Тоғыз жылдың толғауы

Көкшетаудағы республикалық Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек: «Мен өз орнымды тапқанымды танытайын, сіздер өз орындарыңызда жүргендеріңізді дәлелдеңіздер!», – деп осыдан тоғыз жыл бұрын бастаған ісінің нәтижесі музей ісін ұйымдастырудың озық үлгісі болып қалыптасты.

Тәуелсіздіктің бір игі жемісіндей Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 7-мамырдағы №465-ші қаулысының негізінде және сол кездегі Көкшетау облысы әкімдігінің 1995 жылдың 4-қыркүйегіндегі №1- 391 бұйрығына сәйкес туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің Көкшетау қаласында музейі ашылған болатын.
Музей әуелде Баязитов деген татар байы салдырған бұрынғы ескі үйде орналасқан-ды. 2004 жылы салынғанына 116 жыл болған ескі үй ғимараты толық бұзылады да, Батыр Мәліктің туғанына 90 жыл толуы қарсаңында 2005 жылы 25 қаңтарда Ақмола облысы әкімдігінің шешімімен сол орынға музейдің жаңа ғимараты бой көтереді.
2005 жылдың 19 тамыз күні жаңадан бой көтерген музей ғимаратының салтанатты түрде ашылуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасы Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.
Былтырғы жылы Мәлік Ғабдуллин музейіне ширек ғасыр болды. Біз бүгін «Арқа ажары» газетінің оқырмандарын осы музейдің ширек ғасырлық тарихының белгілі ақын, қаламгер Құдайберлі Мырзабек басқарған кезеңінде атқарылған ғибратты істер жайлы баян етпекшіміз.

Әлқисса, бұл жолғы әңгімені ақын әрі азамат Құдайберлі Мырзабектің «Мен өз орнымды тапқанымды танытайын, сіздер өз орындарыңызда жүргендеріңізді дәлелдеңіздер!» – деген бір ауыз сөзімен бастағанды жөн көрдім. Бұл – ұлағатты сөз! Кез-келген азамат әлдебір істің жауапкершілігін ала отырып, осы сөзді айта алар ма еді?! Әрине, мұны айтуға әуелі ақыл-ой, парасат жетсе деңіз! Ал, енді Құдайберлі Мырзабек осы сөзді 2012 жылғы 1 маусымынан Мәлік Ғабдуллин музейіне директор болып тағайындалып, өз жұмысына кіріскен сәтте-ақ төрт көзі түгел жиналған өз ұжымының алдында айтқан-ды.
Ол өзінің осы бір ауыз сөзімен ғана музейге жаңа бір леп, жақсы серпін ала келген еді! Бұл – осы ұжымның бүгінгі пікірі! «Мен өз орнымды тапқанымды танытайын!» деген өз сөзін нақтылы іспен бекіту үшін Құдайберлі Рақымбекұлы Мырзабек әуелі музейдің әр қызметкерімен жан-жақты жеке танысып, әрқайсысының музей ісін жандандыру бағытындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Музейдің экспозиция залдарын аралап көрді. Ғылыми қызметкерлердің экскурсия жүргізу біліктіліктерін байқады.
Сәл шегініс жасайтын болсақ, осы Мәлік Ғабдуллиннің музейінің негізін қалағандар ерлі-зайыпты Жанатай Бекенұлы мен Мәриям Кенжеахметқызы еді. Міне, Құдайберлі Мырзабек алғашқы күні-ақ осы адамдарға барып, әуелі өз ойын ортаға салды. Жанатай ағасы мен Мәриям жеңгесінің ақыл-кеңестерін тыңдады, ұсыныстары мен ойларын қағазға да түртіп, көңіліне де түйіп алған-ды.
Ақын Еркеш Ибраһимнің «Қайран да, қайран Қойсалған, Мәлікке де ой салған» деп басталатын жыры болушы еді. Құдайберлі ақынның жүрегін осы бір жыр жолдары тербеп, ол сәтті бір күні батырдың туған жеріне келгенде, көк қарағай мен ақ қайыңы көмкерілген, жазығы жасыл шалғынымен жайқалып тұрған сол күнгі Қойсалған тылсым тыныштықтың тал бесігінде маужырап жатқан сәбидей әсер еткені бар-ды.
Анау, Желтау әне! Бала Мәлік сол Желтаудың биігіне шығуды армандап, талай рет сол биікке көтерілген де болар! Сол Желтаудың биігін еңсерген Мәлік Ғабдоллаұлы өзі де бүкіл қазақтың асқар биігіне айналғалы қашан! Құдайберлінің табаны тиіп тұрған мына алап Ғабдолла мен Ысқақтың ескі жұрты еді. Мәліктің балалық шағы өткен «Үлкен қора» мен «Өтес бұлағын» да барып көрді. Бала Мәлік ең алғаш Құлет ауылындағы мектептің есігін ашқан болатын. Енді сол Құлеттің жұрты ғана жатыр. Жүрек жылағандай.
Құлеттің жұрты көңілін құлазытты. Сол көңіл-күйімен Құдайберлі жолай Зерендіге соғып, көзі тірісінде қазақтың абызы атанған сол кезде жасы тоқсанның сегізінен асып отырған Баян Жанғаловтың шаңырағына ат басын бұрып, қартқа сәлем берді. Елге есімі белгілі Құдайберлі сынды азаматты Баян ақсақал құшағын жая қарсы алып, сәлем беруден басталған сол ықыласты әңгіме-дүкен ұзаққа созылып еді. Абыз ақсақал Баян Жанғалұлының сол жолғы ұлағатты әңгімесі мен айтқандары, өсиеті мен батасы бейнелі таспаға жазылып та алынғандығы ғанибет болатын. Ол да енді – тарихтың бір үзік сыр таспасы!
Қазақтың ардақты да аяулы бір перзенті Мәлік Ғабдуллиннің музейін сол Мәкеңнің қазақ еліндегі, соның ішінде Көкшетаудағы бірден-бір қара шаңырағы деп сезінген Құдайберлі Рақымбекұлы шын ниетімен, адал көңілімен сол қара шаңыраққа туған бір перзентіндей мұрагер болуды да ойлағаны анық еді. Көкейіндегі осы ой жетелеп, Алматыға келген бойда Майдан Мәлікқызы және оның жұбайы Алмазбек Үсеновпен және батырдың өзге де ұрпақтарымен, ағайын-туысқандарымен жүздесті. Оларды жұмыс жоспарымен таныстырып, Көкшетауда өткізілгелі жатқан «Туған жердің топырағы» атты шараға қатысуға шақыра да келді.
Кеңсайдағы Мәлік Ғабдуллиннің бейітіне барып, зиярат та жасады. Тағы да сол сапарында Алматыдағы орталық мемлекеттік архивіне де соғып, Мәлік Ғабдуллиннің жеке қорымен танысудың да сәті түсті. Мемлекеттік архивтің директоры Ләззат Ақтаевамен кездесіп, музейдің ғылыми кеңесінің мүшесі болуға келісімін алды. Осы арада айта кетерлік бір жай, кезінде «Көкшетау правдасы» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарған Сүлеймен Ақтаев деген белгілі журналист ағамыз болған-ды. Ләззат сол Сүлеймен ағамыздың қызы еді. Сол сапарында Құдайберлі Алматыдағы Ұлттық кітапханадағы қорда ізденіс жұмыстарын жүргізіп, Мәлік Ғабдуллинге қатысты біраз деректі материалдарды да тауып, ала келді.
Сол 2012 жылдың шілде айының 25 күні Мәлік Ғабдуллин ұрпақтары музей директорының шақыруымен Алматыдан арнайы келді. Облыстық әкімдікте өткен жүздесу барысында 2015 жылы болатын батыр-ғалымның 100 жылдық мерейтойына байланысты ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Келесі күні Зеренді ауданындағы Желтау баурайындағы батырдың кіндік қаны тамған жерде «Туған жердің топырағы» атты шараның алғашқы кезеңі өткізіліп, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Шапай Әбутәліпов бастаған Көкшетаудың ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, батырдың Алматыдан келген ұрпақтары мен елдегі ағайын-туысқандары болды. Желтаудың бауырына «Бұл жерде Кеңес Одағының батыры, академик-ғалым Мәлік Ғабдуллин туған» деген жазуы бар белгі де орнатылып, Зеренді аудандық ардагерлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Тұраш Исенбаев салтанатты түрде абыз ақсақал Баян Жанғаловтың алақанының табы бар, дұғасы сіңген бір уыс топырақты Шапай Мүтәлләпұлына тапсырған еді.
Сол арада көңілдер толқып еді. Батыр Мәліктің туған жерінің бір уыс топырағы да қасиетті екен-ау деген ұғым оралды сана түйсігіне. Сол бір уыс топырақ арқылы Құдайберлі Рақымбекұлы Мәлік Ғабдуллиннің туған жеріне жұртшылықтың назарын аудартып еді. Біздің халқымыз үшін тоқымдай жер қымбат, әр уыс топырақ қасиетті болып келген еді ғой! Не бір ықылым замандарда жорыққа, болмаса алыс сапарға аттанарында ер-азамат туған жерінің бір уыс топырағын орамалының шетіне түйіп өзімен бірге ала кету үрдісі де жай емес-ті. Туған жердің бір уыс топырағы қашан болсын қымбат деген қағиданы бүгінгі ұрпақтың да санасына сіңіре беру керек деген ой жатты Құдайберлінің көкейінде.
Сол бір салтанатты, сол бір қадыр-қасиет тұтқан керуенмен әкелініп, Көкшетауда да алқалы топтың алқалауымен қарсы алынған батырдың туған жерінің құтыдағы бір уыс топырағын Құдайберлі Мырзабек өз қолымен қабылдап алып, музейдің көрнекті жеріне қойған-ды. Сол бір уыс топырақ осы күндері музейдің өз алдына бір құнды жәдігері ретінде келушілердің назарына ұсынылып келеді. Сол бір уыс топырақ батыр Мәліктің туған жері Қойсалған екенін әрдайым еске салып тұрары бар.
«Мен өз орнымды тапқанымды танытайын» деген уәде сөзбен басталған Құдайберлі Мырзабектің директор болған тоғыз жылғы тынымсыз ізденісінің ізіне түсіп, қуалай берсек әңгіменің ұзаққа тартары бар. Тоғыз жылдың жылнамасындағы Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына арналған кеңейтілген ғылыми кеңес өткізілгендігін айтпай кете алмас едік. Мәртебелі жиынға Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Көкшетаудағы барлық мәліктанушылар мен ғалымдар, жазушылар және зиялы қауым өкілдері, мәдениет басқармасының лауазымды адамдары қатысқан еді. Осы жиында батыр Мәлік Ғабдуллиннің 2015 жылы болатын 100 жылдық мерейтойының тұжырымдамасы мен бағдарламасы ұсынылып, мақұлданған-ды. Мәкеңнің ғасырлық мерейтойына әзірлік міне, осы шарадан басталған еді. Ғылыми кеңесте музей директоры Құдайберлі Мырзабек «Мәлік Ғабдуллин тұлғасына ғылыми бетбұрыс» атты көп жылдық бағдарламалық жобасын да жария етті. Осы ұсыныстар негізінде мен Сенат депутаты ретінде Қазақстан Үкіметіне бес мәрте депутаттық сауал жасадым. Ел болып көтерілген біраз мәселелер өз шешімін тапты. Ең бастысы Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіші орнады. Құдайберлінің жеке өзінің белсене араласуымен Мәлік Ғабдуллиннің әдеби және ғылыми мұраларының көптомдығы да шығарылды.
Музей директоры «Мәлік Ғабдуллин тұлғасына ғылыми бетбұрыс» атты бағдарламада алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ең алдымен Ақмола облысы әкімінің қолдауына сүйенді. Және де облыстық мәдениет басқармасының әр кезеңдегі басшыларының ықпалдасуының арқасында мұратты істерді ілгері бастырудың тетіктерін таба білді.
Мәлік Ғабдуллиннің туысқандарымен, оның алдын көрген шәкірттерімен тығыз байланыс орнатылып, облыстық білім басқармасымен, қалалық және аудандық оқу бөлімдерімен, мектептермен, республикалық ғылым және білім ордаларымен, әскери комиссариаттармен, қоғамдық ұйымдармен, тұлғалық музейлермен ынтымақтастық меморандумдар жасалды. Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын ардақтап, мұрасын қастерлеп, зерттеп жүрген жан-жақтағы көптеген жанашыр адамдармен тығыз байланыс орнатылып, олардың бастарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыру өз нәтижесін бергендігін де айтқан ләзім.
Музей қорына жылдар бойы жинақталған әдеби-ғылыми материалдар электронды форматқа көшіріліп, ғылыми кеңес отырыстарында жүйеленіп, көп томдықтың тұжырымдамасы жасалды. Кітаптардың электронды нұсқалары дайындалғаннан кейін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының сараптамалық кеңесіне тапсырылып, рецензия алынды. Дайындалған көп томдықтың алғы сөзін сол институттың директоры, академик Уәлихан Қалижан жазды.

2015 жылы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы ең әуелі өзінің туған жерінен бастау алды. Зерендіде «Ақын халықтың батыр ұлы» атты еске алу кеші ұйымдастырылып, ол Қойсалған ауылында ат шауып, палуан күрескен ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламаларға ұласты. Сол жылы Құдайберлі Мырзабектің «Батырлық жолы» атты пьесасы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахналанды. «Мәлік Ғабдуллин феноменін зерттеу және зерделеу» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы да, ақындар мүшәйрасы да өткен-ді. Батыр атындағы көптеген спорттық шаралар да көрнекті ғалымның рухын асқақтата түскені аян еді.
Батырдың ғасырлық мерейтойына арналған конференцияға Алматыдағы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик-ғалым Уәлихан Қалижан, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аппарат басшысы, филология ғылымының докторы, профессор Бахтияр Сманов, Ресейдегі Тобыл университетінің ғалымы, тарих ғылымының кандидаты Александр Валитов келіп қатысып, баяндамалар жасады. Бұған қоса, конференцияға жер-жерден 35 мақала келіп түскен-ді. Солардың барлығы да жинақталып, конференция материалдары бойынша жеке жинақ та жарық көрді.
Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағын алған кезден бастап, батырға арналған өлең-жырлар жинақталып «Мәлік батыр» атты кітап баспа жүзін көрді. Батыр Мәлік жайлы жазылған мақала, естелік, эсселер жинақталып, «Ақын халықтың батыр ұлы» атты тағы да бір кітап басылып шықты. Осының барлығы да Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын зерттеу мен насихаттауды одан әрі тереңдету үшін жасалған тағы бір маңызды да игі іс болды.
Соғыстан кейінгі жылдары Мәлік Ғабдуллин өзінің қанды көйлек майдандас жолдастары жайлы келелі дүниелерді көп жазғандығы белгілі жай. Міне, музей қызметкерлері батырдың сол шығармаларына арқау болған кейіпкерлерінің де, бейбіт заманда жақын қарым-қатынаста болған, әдеби, ғылыми және зерттеу еңбектерінің нысанына айналған тарихи тұлғалардың туған, олардың тұрған елді мекендеріне, алыс демей, жақын демей сол өңірлерге ғылыми танымдық экспедициялар ұйымдастырды. Сондай сапарлардың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Шоқан Уәлиханов, Иван Шухов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл облысындағы Бауыржан Момышұлы, Шығыс Қазақстан облысындағы Абай, Мұхтар Әуезов, Төлеген Тоқтаровқа байланысты Риддер қалалық, Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Дінмұхамбет Қонаев, Алматы облысы Ұзынағаштағы Жамбыл Жабаев, Алтынемелдегі Шоқан Уәлиханов, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров, Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин, Таран ауданындағы Бейімбет Майлин, Торғайдағы Шақшақ- Жәнібек батыр, Ыбырай Алтынсарин, Амангелді Иманов, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейлерімен тәжірибе алмасылды. Бұлардың әрқайсысында Мәлік Ғабдуллин туралы тағылымдық іс-шаралар өткізіліп, шығармашылық мақсаттағы өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылған-ды.
Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі осы музейлердің барлығына да Мәлік Ғабдуллиннің қатыстылығы барлығы жөнінде мағлұматтар табыс етілді. Мысалы, батыр әрі ғалым Мәліктің өз ғұмырында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл жырау, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың, біздің майдангер жерлесіміз Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әніне арқау болған Төлеген Тоқтаров сынды осы және өзге де тұлғаларды білгендігі, олармен араласып, пікірлес, сырлас, ниеттес болғандығы да аян. Осы бір елеулі жайға құнды қатысты мағлұматтар табыс етіліп, соларды осы музейлердің ескеріп отырулары жайлы орынды ұсыныстар да айтылды. Еліміздегі осы музейлерге сапарлар барысында экспедицияға қатысушы Мәлік музейінің қызметкерлері көптеген өзге де музейлерде болып, олардың да экспозицияларымен және жұмыстарымен танысып, тәжірибе жинақтады.
Қазақстан бойынша Мәлік Ғабдуллин есімін иеленген сегіз мектеп бар екен. Сол сегіз мектептердің барлығында да «Жас ғабдуллиншілер» клубы құрылып, жыл сайын үздік оқушылар мүшелікке қабылданатын дәстүр орнықты. Музей қызметкерлері жыл сайын мектептерде өтіп тұратын салтанатқа қатысып тұрады. «Жас ғабдуллиншілер» мүшелігіне өткен оқушылардың омырауына жұлдызша тағып, куәліктер тапсырып, Мәлік Ғабдуллин сабақтарын өткізіп жүр. Және де Мәлік Ғабдуллиннің туған және Кеңес Одағының Батыры атағын алған күндері де жыл сайын онлайн түріндегі «Ғабдуллин оқулары», әр түрлі тақырыптарға шығарма жазу байқауы, өлең жазуға бейімі бар оқушылар арасында мүшәйра ұйымдастырылып, осы шаралардың жүлдегерлерін марапаттау сол мектептердің өздерінде музей өкілдерінің қатысуымен өткізілуі де «жас ғабдуллиншілерді» ынталандыра түсері де бар.
Мына жайды да айтпаса болмас! Қазақстанның өзге аймақтарындағы Мәлік Ғабдуллиннің атымен аталып жүрген мектептердің маңдайшасындағы жазу ғана болмаса, батырдың өмірі мен ерлігі жайлы мағлұмат беретін өзге бір көрнекі насихат құралдары кейбірінде аз, кейбірінде жоқ та болатын. Соны байқаған Құдайберлі Мырзабек еліміздегі барлық мектептерді Мәлік Ғабдуллин жайлы қызықты да әсерлі деректі құралдармен қамтамасыз етіп, осы күні сол барлық мектептерде батыр рухы кең жайылып, биік самғағаны бірден байқалады деуге де болар еді.
Музейде 2013 жылдан бастап жыл сайын қала мектептеріндегі оныншы сыныпта оқитын ұл балалардың арасында «Мәлік Ғабдуллин құрмет жұлдызы» атты интеллектуалдық байқауы, «Мәртебелім мектебім!» және «Ауылым – алтын тұғырым» көрмелер байқауы өткізіліп жүр. Ауыл тарихына арналған. «Ауылым – алтын тұғырым» көрмелер байқауына Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарының ауылдары қатысып келеді. Бұл шараны өткізуге негізінен ауыл мектептері ұйытқы болып, оларды ауыл әкімдіктері, ауыл тұрғындары мен тумалары, сол ауылдардағы серіктестіктер мен шаруа қожалықтары қолдап, көмектерін көрсетіп-ақ бағуда. Бұл көрме байқау біраз елдерде ауыл тарихы музейлерінің ашылуына негіз салды. Біраз уақыттан бері өткізіліп жүрген осы көрме байқауының нәтижесінде «Ауылым – алтын тұғырым» атты альбом кітап жарық көріп, ауыл мектептеріне сыйға тартылды.
2016 жылы өткізілген «Желтаудың желмаясы» және 2018 жылы ұйымдастырылған «Алаштың алтын шаңырағы» атты мәдени-этнографиялық осы екі фестиваль да Мәлік Ғабдуллин музейінің және оның қызметкерлерінің қабілеттерінің жоғарылығын, өрелерінің биіктігін, рухтарының ұлттық қасиетпен суарылғандығын айқын танытты дер едім. Құдайберлі Мырзабектің қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және де ауыл адамдарымен жүргізген жүйелі үгіт-насихатының нәтижесінде осы қос фестивальдер аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық өнер мен спорттық ойындары кеңінен көрсетіліп, дәріптелген еді. Фестивальді қалың жұртшылық тек тамашалап қана қойған жоқ, ел арасында сақталған ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрыптарды ауыл адамдарының өздері де бірге көрсетіп, шараның бәсі артып, ол одан әрі тартымды болған-ды.
Музейдің бұқаралық сипатта ұйымдастырған бұл шараларының бар шығынын халықтың өзі-ақ көтеріп кеткен-ді. Желтау баурайына Қанай би, Игілік, Жамантұз, Ұялы, Ескенежал, Қойсалған ауылдарындағы Қанай би ұрпақтары 18 үй тігіп, дастархандарын жайып, келген жұрттың алдарына ас-суларын тосты. Сарыөзектің сағасын думандатып та, самсатып та ақбоз үйлер тіккен Ақан ауылының азаматтары да, өзге де алыс-жақын елдерден жиналған қалың жұрт ел бірлігінің тағылымды бір сәттерін бастан кешті. Бұл сөз жоқ, ойға алған ісін жеріне жеткізгенше бір тыным табуды білмейтін Құдайберлі Рақымбекұлының күн-түн демей жүргізген ұйымдастырушылық қабілетінің нақтылы бір жемісі және де ел аузында осы күнге шейін айтылып жүрген, ел есінде осы күнге шейін ұмытылмай сақталып қалған абыройлы, бағасы жоғары бір елдік іс болып еді.
Ізденіс пен шеберліктің ұштасуы бар жерде атқарылған істің нәтижесі болары анық қашан да! Осы музейде қандай іс-шара өтпесін, соның барлығының да мазмұны Мәлік Ғабдуллиннің азаматтық, отансүйгіштік пен ең бастысы адамсүйгіштік тұлғасын ашуға келіп саятын. Батыр ғалымның өнегелі өмірі, азаматтық ұстанымдары мен ақ қағазға жазылып қалған даналық ойлары басты назарда ұсталып келеді. Әсіресе, Мәлік Ғабдуллиннің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты еңбегіндегі ғылыми ой-пайымдары мен ұсыныстары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылатын ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қағидасын жүзеге асыру үшін ұрпақ тәрбиесіне тигізер ықпалы әлі де зор екендігін музей қызметкерлері осы күндері жан-жақты саралап, қалың көпшілікке жеткізуге ынталы болып отыр.
2013 жылдан бастап өткізілген «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылардың және батырлар жыры бойынша сурет салу байқаулары да жыл сайын үзбей өткізіліп жүр. Мәлік Ғабдуллиннің ең алғашқы ірі ғылыми-зерттеу жұмыстары да қазақ халқының батырлық жырлары болған-ды. Сол батырлық жырлармен рухтанған оның өзі де қаһармандық ерліктің үлгісін көрсетіп, «Батырлық бізге айдаладан келген жоқ, батырлық біздің салтымыз» деген ұлағатты сөз қалдырды. «Батырлар туған бақ мекен» атты шараның жобасы Мәлік Ғабдуллиннің осы бір ауыз сөзі негізінде жасалған болатын-ды. Бұл жоба біраз жылдан бері жүзеге асырылып та келеді. Музей қызметкерлері Ақмола-Көкшетау өңіріндегі Абылай хан мен Кенесары ханның заманында өмір сүрген батырлардың, Кеңестік дәуірде ерлік еткен батырлардың ізімен ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, тың деректер, аңыз-әңгіме, жырларды жинап, соларды топтастырып келеді. Әскери комиссариаттармен бірлесіп екінші дүниежүзілік соғыстың ақмолалық майдангерлері мен Ауған соғысының ардагерлері туралы деректер мен құжаттар да музей қорына жинақталып жатыр. Ол деректер электрондық нұсқада жүйеленіп арнайы терминалға да салынды. Осы жоба аясында «Жақсының жақсысы Баубек батыр» атты жинақ және «Баубек батыр» атты деректі фильм де түсірілді.
Бүгінгі және келер ұрпақтың болашағында дене тәрбиесінің зор маңызы ескеріліп, жыл сайын Мәлік Ғабдуллин жүлдесі үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, Балуан Шолақ атындағы облыстық спорт мектебімен бірлесіп, садақ атудан «Сұр мерген» сайысы, қазақ күресінен жоғары сынып оқушылары арасында «Көкшетау қабыланы» атты күрес турнирлері өткізіліп жүр. Музей өздерінің дарынды қызметкерлеріне де қолдау жасай біледі. Бүгінгі күні алды қазақ еліне белгілі ақындар Қуаныш Оспановтың «Ауылдың баласымын», Мерген Тоқсанбайдың «Жанымның жетінші пернесі» атты шығармашылық кештері де өте жоғары деңгейде өткізілген еді. Сөз арасында айтар болсақ, күнтізбелік, мерейтойлық іс-шаралардың да тақырыбын ашып, мазмұнын байытып әртүрлі форматта өткізудегі музейдің өз қолтаңбасы қалыптасты.
Музей қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіріп отыру үшін, республиканың өзге облыстарындағы және көршілес Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы музейлердің жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасу, Нұр-Сұлтан қаласындағы біліктілікті арттыру орталықтарындағы курстарға жіберіп отыру, мүмкіндікке қарай оқыту орталықтарының мамандарын Көкшетауға шақырып шеберлік сыныптарын өткізіп отыру да жолға қойылған еді. Әр экспедициялық сапардан кейін сапарнамалық кітапшалар, конференциялардың материалдары мен мақалалар жинағы, әр жылдың қорытындысында альбом кітаптар, видео-фильмдер шығару дәстүрі де қалыптасқан-ды.
Былтыр музейдің ұйымдастырылғанына жиырма бес жыл болды. Осы ширек ғасырдың уысындағы ең үлкені олжалы іс, ол Мәлік Ғабдуллиннің әдеби-ғылыми мұраларының 11 томдығының басылып шығуы дер едік. Бұған қоса «Мәлік Ғабдуллин – Қазақтың Оқжетпесі» атты фото альбомдық естеліктер жинағының жарық көруі де музей қызметкерлерінің абыройлы бір биігі болды деп айтар едік. Музейдің жиырма бес жылдық тарихының тағы бір тартымды беті өткен жылы Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» атты Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтен табылған қолжазбасының тұңғыш рет жеке кітап болып басылып шығуы болатын. Сонымен бірге, «Мен халықтың ұлымын» атты эпостолярлық жинақтың, музейдің 25 жылдығына арналған «Жемісті жылдар» атты альбом-шежіре кітаптың да шығарылуы өткен жылдың тағы бір жетістігі болды.
Өзінің осы бір тоғыз жылға жуық қызметінде Құдайберлі Мырзабек музей ісін ұйымдастырудың шынайы шеберіне айналды десе де болғандай. Ол тіпті елге, келер ұрпақ үшін қажетті де жаңа бір істерді де қолға алып, Красноярдағы №3 мектепте Көкен Шәкеевтің, ал, Көкшетау қаласындағы №18 мектепте Сәкен Жүнісовтің музейлерін де ұйымдастырғандығын, өзінің Көкен ақындай ұстазы мен Сәкен серідей сыйлас ағасының алдындағы інілік бір парызын өтегендігі деп қабылдар едік.
Ол Мәлік Ғабдуллин музейіне тоғыз жылға жуық уақыт аралығында басшылық етіп келеді. Осы кезеңде Құдайберлі Мырзабек бұл музейді қазақ руханиятының орталығына айналдыра білді. Және де музейдің іші-сыртын қайтадан жаңғыртып, осы заманғы талапқа сай жабдықтатып шықты. Қазір музейдің экскурсиялық мазмұны байытылумен бірге, экспозициялық залдарға 3D үлгісіндегі виртуалды саяхат жасау мүмкіндігі де бар. Алдағы уақытта музей қорын түгелімен цифрлық бағдарламаға көшіруге де дайын тұр.

Әлқисса, «Мен өз орнымды тапқанымды танытайын, сіздер өз орындарыңызда жүргендеріңізді дәлелдеңіздер!», – деп өз ісін бастаған Құдайберлі Мырзабек үшін осы жылдар өсу мен өркендеудің, толысу мен кемелденудің және де жасампаз қайраткер тұлға болып қалыптасуының кезеңі болды дер едік. Ол өз орынын тапты! Білікті ғылыми қызметкерлері өз орындарында жүргендерін дәлелдеп келеді! Алға қойған мақсат орындалғандай! Алда әлі де көп істер күтіп тұрғаны да анық!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
(Музейдегі суреттер карантиндік шектеулер қойылмаған күз айларында түсірілді).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар