Кәсіпкерлер пилоттық жобаны түсінбей, қиналуда

Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен олардың құжат айналымын рәсімдеу жөніндегі пилоттық жоба өткен жылдың соңында іске қосылған болатын. Осы орайда, Ақмола облыстық кірістер департаментінің мамандары бұл пилоттық жобаның негізгі ережелерін аудандардағы кәсіпкерлерге түсіндірумен айналысуда.

Мұндай іс-шара зеренділік кәсіпкерлермен де болып өтті. Мәселен, Раушан Құрманәлина өз кәсібін осыдан алты жыл бұрын бастаған екен. Шағын дүкені бар. Кәсіпкер пилоттық жобаға қатысты өз наразылығын білдіріп, оны түсіну қиындық тудырып отырғанын айтты.
–Біз бұл жоба жөнінде ештеңе түсінбедік. Компьютердегі нұсқаны сатушылардан гөрі бухгалтерлер жақсы түсінеді. Тіпті, жиналыста айтылған сөздер миыма қонған жоқ. Интернетте не жазылғанын түсінбедім. Бухгалтердің жұмысын қарапайым сатушыға артып қою еш қисынға келмейді,–деді кәсіпкер. Тауар сатумен және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер электронды ілеспе жүкқұжатты міндетті түрде толтыруы тиіс. Маңыздысы сол, ол құжат айналымы ережелеріне сәйкес келуі шарт. Бөлшек саудада ішімдік сатумен айналысатын кәсіпкерлер тауарға ілеспе жүкқұжатын растауы қажет. Оның күші 2 жұмыс күні ішінде жойылады. Ал, растауға 25 жұмыс күні белгіленген. Тауарға ілеспе жүкқұжаттың күшін уақытылы жоймаған немесе растамаған жағдайда заңды тұлғаға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
–Мессенджерлерде ватсап чаттары ашылған. Сол жерге түсіндіру мақсатындағы ақпараттарды саламыз. Егер мәселе туындап жатса, оны шешудің жолдарын қарастырамыз. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады. Салық төлеушілердің өтініштері бойынша акцизделетін тауарларға қатысты пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімі 1 сәуірге дейін ұзартылды. Импорт пен экспорттау операциялары 1 мамырға дейін жұмыс істейді. Ал, тізімдемедегі та-
уарлар 1 қарашаға дейін алып тасталынады,–дейді облыстық кірістер департаментінің бөлім басшысы Ержан Шүлембеков.
Бүгінгі күні облыс бойынша 40 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді екен. Құзырлы орган мамандары кез-келген сұраққа әлеуметтік желі арқылы жауап беруге дайын.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар