Ақыл мен парасаттың азаматы

КСРО кезеңінде баспасөздің құдіреті қылыштың жүзінен де өткір, әрі… қорқынышты еді. Барша кеңес оқырманы қаласын-қаламасын, ақпарат құралдарында шыққан сан қилы материалдарды саяси-идеологиялық тұрғыда қабылдап, талқылап-талдап жататын және сол арқылы өздерінің «нағыз совет азаматы» екенін дәлелдейтін.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты,
саяси ғылымдар докторы, профессор.

Сол кездегі тағы бір артықшылық – мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларды ғана емес, олардың авторларының аты-жөндерін де тасқа басқандай жадымызда ұстайтынбыз. Әр алуан тақырыпқа өндірте қалам тартып, баспасөзден түспейтін журналист-тілшілерге қызыға қарап, іздеп оқып, соларға еліктеп біз де беделді газеттерге «мақала» жолдап, редакциядан «талабыңыз жақсы, әлі де іздене түскеніңіз жөн, бұл мақалаңызды жариялай алмаймыз» деген тілдей сөз айна-қатесіз бірнеше рет қайталанып жазылған жауап хат алып барып, абыз шалдардың «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген батасы рас шығар деп, жөнімізге көшіп, ендігәрі «бармақтай бағы бар» журналистермен жағаласпауға серт беріп, тіршілігімізді тірнектеп жүре бергенбіз.
Сондай бағы бар журналистердің бірі – Жабал Ерғалиевтің есімін жетпісінші жылдардың орта шенінде республикалық басылым беттерінен танып-білдім. Көкшетау өңірінен бұрқыратып жазып жататын тілшінің тақырып аясы да әр алуан. Журналистиканың жауынгер жанры – ақпараттық хабарлардан бастап, кең көлемді мақалалары, сүйегі мықты очерктері мен патетикалық пәрмені зор публицистикалық шығармалары арқылы қалың оқырманның көзайымына айналған журналистің қарымы мен алымына, қандай тақырыпқа түрен салса да, тереңнен тербеп, қалыңнан қаузайтын шеберлігіне, қарапайым еңбек адамы жайлы жазылған дүниесінің өн бойында советтік патриотизммен қатар, астарлай, тұспалдай төгілген ұлттық рухтың, қазақы болмыстың көрініс табатынына тәнті болатынмын.
Көкшенің табиғи сұлулығын суреттегенде, Арқаның осынау бір аяулы өңірін Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» дастанынан оқып-біліп, қиялымызда «сексен көлдің» сабатымен сусындаған біздер туған жеріміз – Сыр бойының сары маса буған қапырық түндері мен қызыл желі ызыңдаған аңызақ күндерін бір сәтке талақ етіп, Жабалдың ауылына тартып кеткіміз келіп тұратын. Кезінде газетке жолдаған шимай-шатпағымыздың неге жарияланбайтынын да енді ұққандаймыз. Өзі өрнектеген көркем табиғаттың аясында, ақ қайыңдардың арасында, жасыл тауды жас-танып, Бурабай көліне аяғын малып қойып, мақала жазатын Жабалға үйірілмегенде, шіркін шабыт, шағырмақ күн шекесін тесіп, мектептің ауласында балағын түріп алып, кесек құйып жүрген бізді қайтсін?! Жазушы бола алмағанымыз да содан шығар дейміз ғой баяғы…
Өзім іздеп жүріп оқитын Жабал Ерғалиұлының қаламгерлік қабілетін ашқан көгілдір Көкшенің тамылжыған табиғаты ғана емес, сонау сұм заманда, отызыншы жылдары бір әулеттің шаңырағына үйірілген қасіреттің, нақақ жала мен зарлы зауалдың ащы запыранынан жаралған шерлі күй екенін қайдан білейін?! Атасы Жұм-жұма атақты Науан Хазіреттен дәріс алған, Жабалдың туған жері – Қарағаш өңірі ғана емес, Көкшенің көлеміне беделді діндар кісі екен. «Қызылдардың» қысымына шыдамай, «аша тұяқ қалмаған» жылдары Түмен асып, бой тасалап, отызыншы жылдары болат семсер өтпейтін берендей бес ұлымен елге оралыпты. Бір айналдырған пендесін шыр айналдырған қияметтің ақыры қайда? Екінші дүниежүзілік соғысқа бес ұлы бірінен соң бірі аттанып, майдан даласында соның төртеуі хабар-ошарсыз, ұрпақсыз жоғалып, «қырық жылғы қырғыннан кебенек киіп қайтқаны» Жабалдың әкесі Ерғали болыпты. Әулеттің мойнына әуірлеп мінген мехнат осымен тоқтаса не етті, қолына қараған қарияларды қамшы сабындай өмірі қалғанда қалай аш қалдырамын деп, қырманнан он келі бидайды рұқсатсыз алғаны үшін анасы Үмітжан он жылға сотталып кетті. Қиянатқа қарсы тұрар бір пенде табылмады-ау сонда… Жазаның төрт жылын өтеп, елге оралғанымен, Сібірдің сары аязы сүйегінен өтіп, өңменіне жеткен Үмітжан ана 34 жасында дүниеден баз кешіп кете барған. Жабал ол кезде жеті-ақ жаста еді… Бір әулеттің басынан кешкен бұлағай кезең, сыбырлап айтуға да болмайтын, бірақ, сезімтал жүректің басына шемен болып қатқан тарихтың ақтаңдақтары, патшалық Ресейдегі Столыпин реформасы тұсында жалғыз соқасын сүйретіп, сүмірейіп келіп, аз уақыттың ішінде қазақтың кең даласын қанбазар хуторға айналдырып үлгерген қитабан мұжықтардың үрім-бұтақтары мен Хрушевтің «тың игерушілері» ұрпақтарының қызыл империяны арқаланып, орыстық шовинизмді өршітуі, бір кезде Біржан сал мен Ақан серінің әндері аспанының астын толтырған Арқа топырағында орысша «өсімдіктердің» қаптап шығуы және солардың тамырына байланған өзіміздің Әндірбай – Андрейлер мен Мақсым – Максимдердің жатырынан жерінген жетесіздіктері… бәрі-бәрі жас Жабалдың бойына күрескерлік рухын дарытып, әділдік пен туралық сияқты зиятты қасиетті зердесіне зеренмен құйып, ертерек есейтсе керек. Шамырқанған шындығыңды шеребедей шерге шайып алып, сыртқа шығарудың шытырман жолы – қаламгерлік екенін сонда түсінді. Түсінді де, ақ қағаз бетіне ойлы сөз түсіруге құлшынды.
1973 жылы Көкше өңіріндегі жалғыз аға газет – «Көкшетау правдасына» кіші әдеби қызметкер болып орналасты. Өндірістен қол үзбей жүріп, 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп алды. Одан әрі іздену-өсу жылдары… Облыстық газет редакциясының тапсырмасын орындаумен шектелмей, туған халқының рухани ұлағатын ұлықтаған, Арқа топырағында өмір сүрген Алаш ардақтыларының өнегесін өрелеген, тарихи-мәдени шежіренің шетін қалған тұстарын тұспалдаған, замандастарының зиялы болмысын бейнелеген мақала, очерк, эсселерін орталық басылымдарға ұсынып, қалың оқырманның кеуілін алды. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Сәкен Жүнісовтың: «Азамат ретінде сыйлас, қаламгер ретінде сырлас Жабал Ерғалиұлының жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіттердің жүрегінен табыла берсе, осынау Көкшенің көлемі көк кілемдей болып мәңгі көгере беретініне сенімдімін», деп ағынан жарылуы қайраткер қаламгердің перзенттік парыз-парасатын пайымдаған баға болса керек-ті!
Тоқсаныншы жылдардан бері, Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста Жабал Ерғалиұлының шығармашылық қуатының жаңа тынысы ашылып, жан түбінде булыққан ойлары баспасөз беттерінде будақ-будақ төгілді. Егемендік еркіндігіне ел болып қуандық десек те, оның қуанышы тіпті де бөлектін! Қарағаштай қаймағы сынбаған қазақ ауылында туып өссе де, ес білген ғұмырын «Кокчетав» сияқты орыс тектес қалада өткізген оның жанын интернационалдық саясатты желеу еткен «аға ұлттың» өктемдігі, барыс-келісі мол Солтүстік, Шығыс аймақтардағы қандастарының біржолата бұратаналыққа мойынсынуы, басшылық қызметтердің тек қазаққа бұйырмауы, қазақ мектептерінің бірінен соң бірі жабылып, бесіктен белі шыққан бауырының жат тілде шүлдірлеуі, ана тілінің ауыз үйде ғана әжетке жарауы, қайсы-бірін айтсын, жегідей жеп, жеті насыры жерге бүгілетін еді. Енді, міне, азаттықтың ақ таңы алдынан жайды шапағын. Аянып қалар кез бе бұл?!
Еліміздің Тұңғыш Президенті, сара саясаттың сарабдалы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан жасау жолындағы нарықтық-экономикалық, әлеуметтік-рухани реформаларын жүрегімен қабылдап, қалам қайратымен үн қосқан Жабал Ерғалиұлының бұл шақта шабыты шарықтап, туған халқының тағдыр-талайына қатысты ұлттық рухани жаңғыру-өсу, ядролық сынақтан зардап шеккен аймақтың ауыр халі мен оның залалдарын жою, тарихи құндылықтарымызды тірілтіп, ұрпақтың кәдесіне жарату жайлы, елі үшін «етігімен су кешкен» Елбасымыздың тәуекел бастамаларының саяси-әлеуметтік мазмұнын талдап, саралаған татымды туындылары мерзімдік басылымдардың әр нөмірінде тоқтаусыз жарияланып тұрды.
Қарасай батырға әкесі Алтынай: «Балам, биыл жылқыңды үйірімен алып алысқа кеткін, қыстың қатты болатын түрі бар. Өйткені, құстың ұшуы, бұлттың көкте жүзуі, желдің ұйытқып теріс соғуында бір ерекшелік бар, мал бұл жерде қырылып қалар», деп содан Көкшетау өңірінің Айыртау сағасына көшкендігін, малын да, жұртын да аман алып қалғандығын айта келіп, Елбасының да батыр бабасының ізімен көшті Сарыарқаға бастап келуінен жақсылық іздейді. «Бәлкім, тарихи сабақтастық деген осы болар, тәуелсіз еліміздің астанасының Сарыарқаға көшірілуі және халқымыздың бұл көшін үш ғасырдан астам уақыттан соң Қарасай баба ұрпағы – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің бастап келуі аруақты баба ізінің, баба ерлігінің жалғасы іспеттес», деп ой түйеді Жабал Ерғалиұлы («Тәуелсіздік толғауы», «Фолиант» баспасы).
Осы жылдарда Жәкеңнің шығармашылық толысуымен бірге қоғамдық белсенділігі де қаршығадай зар күйіне түсті. Көкшедегі беделді басылымдарды басқара жүріп, аймақ өміріндегі айтулы шараларға білек сыбана кірісіп, елдің сөзін айтты. Бастамаларға мұрындық болып, оқиғалардың ортасында жүрді. Көкшетау қаласындағы әуез колледжіне Біржан салдың есімін беру жөніндегі мәселені алғаш көтеріп, Абылай ханның ескерткішін орнату жөніндегі комиссияның мүшесі болып, Түркістан қаласындағы хан бабаның жерленген жерінен топырақ алып келді. Қазақтың Қарасай батырының тарихтағы орнын анықтау, зерттеу ісіне белсене қатысып, кесене тұрғызу шаруасының басы-қасында болды. «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, баба жайындағы деректерді жинастырып, жарыққа шығарды, ғылыми айналымға ұластырды.
Халқының қолдауымен 1989-1994 жылдары халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің, 2007 жылы Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Ақмола облысы әкімдігі жанындағы бюджет комиссиясының, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, тіл және ономастика жөніндегі комиссияның, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, партияның жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы сияқты қоғамдық жұмыстарда табандылық танытып, мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал етті. Қазақстанның «Бас редакторлар клубының» мүшесі ретінде ұлттық журналис-тика саласының төрт құбыласын түгендеп, мұқтажын шешуге, әріптестерінің әлеуметтік ұстанымдарын ұстартуға қызу атсалысты.
2011 жылы кезектен тыс өткізілген Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезеңінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысы бойынша сенімді өкілі болып, Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы міндетін абыроймен атқарып шықты.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Жабал Ерғалиұлының әр жылдардағы «Сөне көрме, жұлдыздар», «Қазақтың Қарасай батыры», «Ұлтым менің, ұлысым менің», «Хан көтерген ел едік ер ұланын», «Бұлтты түнгі толған Ай», «Жолсапар жалғаса береді», «Тәуелсіздік толғауы», «Әлемді жүрегіне сыйғызған», «Жаңбырсыз жаз», «Құлпытастың көз жасы» кітаптары мен «Соңғы тұяқ», «Ескі арба» хикаяттарын оқып, «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр» драмалық шығармаларының театр сахналарында сәтті қойылып келе жатқанын ести жүріп, жастық шағымнан жүрегіме жақын есіммен күндердің күнінде Астана қаласында қауышып, өмір деген қызық қой, бірге қызметтес боламын деп ойлаппын ба?! Бұл да сол ақпараттық жадтың қолайлы қисыны шығар…
Осы арада айта кеткен де орынды болар, 2010 жылы Сыр елі осы өңірде қызмет жасаған Еркін Әуелбековтің туғанына 80 жыл толуын кең көлемде атап өтті. Мен онда облыс әкімінің орынбасары едім. Бұл шараға Көкшетаудан да қонақтар шақырылған болатын. Ел ағалары бастап келген көкшетаулықтардың арасында Жабал да бар екен. Салтанат басталып, біраз игі жақсылардан кейін сөз Жабалға да тигені бар. Шаршы топтың алдына сабырлы басып шыққан ол өз сөзін, баяғының шешенде-ріндей: «Қасиетті топырағыңда Қорқыт бабамның сүйегі жатқан, Сыр елі, сен неге қасиетті болмассың? Ен далаңды жарып ағып жатқан Сырдариясы бар, Сыр елі, сен неге терең болмассың? Төріңде Төретамың мен Байқоңырың бар, Сыр елі, сен неге биік болмассың? Қасиеттісің, Сыр елі! Тереңсің, Сыр елі! Биіксің, Сыр елі!», деп төкпелей жөнелгенде манадан бері бірінің сөзін бірі қайталаудан аса алмай, сөз тыңдаудан қалып бара жатқан халық тына қалсын. Халықты ұйытып алып кеткен Жәкең сөзін аяқтап, сол сабырлы қалпымен өз орнына ойыса бергенде, манадан бері тынып қалған халық: «Ойпырма-ай, мына жігіт шешен ғой, шешен ғой!» деп шулап кетсін. Ежелден сөз қадірін танитын Сыр елі сөйтіп Жәкеңді «Жабал шешен» атандырып, зор ризашылықпен Көкшесіне аттандырып салған болатын.
2011 жылы жаңадан сайланған Сенат депутаттарының тізімінен Жабал Ерғалиұлының аты-жөнін оқып, Жабал шешеннің де сенатор болып сайланғандығына шын қуандым. Сөйтіп, біздер қызмет бабында ғана байланысып қоймай, аз күннің ішінде тонның ішкі бауындай жақындасып кеттік. Түскі астан кейінгі бір сағаттық үзілісте Сенат алаңында серуендеп жүріп, көңілде жүрген көрікті ойларымызға ортақтасып, пікірлесеміз. Осындайда қайдағы-жайдағы жайттар есімізге түсіп, өткен өмір жолдарымыздан да хабар беріп қоямыз.
Көкшеліктер қалам қайратымен ғана емес, туа бітті табандылығымен, қажыр-жігерімен аймақтың қоғамдық өміріне бел шеше араласып, қиын түйіндердің шешімін тауып, жұртқа, ұлтқа қажетті мәселелерді көтеріп жүрген Жәкеңді әрдайым құрметтейді, мақтаныш тұтады. Еңбегі де елеусіз қалып жатқан жоқ. Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, екі мәрте Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін», тағы да басқа мерекелік медальдармен марапатталды. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан облысы» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» кітабына енгізілді. Ол – Алматы облысы «Қарасай ауданының құрметті азаматы», Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры.
Материалдық игіліктер алдыңғы кезекке шыққан қоғамда барға қанағат етіп, аскеттік өмір дағдысын ұстанған адамдарға таңдана қарайтынымыз рас. Біздің кейіпкеріміз сондай жан. Ешкімнің ала жібін аттаған емес. Маңдай тер, табан ақысымен тапқан табысына қарын тойғызып, қолынан келсе, басқаларға көмектесуге, тапшылық пен мұқтаждықтың тақсіретін тартқан адамдарға қамқорлық жасауға әзір тұрады. Кеңдік, жомарттық қанында бар қасиет. Жабалдың әріптестерінен мынадай бір әңгімені естігенім бар.
Бас редактордың кабинетіне жетектеген жас баласы бар әйел кіреді. Алыстағы Есіл ауданынан облыстық ауруханаға емделуге келгенін, бірақ, ақшасы таусылып, вокзалға түнеп шыққанын айтады. Жабал есепшіні шақырып алып: «Мына кісіге менің жалақымның есебінен ақша беріңіз», дейді. Бір күні жетімдер үйінде тәрбиеленетін орыс баласы келіп, Көкшетаудан Алматыға жете алмай тұрғанын айтып, ақша сұрайды. Жабал тағы да есепшісіне қаражат бергіздіріп, жүргізушісі Берекеге баланы пойызға мінгізіп жіберуді тапсырады. Осындай жағдаят ай бедерінде бірнеше рет қайталанады. Таңғалған есепші: «Атын да, затын да білмейтін адамдарға неге ақша бере бересіз», дейді. Сонда Жәкең: «Бәлкім, Алла тағала сол адамдарды менің ниетімді сынау үшін жіберіп, көріп тұрған шығар», деген уәж айтады. Сенатта да Жабалды іздеп келіп, көмек сұрап жүрген адамдарды көріп, осы әңгіме есіме түскен еді…
Айтарымыз болса да, алпыс үштің баурайына ат байлаған азаматтың бүтін болмысын, шығармашылық жолын, қайраткерлік қарымын талдап, түгендеп беруді алдымызға мақсат тұтқан жоқпыз. Әйтпесе, елінің қалауымен сенатор атанғаннан бері де Жабалдың жүйрік қаламы ұлт мәселелерін көтеруде, кешегі мен бүгінгі заманның қадау-қадау сөзін сөйлеуде іркіліп қалған жоқ. Қайта әу бастан түзу беттеген жазушылық бел-белесі дараланып, үлкен шалқар кеңістікке бет қойып, орыс тіліндегі «Лето без дождя», «Жан шырылы», «Қилы жол», тағы басқа да жаңа сүбелі туындыларымен қуантатын болды. Қазір Қазақстанда оның драмаларын қоймаған театрларымыздың өзі аз. Солардың ішінен «Қилы жол» тарихи драмасының жуырда Тараз қаласында тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығында орталық стадионда көрсетіліп, 40 мыңға жуық көрермен жинағанына туған Қараөткелі мен Көкшесі ерекше қуануы тиіс деп ойлаймын. Осы күні Парламентте де елінің қасиетін ұғынып, қамын жеген Жабалдың үні, Жабалдың дауысы жігерлі естіледі. Біздікі – «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы бір ізгі ниет еді. Және де біздің Жабал ендігі арада бір ғана Көкшенің емес, Қазақ елінің азаматы екені де әмбеге аян!
Астана.

 

 

Қадірлі Жабал Ерғалиұлы!

 

Күні кеше ғана Сіз біз үшін қазақтың Сәкендей сұңғыла ардағы өмірге әкеліп, өзіңіздей игі жақсылардың жүрегінің оты, жанының жылуы дарыған «Арқа ажарының» тұғырлы бір тірегі, қайыспас тектісі едіңіз. Ал, бұл күнде өмір атты қия жолда жеткен жетістігіңіз, арқалаған абыройыңыз Еліңіздің де ортақ игілігіне айналып, Парламентте Ақмола, Көкшедей киелі өңірдің сөзі мен көзі болып отырсыз.
Қаламгерлігіңіз қашанда қарымды, уақыт мінбесінен естілетін парасатты үніңіз қашанда пайымды. Замана биігінен бір Азамат қажымай-талмай, туған халқын ынтымақ пен бірлікке,  имандылық пен қарапайымдылыққа үндеумен келеді. Мұның бәрі Сіздің ертең, 30 қазанда жүздескелі отырған алпыс үшіңіздің де алтын арқау өзегі боларына шүбәміз жоқ. Алда да осылай мерейіңіз үстем, денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман болып, жаңа шығармашылық табыстарға жете беріңіз! Осы мерейлі жасыңыз ұзағынан сүйіндіріп, өзіңізді тек қана өмір-өзеннің өрінен, ер мінезді болмыс-бітіміңіздің төрінен көре беруімізге жазсын!

 

Ізгі ниетпен: Ақмола облыстық
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар