Алғыс айтамыз!

Зымыран уақыт көшіне ілесіп, 2020 жыл да тарих қойнауына аттанды. Бұл жыл бүкіл әлем үшін аса бір ауыр жыл болды.

Жан алқымнан алған індет талай отбасын зар илетіп, орны толмас қайғы-мұңға батырып, жақын-жуығынан айырды. Індет біздің жанұямызды да айналып өтпеді. Отағасынан ойда жоқта айырылып, қайғыдан қан жұтып, аңырап қалдық. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, сызығының жеткен жері, Алланың жазғаны небәрі 56 жыл ғұмыр. «Көргенінен көрері көп» жасында ағайын, туыс, бауыр, әріптеске сыйлы да абыройлы азамат ретінде танылған қос ұлымның әкесі, бір немеремнің атасы болған, жан жарым Жоламан Серікұлының дүниеден озғанына да алты ай болды.
Тағдырдың ісіне шара бар ма?! Күндер, айлар жылжып, өмір өтіп жатыр. Осындай қиын сәтте біздің отбасымыздың жанынан табылып, рухани және материалдық тұрғыдан көмек көрсеткен «Алтынтау-Көкшетау» АҚ ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Ұзақ жылдар аталмыш кәсіпорында абыройлы қызмет атқарған жұбайымды «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттаған ұжымның оның көп жылғы адал еңбегінің еселі үлесін ескерусіз қалдырмағандары көңілге жұбаныш.
Ғұмыры қысқа болса да, пейілі кең, жаны жомарт, адал, ағайын-туысқа жанашыр, бауырмал, қамқоршы болған отағасының орны ойсырап тұрғанымен, әріптестерінің көрсеткен құрмет, ілтипатына дән риза болдық. Оның қызметте де мансапсыз-ақ нағыз азаматқа лайықты, таптырмас қызметкер ретінде бағалаған, қайғымызға ортақтасқан ұжым басшылары мен барлық әріптестеріне ризашылығымызды білдіріп, отбасымыз және Дүйсековтар әулеті атынан алғысымызды айтамыз.
Алғыс білдірушілер,
Дүйсековтер әулеті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар