Көше кезген бұралқы иттер аз емес

Көше кезген бұралқы иттер аз емес

байқаңыз, абайсызда ит қауып алып жүрмесін!..

Қазіргі уақытта қараусыз, аш-құрсақ жүрген иттердің көптігін байқаймыз. Тіпті, қала ішінде топтасып жүрген бұл қаңғыбас хайуандар сес көрсетіп, қуып жатсаң, адамнан қорқуды білмейді.

Жақында Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында бір бүлдіршінді ит қауып алды. Бұл оқиғадан кейін жауапты органдар мен ауылдық округтің әкімдігі қаңғыбас иттерге қарсы күрес шараларын күшейтіпті.
Жалпы, статистикаға сүйенсек, 2020 жылы кәмелет жасына толмаған балаларды қаңғырған иттер қауып алуы мен талаудың 600-ге жуық оқиғасы анықталған. Краснояр ауылдық әкімдігіне хабарласқанымызда, бұл жағдай бойынша ақпарат берген бас маман Жанат Әубәкіров:
–Ауыл тұрғындарынан баланы ит қауып алды деген мәлімет келіп түскені рас. Мектептен келетін інісін қарсы алмақшы болып алдынан шыққан оқушы қызға көшедегі қаңғырған иттер бас салыпты. Жағдайды құқық қорғау органдарынан бастап, мүдделі ведомстволар тексеруде. Бала бірден ауруханаға жеткізілді. Біздің тарапымыздан тұрғындар арасында иттерін бос жібермей, байлап ұстау керектігі жайында жыл сайын ескертіліп тұрады, –деді ол.
Өткен жылы Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ит тістеп алған 156 балаға медициналық көмек көрсетілген. Олардың көпшілігі мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер. Краснояр ауылындағы оқушы қызды иттің тістеп алуы – биылғы жылы тіркелген осындай үшінші жағдай екен.
–Біз ит қауып алған қыз балаға қабылдау бөлмесінде антирабиялық вакцинация жасадық. Бұл қандай да бір жануардың адамды тістеп алған кезде жасалатын алғашқы көмек түрі. Қыз баланың жағдайы ауыр емес. Жарасын тазартып, таңып бердік. Мұндай екпені құтыру ауруының алдын алу үшін жасаймыз, –дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травмотолог-дәрігері Сергей Вурц.
Қаңғырған иттердің көбі қаланың жеке секторларында байқалады. Нақты айтар болсақ, Краснояр, бұрынғы ескі ет комбинатының ауданы, «Жайлау» және Застанционный шағын аудандары.
–Қаңтардың 11-і болатын. Әдеттегідей, шамамен кешкі сегіз жарым кезінде үйіме бара жатқан едім. Өзім Маяковский көшесінде тұрамын. Екі алабай ит бас салды. Мен шамам келгенше, қорғанып, тойтарыс беруге тырыстым. Мұндай жағдай бірнеше рет болды, бұған дейін 4 рет иелеріне иттеріңізді байлап ұстаңыздар деп ескерткенмін. Жалпы, көшедегі иттер тұрғындар үшін өте қауіпті. Балаларды қауып алуы әбден мүмкін. Олар ересектер секілді алысып, арпалыса алмайды ғой. Енді қараңызшы, жаңағы екі алабай ит бастауыш сыныптың оқушыларына бас салса не болмақ? – деп ашынады Застанционный шағын ауданының тұрғыны, зардап шегуші Ринат Смағұлов.
Бұл орайда, құқық қорғау органдарымен сөйлескенімізде, олар 11 қаңтарда болған оқиға орнына барып, тексеру жүргіздік, иттердің иелерін анықтап, оларға әкімшілік айыппұл салынды деп қысқа қайырды.
Ит тістеп алған адамға міндетті түрде вакцинация жасалуы керек. Егер ол қауып алған иттен құтыру ауруы жұққан жағдайда соңы орны толмас өкініштерге әкелуі мүмкін. Сондықтан, балаларыңызға, өздеріңізге де сақ болыңыздар, ағайын!
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *