Көк Туды асқақтатты

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің туым–менің Отаным!» атты патриоттық челлендж Қызылқайнар мен Красиловка елді мекендерінде де болып өтті.

Өткен сенбі күні Қызылқайнар ауылының тумалары көк байрақтарын желбіретіп, Әз батыр мен Бөгенбай би кесенесі маңына жиналды. Бұл кесене Көмекей ұрпағы үшін қасиетті орын болып табылады. Өйткені, Көмекей Әз батыр елін басқыншылардан қорғауда ерліктің үлгі-өнегесін көрсеткен жан. Ал, Көмекей Бөгенбай би ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық еткен жау жүрек Кенесары ханның бас уәзірі болды. Онымен бірге, бұл көтеріліске Көмекей Арлан мен Шамай батырлар еріп барып, қол бастады. Сондай-ақ, осы күнге дейін Кенесары ханның інісі деп есептелген Наурызбай батыр да кейін Көмекейдің ұрпағы Байқадамның ұлы екені белгілі болды. Ол жөнінде Зеренді, Атбасар мен Сандықтау аудандарының ақсақалдары жиналған жерде аңыз қылып айтады.
Шараға Қазақстан Әубәкіров, ағайынды Қайратбек, Жеңіс пен Мұрат Хамзиндер, ағайынды Әскербек пен Болатбек Жанабергеновтер, Серік Әубәкіров, Талғат Ырысбеков, Марат Мұқанов, Мұрат Сыздықов, Рүстем Жанәділов сияқты ауыл азаматтары белсене қатысты. Алдымен, Сабырбек қажы Хамзаұлы Әз батыр мен Бөгенбай би рухына құран бағыштап, патриоттық шараның өз деңгейінде өтуіне ақ батасын берді. Көк байрақты желбіреткен салт атты және автокөлік мінген азаматтар Қызылқайнар ауылына бет түзеді. Осынау игі істің беделін асқақтатқан шерудің жалғасы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қызылқайнарлық боздақтар ескерткішінің маңында болып өтті. Марқұмдар аруағына Бөгенбай би атындағы мешіттің имамы Ырысбек Елеусізов құран бағыштаса, Бөгенбай бидің ұрпағы Сансызбай Шөппайұлы ерлік пен патриоттық рух жөнінде айтып берді.
–Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызылқайнар ауылының алпыстан астам азаматы қолына қару алып, ұрыс даласында фашистермен шайқасты. Аға сержант Ақан Тәйкенов, сержант Ислам Хамзин, кіші сержант Балташ Тілеуов, кіші сержант Қалымтай Шалабаев, ефрейтор Қалымтай Нұрмағамбетов сияқты ауылдың 29 сарбазы шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, ерлікпен қаза тапты. Осы боздақтарға арналған ескерткішті фин соғысына қатысып, кейін саналы ғұмырын ішкі істер саласындағы басшылық қызметке арнаған ауыл тумасы Жанғожа Әйтенов ұйымдастырғанын екінің бірі біле бермейді,–деді ауыл ағасы. Патриоттық шара барысында ауыл тумалары биылғы жазда кездесіп, бұл ескерткішке күрделі жөндеу жасайтындарын айтты. Колхоздастыру жылдары Көмекей ауылы 17 Партсъезд, Қызылқайнар елді мекендері болып екіге бөлінді. Кейін үлкен ауыл Әз, Бөгенбай би ауылына көшті. Ал, Қызылқайнар ауылының тұрғындары Айдабол, Викторовка мен Красиловка селоларына қоныс аударған болатын. Осы орайда, патриоттық шараның жалғасы Красиловка селосында жалғасын тапты. Намазхан Нығметолла Нәріпұлы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға құран бағыштап, шерушілерге ақ батасын берді. Салт атты және автокөлік мінген азаматтар көк байрақтарды желбіретіп, село көшелерінен өтті. Осынау патриоттық челлендж Зеренді ауданының барлық елді мекендерінде өткенін атап өту қажет.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар