Ынтымақтастыққа жол ашық

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин  Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мачей Ланг бастап келген делегация мүшелерін қабылдап, мәртебелі меймандармен екіжақты ынтымақтастық, сауда-экономикалық  байланыстарды одан әрі дамыту және инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастырды.

Делегация құрамында Польша Республикасының Астанадағы елшілігінің консулы Малгожато Таньска және Алматыдағы бас консулы Анджей Папеж бар. Ақмола облысы мен Польша арасында ынтымақтастық еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастау алады. Сол уақыттан бері осы елмен сауда-экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. 2014 жылы Ақмола облысы мен Польша Республикасы арасындағы  өзара сыртқы сауда айналымы 10,7 миллион АҚШ долларын құраған.  Оның ішінде экспорт үлесі 4,5 миллион АҚШ доллары болса, импорт үлесі 6,2 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Дегенмен, биылғы жылы бұл көрсеткіш сәл азайып отырған көрінеді. Мәселен, 2015 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы сауда айналымы бар-жоғы 4,2 миллион АҚШ долларын ғана құраған. Оның ішінде экспорт 1,9 миллион АҚШ долларына жетті. Біздің облысымыздан Польша еліне ұнтақталған зығыр, рапс, күнбағыс тұқымдары және өзге де майлы дақылдар жеткізіліп келеді.
Ал, бірлескен кәсіпорындарға келетін болсақ, Аршалы ауданында 50 пайыз поляк үлескерлерінің қатысуымен «Ормис-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс материалдарын шығарумен айналысады.  Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы «Блюз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі польшалық тараппен ынтымақтаса отырып, косметика саласында қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні облыс аумағында барлығы 8 мыңнан астам поляк ұлты мен поляк халқының дәстүрі, мәдениеті және тілін дамыту бағыты бойынша
4 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді.
Жылы шырайлы өткен кездесу барысында екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік сектор мен сауда-экономикалық мүмкіндіктер кеңінен қаралды. Кездесуде облыс әкімі Сергей
Кулагин Ақмола өңірінде аграрлы сала жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын айта келе, Мачей Лангті Казақстан Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтады.  
Сондай-ақ, облыс әкімі аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы сөз қозғап, облыстың географиялық жағынан бас қаламыз Астанаға жақын орналасуы нәтижесінде ақмолалық өнім өндірушілердің ауқымды мүмкіндікке ие екендігіне ерекше тоқталды. Өз кезегінде Польша елшісі Мачей Ланг мырза да облыс әкімі Сергей
Кулагинге қазақша сәлемдесе келе, Көкше жеріне келгеніне өте қуанышты екенін, мұндағы халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, әсіресе, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бірнеше ұлт өкілдерінің кең байтақ қазақ даласында тату-тәтті өмір кешіп жатқандығын жеткізді.
– Жылы қабыл алғаныңызға шынайы алғысымды білдіремін. Көкше жеріне алғаш рет келіп отырған жоқпын. Осыдан 20 жыл бұрын бір сапарымда болғанмын. Ол кезде басқа қызметте едім. Дегенмен, бүгінгі күні Қазақстан, оның ішінде сіздердің облыстарыңыз танымастай өзгерген. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және бірнеше ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұруы үлгі боларлықтай, – деді Мачей Ланг өз сөзінде.
Кездесуде облыс әкімі Сергей Кулагин Польша сияқты мемлекетпен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, инвестиция тартуға дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, мәртебелі меймандардың Көкшетаудағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктермен кездесуін ұйымдастыру да жоспарланған.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар