Киелі сахнаның Жанары

Сахна саңлағы, театр майталманы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жерлесіміз Жанар Сатыбайқызы Құсайынова мерейлі 50 жасқа толды. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында 25 жыл үзбей еңбек етіп келе жатқан ол көрермен көзайымына айналған ерекше дауыс тембрі бар, амплуасы бөлек, жан дүниесі бай актриса, осы қара шаңырақтың негізін қалауға елеулі үлес қосқан жандардың бірі де бірегейі.

Театр сүйер қауым алдында Көкшетаудың Ақтоқтысы атанып кеткен Жанар Сатыбайқызы Біржан сал ауданының Еңбекшілдер селосына қарасты Ақбұлақ ауылында 1971 жылдың 13 қаңтарында дүниеге келген. Анасы айы-күні жетіп, толғата бастағанда, қыс қаһарына мініп, борандатып, жолдың бәрі жабылып, әжесі сол ауылдағы епті, көпті көрген көрші кемпірлерді шақырып, жас ананы үйде босандырып алады. Шаңыраққа жарық шашып, нұр әкелді, болашағы жарқын болсын, жарқырап жүрсін деп ырымдап, көреген әжелеріміз сәбиге Жанар деп ат қояды. Бала Жанар кішкентайынан өнерге әуес болады.
–Менің балалық балғын шағым ауылда өтті. Ол кезде театр дегеннің не екенін білген де жоқпын. Бірақ, әнші боламын деп армандайтынмын. Мектепте жүргенде барлық мәдени шараларға, түрлі байқауларға қатысатынмын. Ең бір қызығы, сол кездегі Еңбекшілдер ауданының Макинка деген елді мекеніне жақын жерде Кішкентай деген ауыл болатын. Жазғы каникул сайын мені әжем сол жерде тұратын әкемнің апасына апарып тастайтын. Ол үйдің қасында сахна секілді үлкен табиғи тас болды. Жоғары жағынан қарасаң шынымен сахна сияқты еді. Сол жерге бүкіл ауылдың балаларын жинап алып, оларға даланың бар гүлін тергізіп, өзім концерт ұйымдастырады екенмін. Сонда барымды салып, өзімді өзім хабарлап, өлең оқып, ән айтып, би билеп, өнер көрсетемін. Содан балаларға әлгі терген гүлдерін өзіме сыйлатады екенмін. Жалғыз бала болған соң, әжем еркелетіп, өжет, қайсар мінезді, ер бала тәрізді өсіріпті, – деді әңгіме барысында Жанар Сатыбайқызы балалық шағын бір еске түсіріп.
Актрисаның анасы дүниеден ерте өтіпті. Бұл кезде бала Жанар небары 1 жарым жаста ғана болған екен. Мына жарық күнді сыйлаған анасының жоқ екенін әжесі сездірмепті де, есейгенше өзінің анасының болғанын да білмеген. Бірде төртінші сыныпта оқып жүргенде фотоальбом тауып алып, анасының суретін «мынау кім?» деп сұрағанда, әкесі анасы екендігін, қандай адам болғандығын айтып берген. Ол уақытқа дейін бала Жанар әжесін анасы деп білген екен. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, маңдайынан иіскеп, еркелетіп өсірген әжесі Қайни Уәлиқызына деген Жанар Құсайынованың шынайы сүйіспеншілігі мен аналық махаббаты, мейірімге толы сезімі, ризашылығы онымен сөйлескен кезде бал жүзінен байқалып тұрды. Тағдыр оған туған анасының махаббатын сезіндірте алмаса да, әжесінің мейірім-шуағына, қамқорлығы мен шапағатына бөленіп өскен тал-шыбық бүгінде тамырын тереңге жайып, жайқалып келе жатқан ару-ана, асыл жар, халқы сүйген актриса.
Жанар Сатыбайқызы ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің әнші болғысы келетінін айтып, өнер жолын таңдайды. Әкесі оның таңдауын қолдап, батасын береді. Сол кездегі Көкшетау қаласындағы мәдени-ағарту училищесі деп аталатын, қазіргі Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне оқуға түседі. Режиссура және актер бөлімінде білім алады. Топ жетекшісі әрі режиссурадан сабақ берген ұстазы Любовь Викторовна Гельберт оның бойындағы таланты мен қабілетін байқап, жол нұсқап, өнерге баули түседі. Аттай зулап екі жарым жыл өте шығады да, ұстазы шәкіртінің дипломдық жұмысына Федерико Гарсиа Лоркидің «Дом Бернарды Альбы» деген спектакліндегі басты кейіпкердің рөлін тапсырады. Қолымнан келмейді дегенді білмейтін өжет қыз, рөлдің қаншалықты ауыр екендігіне қарамастан, оны ойдағыдай ойнап шығады. «Қазір енді ойланып отырсам, сол рөлді маған сеніп тапсырған ұстазым менің бойымдағы азды-көпті талантты көрген ғой. Өйткені, бұл сын сағаттағы дипломдық спектакль болатын. Жұмысты ойдағыдай қорғап шыққан соң, ұстазым мені шақырып алып: «Жанар, мен сені үлкен сахнада көргім келеді, сен Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтына бар. Сен актриса болуың керек» деп, мені қайрап, бағыт-бағдар беріп, жіберді» деп есіне алды сол бір албырт кездегі бақытты тәтті күндерін Жанар Құсайынова. Содан училищені бітірген соң Алатаудың бөктеріндегі жоғарыда аталған оқу орнына оқуға түседі. Институтта Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, театр педагогы Рахилям Машуровадан тәлім алады. 4-5 жылда студенттік бақытты шақ та зымырап өте шығады. Сонда болашақ актерлер оқуды тәмамдаған соң кім қайда баратынын айтқанда, біздің Жанар Сатыбайқызы намыстанады екен. Ол жайлы өзі: «құрбы-құрдастарымыз оқу бітірген соң, қайда барасың, орыс театрына барасың ба?» деп сұраған кезде іштей намыстанатын едім. Өйткені, Көкшетауда орыс драма театры ғана болды. Қазақ театры жоқ еді. Содан бірде Құдай аузыма салды ма, білмеймін, бірде достарыма «Мен Көкшетауға барғанда, онда қазақ театрын ашамыз» деп, іштей намыстанып, айтып салдым. Сөйтіп, төртінші курста оқып жүргенде, Алматыға Көкшетаудан Мұратбек Оспанов ағамыз келді. Біздің институттың жоғары курс студенттерімен кездесіп, «Көкшетауда театр ашылайын деп жатыр, мен сендерді сонда жұмысқа шақырамын, ертең институт бітірген соң жағдайларыңды жасаймыз» деп айтты. Сонда мен бірінші болып Көкшетауға баратындар тізіміне жазылдым. Ол кезде әжем де қартайған болатын. Бір жағынан, ол кісіге де қарайласуым керек. Содан бері Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қол үзбей 25 жыл еңбек етіп келемін, –дейді Көкшенің қызы Жанар Құсайынова. Оның осы театрдың іргетасын қалаушысының бірімін деп мақтануы да өзіне сондай жарасымды әрі шынайы.
Сонымен, арман қуып қарт Алатаудың баурайында жүріп, білімін шыңдаған жас актриса Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрына өмірлік серігімен бірге келіп, жұмысқа орналасады. Театр 1996 жылғы 6 наурызда көрнекті жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты»  қойылымымен алғаш рет көрерменге шымылдығын ашқан еді. Жанар Сатыбайқызы спектакльдің басты кейіпкері, Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқтының рөлін ойнады. Бұл жерде жас актрисаның Ақтоқтысы өзіндік бір жаңаша қырынан танылды десе де болады. Ақандай серімен жүрек сырын бөліскен ару қыздың бойындағы далалық мінезді, сол заманның шынайы суретін, кескін келбетін жан-жақты ашып бере білді. Себебі, ізеттілік, нәзіктік, сыршылдық, адалдық Ақтоқты – Жанарға тән қасиет.
– Ақан серінің Ақтоқтысын ойнағанда көрермен қошеметі мүлде бөлек болды. Көшеден көріп, мынау Ақтоқты ғой деп танып жатқанда төбем көкке жететін. Қазір мені Көкшетаудың Жанары, Көкшенің Ақтоқтысы дейді кейбір жандар. Бұл менің жетісітігім, еңбегімнің жемісі, – дейді ол.
Театрға енді орналасқан кез-келген жас актрисаға бірден басты рөл бұйыра бермейтіні рас. Ал, Ақтоқты Жанардың алғашқы визиттік картасы, яғни, еншісі болды.
–Ол спектакльді Жақып Омаров деген жерлесіміз қойды. Бұл кезде Алматыдағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр-
да режиссер болып істейтін. Біздің бойымыздағы актерлік қабілеттерімізді байқап, тексеріп көрді де, «менде Ақан бар, Ақтоқты бар, олай болса «Ақан сері – Ақтоқтыны» қоямыз деп, театрдың алғашқы қойылымын таңдады. Сол сөздер менің ойымда әлі күнге сайрап тұр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жібек Бағысова сол қойылымда менің анамды ойнады. Жолдасым Қайрат Мырзаболатов менің әкемді сомдады. Маған ең қиынға соққаны – менің орысша оқығаным еді. Ал, жазушы Ғабит Мүсіреповтің тілі өте бай, пьеса ақ өлеңмен жазылған. Дегенмен, кәсіби режиссермен жұмыс істегеннен кейін, Жібек апам қасымда бағыт-бағдар беріп жүрген соң образымды ойымдағыдай шығардым. Одан кейін басты рөлді – Ақанды ойнаған Жарас Қалдаров екеуіміз институттан бірге партнер болып ойнап үйренгенбіз, бір-бірімізді сахнада ымнан түсіне беретінбіз. Сондықтан, аса қиындық болған жоқ, –дейді бұл образ жайлы сұрағанымызда.
Содан бері 25 жыл ішінде ол бірталай толымды, сомды образдарды ашып, көрерменнің жүрегіне жол тапты.
–Театрымыз жаңадан ашылғандықтан, қиындықтар болды. Тәй-тәй басқан сәбидей сахнаға шығып, дайындала бастадық. Костюмдеріміз де болған жоқ.  Сол алғашқы спектакальге Алматыдан арнайы тіктіртіп алғыздық. Костюмдерімізді өзіміз күтіп алып, цехқа апарып өлшеп көргендегі қуанышымыз әлі күнге көз алдымда. Бәріміз жаспыз, мәзбіз, көзімізде от болатын. Ол кезде қиындық жоқ сияқты көрінетін бізге, – дейді әңгіме барысында Жанар.
Біздің басты кейіпкеріміз Жанар Құсайынова өзі ойнаған рөлдерін бөліп жармайды. Себебі, олардың әрқайсысы оның жүрек түкпірінен, ой тезінен, жанынан шыққан образдар. Дей тұрғанмен, кез-келген актердің оң жамбасынан келіп, рахаттанып ойнайтын рөлдері болады. Сондай образдардың бірі ең алдымен Ақтоқты болса, одан кейін Баянғали Әлімжановтың «Құдалығындағы» Жеңгейдің жарқын бейнесі екен. Біздің білуімізше, бұл қойылым театр репертуарынан 12-13 жылдай түспей жүріп тұрды. Кейін театр әртістері әртүрлі жағдайға, ұсыныстарға байланысты жан-жаққа көшіп кеткендіктен, соңғы кездері «Құдалық» спектаклі ойналмайды. Бұл қойылымда Сафуан Шаймерденов, Ербай Дүңгененов, Жарас Қалдаров, Зафура Арзымбетова, Гүлмира Жакилина секілді қаншама мықты актерлердің ойнағандығы қалың көрерменге аян.
–Жоғарыда аталған өнер иелері секілді сіз де мүмкіндігі мол басқа қалаларға неге кетпедіңіз? – деп сұрағанымызда біздің кейіпкеріміз: «бала күнгі арманымды ешнәрсеге айырбастамаймын» деп жеткізді. Бұл нағыз өнердің өз адамының сөзі болатын. Көптеген ұсыныстар да болыпты. Бір кездері театралдық үйірме де ашқан. Бірақ, театрды, актерлік өнерді тастамаған, тастамақ та емес. Қаншама ұсыныстар түссе де, «барға шүкір, жоққа қанағат» еткен қалпында өзін осы бір ғана театрда сақтай білген. Тіпті, өзі: «мен театрға шынымен берілген адаммын. Біздер балаларымыздың кішкентай кезінің өзінде таңертеңнен кешке дейін осы қара шаңырақтың ішінен шықпайтынбыз. Режиссер спектакль қоймақшы, рөл бөліп жатыр дегенде театрда бала-шағамызбен жүретінбіз. Сондағы мақсат маған рөл бұйырса екен деп тілейтінбіз, маған кімді тапсырады екен деп уайымдайтынбыз. Ал, қазіргі жастардың көбісі «маған рөл жетпей қалса екен деп тұрады» деп кейбір «әттеген-айларды» да жасырмады.
Жанар Құсайынова қай спектакльде, қай рөлде ойнамасын өзіне тән дауыс ырғағы, үн әуезділігі, пластикалық қимыл-қозғалысы арқылы қашанда өзге өнер иелерінен ерекшеленіп тұратын актриса. Оның бойынан қашанда өнерге деген құштарлық, жоғары мәдениеттілік, адамгершілік қасиеттері байқалып тұрады. Өнерде өз биігі бар, тұғыры мығым майталман. Ол осы аз уақыттың ішінде көптеген қыз-келіншек пен әйел-аналардың бейнелерін сәтті сомдап үлгерді. Ол театр репертуарындағы «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқтыны, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Күнікейді, «Құдалықта» Жеңгейді, «Үкілі Ыбырай» қойылымында Кәкиманы, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» шығармасында Заурешті, «Біржан салда» Әпішті, «Шығыс хикаяларында» Фатиманы, «Келіндер көтерілісінде» Саттыны, «Король Лирде» Гонерильяны, «Ғасырдан да ұзақ күнде» Үкібаланы, «Ақнұрда» Ақнұрды, «Ғашықтар болмайтын ғасырда» Фариданы, «Бір түп алма ағашында» Дәметкенді, «Мезгілсіз махаббатта» Торғынды, «Калигулада» Цезонияны, «Бұлтты түнгі толған айда» Үмітті, «Күшік күйеуде» Гүлжамалды, «Тойдан қайтқан қазақтарда» Саудагер әйелді ойнаған.
Қазіргі уақытта актриса театрдағы жұмысына қоса Ақан сері атындағы  Көкшетау мәдениет колледжінде дәріс береді. 17 жыл бойы сонда еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген ұстаз биыл бесінші түлектерін ұшырмақшы. Сонымен бірге, ол республикалық, облыстық және қалалық мәдени шараларға  белсене қатысады. 2000 жылы  Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқауда бірінші орын алып, сол жылы республикалық  «Шабыт-2000» фестивалінің дипломанты атанды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттарының қатарында Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты және Ақмола облысы мәдениет басқармасының Құрмет грамотасы да бар. 2006 жылы наурыз айында «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болды.
Ширек ғасыр сахнада жүрген актриса әлі де жақсы режиссерлермен жұмыс істеп, бірталай толымды образдар шығарғысы келеді. Ендігі арманы – Шекспирдің Макбетін сомдау. Бұл алдағы күндердің еншісінде.
Жуырда театр ұжымы Авксентий Цагарелидің «Ханумасын» таңдап алыпты. Ол қойылымда Көкшетаудың Жанары басты кейіпкер – Хануманы ойнамақшы. Олай болса, актрисаның қазіргі бар мақсат-тілегі сол образды сәтті шығару. Актрисаның негізгі мамандығы музыкалық театр актрисасы. Бұл музыкалық комедия жанрындағы қойылым оның шығармашылық шабытын одан әрі аша түседі деген ойдамыз. Әріптестерінің айтуынша, «Ханума» пьесасы Жанар Құсайынованың мерейтойлық бенефисіне арнап таңдалған қойылым екен. Алайда, қазіргі алты құрлықты дүрліктірген пандемия салдарынан театр карантинге жабылып, уақытша жұмыс тоқтап тұр.
–Актер деген әрқашан формада болуы керек. Ол үшін үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаттығу жасаймын. Аптасына жоқ дегенде екі-үш кітап оқимын. Басқа да театрлардың қойылымдарын қадағалап отырамын, – дейді Жанар Сатыбайқызы.
Өмірлік серігі Қайрат Мырзаболатов екеуі ең алғаш Т.Жүргенов атындағы институтта дәріс залында бірінші рет бір-бірін көріп, бір көргеннен ғашық болып қалған жандар. Абайдың «ғашықтық тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» дегеніндей, олар ешқашан бірі-біріне «күйдім, сүйдім» деп айтпаған, бір-біріне деген сезім мен сүйіспеншілікті көзбен жеткізіп, ыммен түсінген. Сол студенттік кездегі жанашырлық, сүйіспеншілік, сыйластық әлі күнге дейін бұл жұптың арасында көрінбейтін жіппен ұштастырылғандай. Достық арқылы басталған таныстық үлкен махаббатқа ұласып, бүгінде шаңырағы шаттыққа кенелген, бақытты отбасы екі қыз, бір ұлдарын тәрбиелеп, жеткізуде.
Кейіпкеріміз өмірлік серігінің өнер адамы болғаны үшін, әрқашан қолдап, қолпаштап отыратындығы үшін Аллаға риза. Өнердің қос  жұлдызы әлі де көрермен қауымды өздерінің тың туындыларымен қуанта берері  сөзсіз.
–Бір премьераны сахнаға шығарарда кейде күні-түні театрда жүретінбіз. Балаларымыз кішкентай болғанда үйде тамақтарын дайындап, алдарына қойып, қалдырып кететінбіз. Сол еңбек, сол ауыртпалықтар далаға кетпегені бізді қуантады. «ҚР Мәдениет қайраткері» атанғанда осы атақ үшін емес, балаларымның көзіне «міне, менің жеңісім, сендердің еңбектерің» деп ұялмай қарай алғаныма қуандым», – дейді Жанар атақ, даңқ туралы сұрағанымызда.
–Адам баласы Алланың берген әр күніне риза болуы керек. Мүмкін мен үлкен жетістіктерге жетпеген шығармын, бірақ, өткен жылдарда актриса ретінде Жанар Құсайынова болып қалыптастым. Осы құрылғанына 25 жыл толған театрда менің де сүбелі еңбегім, азды-көпті ойнаған рөлдерім бар. Сондықтан, елу жасыма өзімнің белгілі бір биігімде жетіп отырмын деп ойлаймын, – деп актриса әңгіме соңында тағы бір ағынан жарылды. Иә, бәрі жөн-ақ. Біз де Көкшетаудың Жанарына шығармашылық мол табыс, шалқар шабыт тілейміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттер актрисаның жеке мұрағатынан алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар