Көргені жақсы көш бастар

Адам қалай ойласа, солай өмір сүреді. Кісіні абырой мен даңқтың биігіне асқақтатып шығаратын өзінің ойы, ықылас-ниеті. Яғни, басшы болу үшін адамның бойында көптеген қасиеттер болу керек. Ол меніңше, ең бірінші білімділік, адамгершілік, содан кейін ішкі мәдениет, жұртпен тіл табысып тыңдай білу, тез шешім қабылдай алатын алғырлық, сонымен қатар, қарапайымдылық.

Әке балаға әркез сыншы екені әлмисақтан белгілі. Өз заманында Құнанбай хакім Абайға «сен тым қарабайырсың, өзіңді өз дәрежеңде ұстай біл» деп ескерту жасаған екен. Бұл әсіре қарапайым болам деп өзіңді төменшіктетіп алма дегені болса керек. Солай демекші, басшы адам өзін қай жерде жүрсе де өз дәрежесінде ұстай білгені абзал.
Мен басшы дегенде мектеп басшылары, яғни, директорлар корпусы туралы сөз қозғағым келеді. Біздің ауданымыздың мектептерінде кезінде Қайролла Хамзин, Көпжасар Өтелбаев, Серік Рахымжанов, марқұм Амантай Балиев сынды азаматтар директорлық қызмет атқарғанда түр тұлғалары, киім киісі, жүріс-тұрыстары, парасатты сөз саптауларынан зиялылық есіп тұратын. Қазақтың азаматтары қандай дегенде міне, мынандай деп ұялмай-ақ көрсетуге тұратын жігіттер-тұғын. Олардың бастары қосылып бірге жүргенінде, қарап тұрып көңілің толатын. Өйткені, директор ұстаздардың ұстазы, ол өзін сол атқа лайық ұстай білуі керек. Осындай парасатты азаматтармен қатар, иық тірестіре мектепте ширек ғасыр басшылық етіп, қазіргі күні өзі де директорлар корпусының төрайымы қызметін атқарып, тәлімгер болып жүрген жандардың бірі – Бикеш Сағиқызы дер едім. Ол туралы сәл кейінірек.
Өкінішке орай, «бес саусақ бірдей емес» деген сияқты лауазымды қызметті жеке бас пайдасына пайдаланатындар да кездеседі. «Жаман бастықтың асып-тасуы қарамағындағылардың соры» дегендей, басқару қабілеті нашар, білім-білігі мен ой-өресі төмен, тек айғай-шумен жүретін басшының қол астында ұзақ уақыт жұмыс істейтіндердің көпшілігі жүрек-қан тамыры ауруына жиі шалдығатынын статистика дәлелдеген. Қанын теспей соратын кене сияқты ай сайын мұғалімдерден ақша жинауды әдетке айналдырған басшысымақтарды да көрдік. Ондайлар көп жылдан бері тамыр-таныстықпен орнынан айрылмау үшін жоғары жаққа жалбақтап, жағымпаздықты ар емес, дәреже көріп, мұғалімдердің есебінен келген кісілерді күтуді әдетке айналдырады.
Жазушы Қали Сәрсенбай осындай басшылар туралы «кісіні бұзатын да, халыққа қасірет әкелетін де оңай жолмен табысқа кенелген түбі кедейлер, олардың алақанына бидай салсаң есі шығып, төгіп алатын кешегі тақыр кедейдің тұқымынан кісілік күту қиын. Түбі тексіздің, уызында жарымағанның ешқашан уысы толмайды. Санасы кедей, негізі кедей адамдар тойымсыз келеді» деген. Өздерін бастықпын деп есептеп, өзіне жағынғандарды жақсы көретін басшы жағымпаздардан сол себептен білімсіз, тойымсыз басшылардан арылмай, дұрыс білім де, тәрбие де берілмейді. Сондықтан, мектеп басшылығының тізгінін қолына ұстайтын басшыға лайықты адамды ұжым өзі сайлағаны дұрыс болар еді. Мысалы, Жапонияда басшыға ұсынылған кандидатты жарты жыл арнайы курстан өткізіп, онда қолданылатын заңдар, білім-біліктілікпен қатар, өзін-өзі ұстау мәдениеті, сөз сөйлеу мәнері, тіл байлығы сияқты әдептілік қағидаттарын үйрететін көрінеді. Басшылыққа директор, әкім болсын белгілі бір мерзімге, мысалы, 5 жылға сайлау ұсынылғанымен, әлі күнге заң жүзінде іске асырылған жоқ. Негізінен, бұл ойлануға тұратын жоба. Жалпы алғанда басшы адам адал, принципшіл, өзінің көзқарасы, яғни, «мені» болса, ондай адамдар ешкімнің алдында жалпақтап жағымпазданбайды, өйткені, ары таза адамның беті ашық. Осындай жандардың қатарынан мен Бұланды орта мектебінің директоры Бикеш Сағиқызын көремін. Осы мектепте ұстаздық еткен жылдарда Бикеш Сағиқызының бойынан адамгершілік, білімділік, ішкі, сыртқы мәдениеттілік, екі тілді бірдей жетік меңгеруі, заңды игеруі, адамның жан дүниесіне үңіле білуі және керек кезінде ер адамға тән өжеттілік таныта білетін қасиеттерді байқадым. Ол басшылық еткен жылдары мектеп көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бұл ауызбен айтуға ғана оңай, оның артында қаншама еңбек, төгілген тер, сыр берген жүйке қалды. Бұл жерде мақсат оның бәрін тізу емес.
«Жақсы бастық – жарты бақытың» дегендей, Бикеш Сағиқызының принципшілдігі, туған ауылына деген құрметі апатты жағдайда тұрған мектептің жабылуы қарсаңындағы іс-әрекетінен көрінді. 2019-2020 оқу жылы басталуға екі аптадай ғана уақыт қалғанда сол кездегі аудан әкімі Ермек Бекенұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Руслан Қазбекұлы шұғыл жиналыс өткізіп, апатты жағдайда тұрған мектептің жабылып, тарататылатыны туралы хабарлады. Бұдан бейхабар мектеп ұжымы жаңа оқу жылына әзір болатын. Бұл жағдай мектеп ұжымына да, ата аналарға да төбелерінен жай түскендей әсер етті. Мектептің апатты жағдайда тұрғанынан бұрыннан хабардар аудан басшылығы мамырда оқу жылы аяқталғанда неге ескертпеді, онда оқушылар да, мұғалімдер де орын табар еді ғой деген мәселе көтерілді. Мектепке жабылу қаупі төнді. Осы кезден бастап жалғыз Бұланды ғана емес, Қарағай ауылынан келіп оқитын оқушылардың да тағдыры қатты алаңдатқан Бикеш Сағиқызының жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Мектеп жабылса ауылдың тарай бастайтынын түйсінген ол Бұланды орман шаруашылығының кеңсесін сұрап, «баспаған тауы, бармаған жері» қалмады. Кеңсені алу да оңайға түспеді, аудан басшылығы оқушыларды Макин орта мектебіне апарып оқытуды ұсынғанымен, ауыл мен мектептің болашағын ойлаған Бикеш Сағиқызы Бурабайда орналасқан МҰТП басшылығы, одан қалды, аудан әкімдігі мен білім бөлімінің арасында «суығына тоңып, ыстығына күйіп» дегендей, күн-түн демей ат сабылтып жүріп, жаңа мектеп салынғанша оқушылар мен ұстаздар қауымын таратпай, кеңседе оқытуға көздерін жеткізе білді және осы табандылығының арқасында екі ауылдың балалары өз үйлерінде тұрып оқитын болды. Осындай екі ұдай кезеңде Бикеш Сағиқызы ер-азаматтың жүгін арқалай жүріп, жаңа мектеп салынғанша тығырықтан шығатын жол таба білді. Орман шаруашылығы кеңсесі мектеп сияқты талапқа сай болмаса да ұстаздар ұжымы оқушыларға лайықты білім берумен қатар, жоспарға сәйкес барлық іс-шараларды атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Осының барлығы ұжымды ұйыстыра білген басшы мен оны қолдап, жұдырықтай жұмылып, қиындықты қайыспай көтерісе білген ұжымның еңбегінің арқасы. Егерде Бикеш Сағиқызы өзінің қарақан басының ғана қамын күйттесе, кезінде лауазымды қызметке ұсынғанда жайлы да жұмсақ орынға жоғарылап кетуге болар еді, алайда, туған ауылы мен мектебін, оқушылары мен ұжымын қиып кетуге оның ары жібермеді.
Бұдан туатын қорытынды, елімізде өз қарақан басын емес, ел қамын, болашақ ұрпақ мүддесін ойлайтын басшылар көп болса екен.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар