Заң бұзғандар жазасын алады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен аудан орталығы Степняк қаласында өткен тәртіптік кеңестің көшпелі отырысында лауазымдық қызметтерін асыра пайдаланып, еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңын белден басқан бірқатар мемлекеттік қызметшілерге қатысты  тәртіптік істер қаралды. 

Алдымен аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Ақышевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Бұл мемлекеттік қызметші үстіміздегі жылы «Степняк Су» коммуналдық мекемесіне атқарылмаған жұмыстар үшін бюджет қаржысын аударып отырғанын тексерістер нәтижесі анықтаған. Екіжақты келісім бойынша, ол қаржыға коммуналдық мекеме аудандағы 33 мектептің маңайын тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуі керек болатын. Алайда, тұрғындардың айтуына қарағанда жоспардың біреуі де орындалмаған. Бөлім басшысы Қанат Ақышев мемлекет қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын біле тұра, түк болмағандай жүре берген. Тәртіптік кеңес отырысында «Степняк Су» коммуналдық мекемесі тазарту жұмыстары үшін бөлінген  жалпы құны 5 миллионнан астам теңгеге өз қызметкерлерінің еңбекақыларын төлегенін айтып   ақталған Қанат Ақышевты тәртіптік кеңес мүшелері қызметінен босату туралы ұсыныс жасады.
Өкінішке орай, мемлекеттік қызметшілердің мұндай әрекеті еліміздің заңдарына, өздеріне жүктелген міндеттерге бейжай қарайтындықтарын аңғартады. Еңбекшілдер ауданында соңғы уақыттары заңды бұзған мемлекеттік қызметшілер қатарының көбеюі осы сөзіміздің айқын дәлелі.  
Бұл күні заң бұзғанға зауал бар екенін біле тұра, мемлекет қаржысын игеруде салғырттық танытқан Краснофлот селолық округінің әкімі Серікбол Тәшімовті де қызметінен босату туралы мәселе қаралды. Ол «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылда балалардың ойын алаңы салынуы тиісті қаражатты талан-таражға салған. Аталмыш көріністер және де жоғары атқарушы органдарға аудан тұрғындарынан арыз-шағымдардың көптеп түсуі жергілікті басшылық тарапынан қадағалау шараларының дұрыс жүргізілмейтіндігін білдіреді. Осы мәселелерді тізбектеп айта келе, аталған департамент басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақов аудан әкімі Асқар Қиықовқа келешекте жоғарыдағыдай олқылықтар қайталанбас үшін қарамағындағылармен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң ережелерін түсіндіретін жиналыстар өткізуді, қажет болса қатаң шаралар қолдануға ұсыныс айтты.  

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Степняк қаласы,
Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар