Көктерегін көркейткен кәсіпкер

Көкшетаулық кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов кіндік қаны тамған Көктерек ауылын көркейтуге көп еңбегін сіңіруде. Туған жерге деген ыстық ықыласы тәмам жұртқа әбден өнеге боларлық.

Елін аңсап, сағыныштың уытынан сарғайып жүрген шақ еді дейді өзі. Таң алдында талмаусырап жатып түс көріпті. Әулиетастың үстінде шымқай ақ жамылған әлдекім қабағын түйіп қарайтындай ма, қалай? Бір сәт жүзін әрі бұрды дейді. Оянып кетсе, түсі екен. Ендігі арада ұйқы қашқан. Көлігіне мініп ауылды бетке алса керек. Ауылы Зеренді ауданындағы шоқ жұлдыздай ғана Көктерек. Атының өзі айтып тұрғандай, қолдың саласындай ақ қайың мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, ұшар басы бұлт бауырын сызғандай биік-биік теректер бір-бірімен жарыса өскен жер жәннаты. Үлкен жолмен Көктерекке таяп келіп, ат басын аттанар жағыңа бұрсаңыз, дәл бүйірден Әулиетас қылаң береді. Пәлендей қашық емес, шылбыр жетер жерде.
Күн арқан бойы көтерілген уақытта алып-ұшып ежелден ел қасиетті санайтын Әулиетасына жеткен. Міне, бал күлкілі балалық шағы өткен топырақ. Ертеректе ел қасиетіне құлай сенген, қысылған жан медет сұраған Әулиетас. Тек соңғы кезде маңайы аздап тозыңқыраса керек. Өкпек жолаушылар Әулиетасқа көзі түссе, басына келуге ынтық. Семіз жылқының қартасындай бұйра-бұйра болып жатқан көркіне көз салады. Ел ішіндегі ескі, есті әңгіме айтылады. Тек әттеген-айы, ішілген астың қалдығы, босаған бөтелке, шала тартылған темекі бей-берекет шашылып жатыр. Осы арада туған жердің оттай ыстық топырағына табанын тигізіп, мауқын басып, мейірін қандыруға келген Жұмағұл таң алдында көрген түсінің тегін емес екендігін сезінген. Жарықтық әулиелер өкпелеп жатыр ма қалай?! Тас болса да тілі бар тәрізді, мұңын шағатындай, арызын айтатындай.
Іле кейін оралған. Өзі басқаратын кәсіпорынның бар жұмысшысын, күллі техникасын жеткізген. Бір-екі күннің ішінде маңайын тап-тұйнақтай етіп жинап, ұзындығы әлденеше жүз метр темір қоршау жасатып, әдемілеп қақпақ соқтырып, мәрмәр тасқа Әулиетастың қасиетін жалғыз ауыз өлеңге сыйғызып жаздырған. Бұдан былай ат басын бұрған адам қасиетті жерді ардақтай білуге шақыратын, құйылып түскен өлең көкірегінде сәулесі бар жанға ел мен жердің қадір-қасиетін ұқтыратындай.
Ертеректе осы маңда бұлақ ағып жататын. Мал аяғы басқан соң көзі де бітеліп қалыпты. Түртінектеп іздеп жүріп бұлақ көзін тауып, қаздырған. Жарықтық жарық дүниеге шыға алмай булығып жатыр екен, тап-таза, мөп-мөлдір су бұрқырай ағып, еңіске қарай жүгірсін. Дәл осы сәтте Жұмағұлдың да жүрегі бір дір етіп, көз алды кіреукеленіп кетті. Жалма-жан су арнасын тегістеп, кеңейтіп, төңірегін абаттандырып қойды. Бұл ауылда бұлақ көп. Тасбұлақ, Қойбұлақ деген тәрізді. Ал, ескіден есін жиған жаңа бұлақты ел «Жұмағұл бұлағы» атап кетті.
Өткен жылы кәсіпкер туған ауылының тоқсан жылдығына байланысты абаттандыру жұмысына айрықша көңіл бөлді. Ауылдың көшелері мың шұңқыр болып жататын. Тегістеді. Ойылған жеріне тас төседі. Ауыл іргесіндегі бұрынғы мал базынан қалған ырсиған қабырғалар көрген адамның иманын қасым қылатын. Оларды да діңгегімен қосып жұлып алып, тазалап шықты. Әулиетастың басына үй тұрғызды. Көктеректің бір кезде көп-көрім даңқын шығарған бақша болушы еді. Бұл бақшаны 1949 жылы жергілікті мектептің директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері Бексұлтан Сүлейменов бастаған қауым еккен болатын. Кейін уақыт өте келе аз-маз күтімнен қағыс қалып тозыңқыраған жайы бар еді. Жұмағұл бастаған жігіттер қураған ағаштарды алып тастап, орнына жаңасын отырғызды. Бақшаны баптаған мектеп директоры тұрған үй қайтадан жаңғыртылып, әдеміленіп қоршалып, іргесіне ескерткіш тақта орнатылды. Бексұлтан ағаның бекем тірлігі, ұстаздығы ғана емес, ауылдастарына көрсеткен үлгісі, табиғатқа жанашырлығы тағылым болсын деген ниетпен.
Облыс орталығынан келіп, оңды істерді қолына алып жатқан кәсіпкердің бастамасы ауылдастарына да үлгі болды. Тіпті кешегі карантин кезінде де барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, туған ауылдың ажарын келтіру үшін қолдарынан келген бірсыпыра істі тындырды. 120-ға жуық алма, шие ағаштары отырғызылды. Жаман тұмау зардабы жойылған соң жаңадан салынған, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өткізілмек.
Туған жерім дегенде перзенттік пейілмен емірене еңбек етіп, елге үлгі болған Жұмағұл Жолдықовқа ауылдастары дән разы. Өздері де қолғабыстарын тигізіп жатыр. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Сәлімжан Шоматов өз отбасы атынан ауыл жастарына сыйлық ретінде гүлзарлар орнатпақ. Би алаңы мен орындықтар көз жауын алатындай көрікті етіп істелді.
Майдангер Бексұлтан Сүлейменовтың ұрпағы да қарап қалған жоқ, бұл күнде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кәсіпкер Жақсылық Сүлейменов те ауыл перзенттерінің арқасында ажары кіріп қалған туған елінің еңсесін көтеруге айтарлықтай үлес қосуда.
Ел еңсесін тіктеуге дәл осындай ұйытқы болатын, жақсы істерге жұмылдыратын бір бастама керек екен. Бастаушысы болса, қостаушысы табылатындығына көз жетіп тұр.
Б.ҚАЙЫРЛИНОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар