Жүк тасымалдаушылар ережеге жүгінеді

Облыстық көлікті бақылау инспекциясында тасымалдау саласындағы көлік туралы заңнаманы сақтау жөнінде дөңгелек үстел өтті.

Жиынды облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Ерболат Ерімбет жүргізіп отырды. Оның айтуынша, өңірдің көлік жолдарында екі жылжымалы көлік бақылау бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері 4376 көлік тексерілген. Заңнаманы бұзғандардың 383-іне әкімшілік іс қозғалып, 57 миллион 411 мың теңге айыппұл салынған. Ел аумағынан өткендерден
7 миллион 872 мың теңге төлем алыныпты. Сондай-ақ, жаз айларында облыстың жер қойнауынан инерттік материалдар тасымалдайтын жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіліпті. Өңір аумағында 179 карьер болса, жүзден астамы Целиноград пен Аршалы аудандарының аумағында орналасқан. Биылғы жылдың  тоғыз айында инерттік материалдар тасымалдаған жеті жүзден астам жүк көліктері тексеріліпті. Заңнаманы бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылған, айыппұл төлеген.
Көкшетау көлік прокурорының аға көмекшісі Әнуар Күзбақов сөз сөйлеп, кәсіпкерлер құқын қорғау жөнінде сөз өрбітті. Бүгінгі таңда мемлекеттің негізгі міндеті кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін кедергілерді жою болып табылады. Өйткені, бизнестің дамуы және ұлғаюы мемлекет экономикасының дамуымен тікелей байланысты. Дегенмен, көлік прокуратурасы тексерісі барысында жүк тасымалдаушылардың тиісті ережені сақтамайтыны белгілі болды. Жүк көліктері шамадан тыс жүк тасымалдайтынын арнайы автоматтандырылған өлшегіш аспаптары арқылы анықтаған. Жүк тасымалдау ережесін бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлепті. Дегенмен, көлік бақылау бекеттеріндегі 9 өлшегіш аспабының үшеуінен ақау шығыпты. Осыған байланысты кінәлі болғандар ақталған көрінеді.
Көлік бақылау бөлімінің басшысы Қабдірахман Шержанов өз сөзінде аталмыш заңнамада жүк көлігі салмағының және көлемінің мөлшері белгіленгенін, бұны жүк жіберетін «Жаңа жол», «Дорстрой Недра», «Рахат СТ» тәрізді өзге де серіктестіктер қаперлеріне алмай отырғанын атап өтті. Көбінде жүк көлігін өлшейтін таразы жоқ. Кінәлілерге әкімшілік шара қолданылды. Инспекция биылғы жылы 520 ауыр салмақты және ірі жүк көліктерінің жүруіне арнайы рұқсат құжатын берген. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму жөніндегі министрдің «Ел аумағында ірі және ауыр жүктер тасымалын ұйымдастыру ережесін бекіту жөнінде» және «Елдің көлік жолдарымен жүретін көлік мөлшерлерін бекіту жөніндегі» бұйрықтары қолданысқа енді. Арнайы рұқсат алу үшін өтінім беру қажет. Мұндай мемлекеттік қызмет электрондық және қағаз жазу түрінде көрсетіледі. Бүгінгі таңда бірқатар ірі кәсіпорындар шамадан тыс жүк тасымалдайды. Ал, арнайы рұқсат құжатын алғандар қосымша шығынға батпайтынын айта кеткен ләзім.

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар