. Міне, сол себепті де, оның жұмыс істейтін ортасы жанына жақын болғаны қандай жақсы. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған ел ағасы Сабыржан Мұсабеков өмірінде осындай үйлесімділікті таба білген жан.

Ол кісі бар саналы ғұмырын туған жерінің гүлденуі, көркеюі жолында еселі еңбек етумен өткізді десек, қателеспеген болар едік. Өткен жылы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Сабыржан Нүркенұлына «Атбасар ауданының Құрметті азаматы» атағының берілуі осы сөзіміздің анық дәлелі бола алады.
Сабыржан Мұсабеков 1952 жылдың 13 қаңтарында Атбасар қаласында дүниеге келген. 1969 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, мемлекеттік банк бөлімшесіне инкассатор болып жұмысқа қабылданады. Әріптестерінің алдында тыңғылықты еңбегімен көзге түсіп, 1972 жылы осы бөлімшенің инкассация бастығы қызметіне жоғарылатылады. Арада бір жыл өткеннен кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін Қарулы Күштер қатарына шақырылады.
Әскерден оралғаннан кейін Атбасар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына сырттай оқуға түсіп, оны 1980 жылы бітіреді. Техникумда оқи жүріп, қаладағы коммуналдық кәсіпорындар комбинатының қазандық шаруашылығын басқарады. Одан кейін осы комбинат басшысы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. 1984 жылы Атбасар коммуналдық кәсіпорындар комбинатының бас инженері болып тағайындалады. 1987-1988 жылдары осы комбинатты басқарып, одан кейін Атбасардағы Азаматтық қорғаныс жөніндегі ауданаралық курстардың директоры қызметіне ауысады.
1992 жылы кезектен тыс пленумда Атбасар аудандық ДОССАФ комитетінің төрағасы болып сайланды. 1990 жылдан 2016 жылға дейін осы комбинаттың заңды мұрагері – «Отан» республикалық бірлестігінің Атбасар аудандық өкілдігін басқарды. Осы уақыт ішінде оның жетекшілігімен көптеген жұмыстар атқарылып, Атбасар ауданының «Отан» қоғамдық бірлестігі облыста жақсы нәтижелерімен көзге түсті. «Отан» қоғамдық бірлестігіндегі әріптестері Сабыржан Мұсабековты өте тәжірибелі және білікті маман ретінде біледі. Оның еңбегі «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірқатар марапаттарымен атап өтілген. Оның кеудесінде ұйым атынан берілген марапаттар шоқ жұлдыздай жарқырап тұр. Мұның бәрі ел ағасына көрсетілген үлкен құрмет екені сөзсіз. Ауған соғысы ардагерлері кеңесі жемісті еңбегі үшін Сабыржан Нүркенұлын 2009 жылы Қазақстан Республикасының Ауған соғысы ардагерлері одағының атынан «Ерекше еңбегі үшін» медалімен маратталды. Бұдан бөлек, ел ағасының Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің атынан алған мерейтойлық медальдары тағы бар.
Бір жылдары ол аудандағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қолданылу аясын кеңейтуге қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры» медалімен марапатталған. Кейіпкеріміз қандай лауазымды қызметтерді атқарса да, адамгершілік туын жоғары ұстауға тырысты. Оның есімі облыс көлемінде қоғам белсендісі ретінде танымал. Еселі еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының, Білім және ғылым министрлігінің, Атбасар ауданы әкімінің, басқа да көптеген ведомство басшыларының грамоталарымен, сондай-ақ, армия генералы С.Нұрмағамбетов медалімен марапатталған.
Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі кеңесінің мүшесі.
Қызметте, қоғамдық істерде де белсенділігімен көзге түскен Сабыржан Нүркенұлы отбасында асыл жар, ардақты әке. Тәрбиелеп өсірген жеті баласынан 13 немере, 7 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Жерлестерінің құрметіне бөленген ел ағасының өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болсын дейміз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар