ӘСЕКЕЛЕСТІК ПЕ, АҚТАЛАСТЫҚ ПА?..

Иә, деймін-ау,  шындығы сол, ешкімге атақ-даңқ көктен жауып, өздігінен келмейді. Ол әркімнің қабілет-қарымына байланысты. Яғни, әр адамның ел алдындағы сіңірген ұзақ жылғы еңбегіне берілетін әділ баға.

Швейцарияда адамдарды бір-бірінен артық санамау үшін орден, медальдармен марапаттау болмайды екен.
(Газет хабарынан).

 Нақтырақ айтқанда, тапсырылған  міндетін қалайша орындап жүргендігіне, тындырған жұмысына немесе атқарған қызметіне байланысты сол адам түрлі марапаттауларға ие болып, атаққа легіп (бұл күнде не көп, түрлі атақ көп – автор.) кеудесіне айрықша белгілер мен орден, медальдарды тағып жатады.
Осы арада кешегі кеңес заманындағы СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің ел басқарған тұсындағы кезең қайтадан еске түседі. Еске түскені сол, ол бір кеңшілік дәуір еді ғой, шіркін. Кәдімгі бір қорап сіріңкең сол уақытта бір тиын тұрса, ал, жыл қорытындыланар шақта жер-жердегі малшы, механизатор қауым, әйтеуір, басшылардың аузына ілінгендері еңбегімен өзгелерден ерек шығып, жүз сиырдан жүз бұзау өсіріп, әр гектардан бәленбай центнерден астық бастырғаны үшін сол кездегі ең жоғары награда – Ленин орденіне дейін омырауларына тағып, Социалистік Еңбек Ері атанып жатқандарына сырттай мақтансақ та, іштей кейде ойланып қалатынбыз. Сөйтсек, осының біразы қолдан жасалған көрініс екендігін кештеу болса да ұғындық қой.
Өкінішке орай, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді десек, тағы да өтірік дей алмаспыз деймін. Құдайға шүкір, көрші қоныстанған өзге ағайындардан кейін қалмай, егемендікке қол жеткізгенімізбен, тәуелсіздіктің он жылдығында да, кешелер тойланып өткен жиырма жылдығында да көптің көзінше түрлі марапаттаулар мен ұлықтауларға кімдер ие болды, кімдер құрметтелді!? Баяғы таныс есімдер, баяғы таныс адамдар. Әншейінде артықтау кетсек кешірім өтінемін, олардың өздері де осыған ренжи қоймас деймін, бірақ, бір ұжымда еңбек етіп, бір шаңырақта өмір сүріп, дәл соларша күнді-түнге жалғастырып еңбек етіп жүрген қарапайым жандар, неге әлденендей себептермен шеттетілуге жатқызылады?!
Түсінбейтіндігім сол, қазір небір атаулы күндер, мерекелерде болсын, сондай басқосулар мен жиындарға бірінші басшылар мен түрлі аталымдарға іліккендердің ғана баруы модаға айналып барады. Тіпті, солардың кейбіреулерінің «менің мынадай сіңірген еңбегім бар», «алда мерейтойым болушы еді» деп, өздерін өздері атаққа ұсынып, өздерін өздері марапаттауды өтініп, жоғары жақтағы басшыларға барып, сөз салып жүргендігін  көзбен көрмесек те, өз құлағымызбен еститінімізді несіне жасырмақпыз.
Аруақтары кешірсін, бүгінде елге белгілі, марқұм болған кейбір азаматтардың да жоқтаушылары табылып, ана есік, мына есікті бір қағып, солар тұрған үйлердің қабырғасына ескерткіш, мемориалдық тақта орнатуды бәсекеге айналдырып жүргендіктеріне не дейміз?!. Ал, көшелерге де аттарын беруді өтініп, шауып жүргендер қаншама.
Тағы бір мәселе  «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы хақында болмақ. Қазір бұл атақты иеленген адам саны нақты қанша екендігін дәл басып айта алмасақ та, оны  алуға «құмарлар» тағы көп екендігінде дау жоқ. Мейлі, халқына, еліне еңбегі сіңгендер бұл атақты алуын алсын-ақ, бірақ, бізді ойлантатыны, кейінгі кезде осы қатарда Көкшетау қаласы, тіпті, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мүлдем қатысы жоқ адамдардың көбейіп бара жатқандығында болып отыр.
Есесіне қазіргі күнде орта жастан асқан, зейнеткерлік жасына тақаған, көптің арасында еңбегі еленбей жүрген азаматтарға  көзі тірісінде құрмет неге жасалмайды деп те ойлайсың.
Ерте-кеш пе, бәсекелестік пен бақталастықтың ешкімге опа бермейтіндігін ұғынуымыз керек. Онан да осынау тіршілікте бай-бақуатты өмір сүріп, елге, халыққа адал қызмет етіп, Отанымыздың одан әрі гүлденіп, экономикасының нығая түсуіне бар жан-тәнімізбен үлесімізді қосайық дегім келеді сөз соңында.
P.S. Мен бұл шағын мақаламды жазайын ба, жазбайын ба деп, көп ойландым. Бірақ, біз айтпасақ кім айтар дегендей, еріксіз қолға қалам алуға тура келді.

 Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
ардагер журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар