Алтын алқалы ана

Оның нұр төгілген жылы жүзі мен ақ күмістей жарқылдаған мінезі бізді бірден баурап алды. Балалары əлдеқашан есейіп кетсе де, оларға деген аналық мейірімі бұлақтай төгіліп тұр. Есіл ауданында тұратын «Алтын алқа» алқасының иегері Алма Хасенова міне, осындай жан.

Өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамастан, сегіз баласын əлпештеп өсірген батыр ана қандай мақтау-мадақтауға болсын лайық.  «Əлемдегі барлық аналар осындай» дегіміз келсе де, тастанды балалардың жайын ойласақ, мұны айтуға қатты қиналамыз. Шыны керек, кейбір безбүйрек ата-аналар бір баланың өзін бағып-қағуды қиынсынып, жетімдер үйіне өз қолдарымен апарып тапсырып жатқанда, керісінше, көп балалы ана екеніне қуанып, бар бақытым ұл-қыздарым деп білетін Алмадай қайсар жандардың барына көңіліміз тасып қалды.
–Үлкен отбасында отанасы болып отырғаныма жаратқанға шүкіршілік айтам. Жолдасым мен балаларымнан басқа кімге керекпін? Қуанған кезімде менімен бірге шаттанатын, жабырқаған сәтімде жанымнан табылатын жақындарым – ұл-қыздарым. Бар байлығым солар, – деді бізбен әңгімесінде ана болудың қандай бақыт екенін сөзбен жеткізуге тырысқан кейіпкеріміз Алма Зәлелқызы. Иә, ана болу шынымен де, үлкен бақыт. «Балалы үй – базар», «Бала – өмірдің гүлі» деген нақылдардың да жүректері махаббатқа толы осындай аналардың аузынан шығып, ғасырлар бойы мағынасын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа таралғанына еш күмәніміз жоқ.
Кейіпкеріміз 1979 жылы тұла бойы тұңғышы Гүлнәрін дүниеге әкеліп, ана атанса, кейіннен бұл отбасы Гүлнәз, Әсем, Гаухар, Сая, Арай, Үміт есімді қыздармен толығып, қырықтан асқан шақтарында отағасы екеуі Абай есімді ұлдарын да құшақтарына қысты. Сегіз баланы аяқтарынан тік тұрғызу, жетілдіру оңай болмағаны белгілі. Алайда, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, береке-бірлік және өмірге деген құштарлық бәрін жеңіп шыққанын отбасы мүшелерімен болған әңгімемізден ұғындық.
Дана халқымыз «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету» деген сөзді текке айтпаған ғой. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсірген қыздары қазір бір-бір шаңырақтың кілтін ұстап, енді біреуі қызмет жолымен жүрсе, жалғыз ұлдары Абай жоғары оқу орнының екінші курсында оқып жүр. Бұл отбасында барлық балалардың жоғары білімді болуы бізді ерекше әсерде қалдырды. Ойлап қарасақ, Алма апайдың балалары мектеп бітірген уақыт тоқсаныншы жылдардың тұсы. Еліміз тәуелсіздігін енді ғана алып, аяғына жаңа тұра бастаған сол шақта талай қиын-қыстау кезеңдердің болғаны жасырын емес. Сол кездің өзінде балаларының болашағын ойлап, қазір Гүлнәрім ұстаз, Гүлнәзім заңгер, басқа құлындарым да өмірден өз орнын тапты деп марқайса, ол да әбден жөн.
Тек осы жолы алтын алқалы Алма Зәлелқызының әлі күнге дейін өзімдікі деген баспанасының жоқтығына жүрегіміз сыздады. Қарапайымдылығы сонша, көп балалы ана ретінде пәтер мәселесін қозғап ешкімге бармаған екен. Сабыр сақтап, өз кезегін күтуде. Заң тұрғысынан алып қарасақ, пәтері жоқтарға баспана кезекпен берілуі керек. Алайда, еліміздің демографиялық өсуіне елеулі үлес қосып, балаларын жақсы азамат етіп тәрбиелей білген мұндай ардақты аналарға белгілі бір жеңілдіктер болса дейсің.
Ақырын жүріп, анық басатын сабырлы мінезді, ақ көңілді Алма апай зейнеткерлікке шықса да, әлі күнге дейін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүр. Саналы өмірінде түрлі қызметтер атқарған ол қазіргі уақытта аудандық білім бөлімінде есепші болып жұмыс істейді. Осы орайда, аяулы анаға еңбегіңіз жемісті болып, балаларыңыздың ортасында қызық-қуанышқа бөленіп жүре беріңіз дегіміз келеді.  

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар