Кеткенің бе, бір қайырылмай?!.

Бұл – сұм ажалдың тағы да қазақ баспасөзіне, соның ішінде «Арқа ажары» газетіне тұтқиылдан келген тосын соққысы. Аға деп алдымызға салып жүрген жақсылар көшіндегі Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев өмірден озды дегенде, шыны керек, сене алмадық. Бұл жалған шынымен алдамшы, әрбір күнің өткінші, өлшеулі екен ғой. Өзіміз қатарлы жер басып, аман-есен жүріп жатқан Дәуренбек ағамызға да сұм ажал осылай ойламаған жерден сұқ көзін қадайды деп кім күткен?!.

Күні кеше ғана зейнет жасынан асқан соң, редакциядағы кейбір құрылымдық өзгерістерге байланысты жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі қызметтерін ұсынғанымызда, денсаулығына қарайлап, дем алғанды жөн көріп еді. Кейде өз басымызды баспасөздің апы-күпі күнделікті жұмысы шаршатып, қажытқанда, Дәуренбек ағамыздың тыныштықты жөн көрген сонысының өзі дұрыс-ау деген ой да көкейімізде қылаң бермей қоймайтын.
Бүгін орны толмас осы ауыр қазаға көңіліміз құлазып, жанымыз жүдеп отырғанда, жазмыштың аяулы ағаға сол еңбегінің зейнетін көруді де ұзағынан бұйыртпағанына налисың.
Шағын ғана Ортағаш ауылынан арман қуып Алматыға барып, өз талабымен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен бозбала жігіт өз ортасына ерте танылып еді. Кейін араларынан қазақ әдебиеті мен баспасөзінің небір ірі өкілдері шыққан өз оқу тобында топ старос-тасы атанып, талай ұл-қыздарға бас болған Дәуренбек Шөрентаев 41 жыл бойы баспасөз саласындағы жұмысын да осылай жанын салып, бар жауапкершілікпен атқарды. Көп жыл бірге қызметтес бола жүріп, бізді ерекше тәнті ететіні ол кісінің бойындағы адамгершілік жоғары қасиеті, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы, қашан болсын, адам баласымен сіз, біз дескен сыпайы сыйластығы еді. Көз майын тауысып, үнемі газет жұмысынан бас алмайтыны, уақытпен санас-пай, ертелі-кеш соның сан батпан шаруасының соңында жүретіні түбі таратып жазар болсақ, өз алдына үлкен бір үлгі-өнеге.
Жанымыз осы бір жақсы ағаның өмірден ерте өтуімен жабырқаған қаралы сәтте сұм ажал адам пенденің онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырын неге осыншама шолақ қайырады екен деген өкінішіміз де аз емес.
Ол – түбі тұңғиық о дүниеге аяу-лы бір әріптесімізді ойда-жоқта беріп алғанымыз, көңілге енді қайтып келмейтін Дәуренбек ағамыздың жарқын бейнесінен ғана медет тауып отырған мына бір ауыр шағымыз. Қош, бақұл болыңыз, алдыңыздан пейіштің нұры шалқып, иман байлығын берсін деген сөзді тұтқиылдан Сізге де айтамыз деп ойлаппыз ба?!. Біз білген бар асыл қасиетіңізбен қашанда жүрегіміздің төріндесіз, асыл аға! Жақсы әзіліңізге дейін әлі талай сағынып, талай іздерміз. Ел-жұртыңыз, қазақтың киелі баспасөзі аман тұрғанда, Сіздің де ел есінен ұмытылмайтыныңыз ақиқат.
Ақмола облыстық
«Арқа ажары»
газетінің ұжымы.        

Сөзің қалды әрлеген…

Аға едің ешкімге зияны жоқ,
Тұрысыңның сабыры, ұяңы көп.
Кім ойлаған әзілқой Дәкең дағы,
Қазасына елді ерте жияды деп.

Мына ажалың маған да тұр шын батып,
Жүруші едің жұмыста күн-түн қатып.
Сен де, мен де, білуші ем, көз ілуші ек,
Сол газеттің жағдайын ойлап жатып.

Сөзің қалды әрлеген әрбір санда,
(Газеттің де реңі келер сонда).
Отырушы ең бас алмай әр әрпінен,
Кей-кейде бір қиналып ауырсаң да.  

Сондай еді ісіңе адалдығың,
Жазмыш деген жеңе алар қаталды кім?!.
Дем алам деп кетіп ең былтыр ғана,
Келтелігі соның да батар бүгін.

Бірден еске түседі ер еңбегің,
Солай әркез көңілде тереңдедің.
Арлылығың қоюшы ед мойындатып,
Қазаңда да жүректі он тербедің!..
   
 Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев

Қазақ баспасөзі ауыр қазаға душар болды. 2015 жылдың 1 қарашасында белгілі журналист Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев 65 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев 1951 жылдың 8 мамырында бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Ортағаш ауылында дүниеге келді. Осы ауылдағы бастауыш, Қарашілік ауылындағы орта мектепті 1968 жылы бітірген соң Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис-тика факультетіне оқуға түсіп, осы жоғары оқу орнын 1973 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылдың 1 тамызында Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасып, әр жылдары жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Көкшетау облыстық радиотелекомпаниясында радио хабарларын тарату жөніндегі редакцияның бас редакторы болды. 1997 жылдың 1 тамызынан бастап жаңадан ұйымдастырылған «Көкшетау» қалалық газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет істеді.  
2005 жылы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне жұмысқа ауысып, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Ал, 2012 жылдың маусымы мен 2015 жылдың қаңтары аралығында зейнет демалысына шыққанға дейін осы газеттің бас редакторының орынбасары болып, басылымның мазмұны мен таралымына лайықты үлесін қосты.
Осы жылдар ішінде қиын да күрделі журналистика саласына бар саналы ғұмырын арнаған Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев өзін қарымды қалам иесі ретінде көрсетіп, осы жолдағы ізденісі, табандылығымен оқырман қауымның ілтипатына бөленді. Ол өз әріптестері арасында спорт тақырыбына үзбей қалам тартуымен ерекшеленіп, осы саладағы жас таланттардың қалың көпшілікке танылуына көп еңбек сіңірді. Қаламгерлік өнердің жауынгерлік бір саласы – сатира жанрында да тындырғаны аз емес еді.
Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене атсалысып, үнемі берік ұстанымымен көрініп отырды. Бойындағы азаматтық асыл қасиеттерінің ішінен әсіресе, өзі таңдап алған мамандыққа адалдығы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы көзге ерекше байқалып тұратын. Осы болмысымен ол отбасында да адал жар, сүйікті әке және ата бола біліп, үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.     
Белгілі қаламгердің баспасөз саласына сіңірген елеулі еңбегі әр жылдары лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, салалық министрліктің Құрмет грамоталарымен және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бірнеше мәрте облыс әкімінің «Алтын қалам» сыйлығына ие болып, екі рет «Үздік спорт журналисі» атанды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де көп жылғы еңбегі ескерусіз қалмай, «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісіне қол жеткізді.   
Өмірде ақжарқын, достыққа берік, бар саналы ғұмырының мәнін тәуелсіз елімізге адал қызмет ету деп білген асыл азамат Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашан сақталатын болады.   

Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.

Сен мен үшін қымбат едің

Дәкем-ай! Дәуренбегім-ай!  
Не болды саған?! Құлағаның рас па? Не дейді айналам?!. Дәуренбектің жүрегі тоқтап қалды дей ме?! Не дейді айналам?!.
  Күні кеше ғана телефонмен сөйлесіп, амандығымызды сұрасып, бір жасап қалып едік… Сонау 1973 жылдан бері сен Алматының КазГУ-ін бітіріп, мен әскер қатарынан келіп, екеуміз де бір мезгілде сол кездегі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке келіп, Сайлау ағамыздың (Көшкенұлы) соңынан еріп, бір жатақхананың бір бөлмесінде бірге жатып, біз де өмірдегі өз еңбек жолымызды бірге бастап едік. Міне, сол күндерден бастап жұбымыз жазылмай, ұзақ жылдар бойы бір салада қызмет жасадық. Бәрін де көрдік, бәрін де бастан өткердік. Ол жылдар енді қайра айналып келмесі де анық. Өтті… кетті ол күндер… Бәрі де сағыныш енді. Сен де енді сағыныш болып кетіп барасың!
Екеу арамыздың сыйластығымызға сан асулардан ассақ та біз ешқашан сызат түсірген жоқпыз. Басымызға не істер түссе де, өмір бізді небір өз сынағына алса да, бір-бірімізге деген сыйластығымыздан арылмадық.
Мен саған сендім, сен маған сендің. Сол бір-бірімізге деген сеніммен, бір-бірімізге деген адал көңілімізбен, бір-бірімізді жетелеп, бір-бірімізге сүйеу болып өмір кештік. Таңертең жұмысқа келе салысымен сені іздейтінмін, шақырып алып, сені көріп, сенімен сөйлесіп алып, іске кірісуші едім. Өйткені, сен менің сенімді серігім едің. Ерте тұрып, жұмысқа да ерте келіп, бар жұмыстың ретін ойластырып қоятынсың. Қажымайтын қара нарым едің, өз ісіңнің майталман маманы едің.
Сен мен сүрінбесін, құламасын деп, мен сен сүрінбесе екен, құламаса екен деп бір-бірімізге сүйеу болдық. Өздерінше талай бір кеуделері зорлардың  бәрінен де сен өзіңнің кішіпейіл де қарапайымдылығыңмен, кісілігіңмен, адалдығыңмен, жан баласына қиянат жасай алмайтын имандылығыңмен зор едің. Сондайлардың танаулағандарына да, талағандарына да қарамастан, бірге ілгері бастық. Қай газеттің қай тізгінін ұстасам да, сол газеттің шылбырын саған ұстатып жүрдім. Өшпесең екен, өзіммен бірге өссең екен, еңсең түспесе екен, дұшпанға таба, досқа күлкі болмасаң екен деген адал көңіліммен серігім қылдым, жанымнан қалдырмадым, көзімнен таса қылмадым.
Аяулы ұлың Асланнан ерте айырылып, қайғыдан қабырғаң қайысып, жаның жүдеп, сағың сынып, жүрегің қан жылап, көз жасыңды тыя алмай, мына өмірден баз кешіп, бәрінен де түңіліп, бәрінен де жерініп, кей-кейде сылқ етіп сынып кетер тұсыңда да сен сынбасаң екен, есіңді жисаң екен, қайратыңа мінсең екен деп сені сындырмаймын, сені өз қайғыңмен сенделтіп, тентіретпеймін, сені жүдетпеймін, сені сақтап қаламын деп сен үшін жаныммен алысқан кездерім де аз болған жоқ.
Сынақты сондай бір сәтте: «Дәуренбек, күніміз жеткен күні бәріміз де өлеміз. Енді өлген балаңды ойлап, жылай бергеніңді қой да, тірі балаларыңның жағдайын ойла да, соларға ғұмыр тіле»,–деп батыра айтқан кезім де болды. Есті едің ғой сен және де кез-келген жағдайда, кез-келген күйіңде менің айтқан бір ауыз сөзіме «Ә, Жәке, солай ма өзі? Жарайды, қойдым енді», – деп тоқтай қалатыныңды да ойлап, жүрегім егіліп отыр.
Соның бәрі сені мен менің бір-бірімізге деген адалдығымыз екен-ау. Сен маған, мен саған шаң жуытқымыз келмейтін. Небір жаладан күйініп отырған сәттерімде «Жәке! Қойшы, солардың сөздерін де, өздерін де, сенің кім екеніңді білеміз ғой, ренжімеші»,– деп жұбататын да сен едің. Менің нәзік жаным мен адал көңілімді, адал ісімді  білетін де, түсінетін де, бағалай білген де  сен едің, Дәке!
  Мен сенатор болып  сайланған тұстағы сенің қуанғаныңды да, қимағаныңды да жақсы білемін. «Арқа ажары» газетінің әр санын поштамен маған Парламентке салып жіберіп тұрғандығыңның өзі мына өмірде мені іздейтін сен бар екендігін ұғындырғандай болып еді. Сен зейнеткерлікке шығып, сол газеттен кеткен күні сол газеттің келуі де тоқтады…
  Өзіңе тән бір ойып түсер әзілің қандай еді, шіркін! Жігіттерге «Әй, байқаңдар, менің ендігі «крышам» сенатор»,–деп айтқан бір ауыз әзіліңнің астарында сол бір-бірімізге деген сенген де, арқа сүйеген де, қимас та қымбат адал  көңіліміз жатқан еді. Сен маған қымбат жан едің. Айтар сөз де, айтар жай да көп әлі. Қырық жылға жуық қызметтес болған жылдардың жылғаларынан басталған өмір- өзеннің өзі айтар сырды да, сен жайындағы көңіл сөзімді де Құдай қаласа айтармын әлі талай бір.
  Қимасам да, қош Дәке, Дәуренбегім деген бір ауыз сөзді айтпасыма амал жоқ. Бір Алла бақилық болған өзіңе де, артыңда қалған жарың Балжанға да, ұлың мен қызыңа да, солардан өсіп, өніп келе жатқан немере-жиендеріңе де, бар ағайыныңа да, қалың еліңе де қайыр жақсылығын берсін.
 Қош, Дәке, Дәуренбегім!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.
   Астана.

Дүние дәурен…

Беймезгіл соғылған телефон қадірлі ініміз Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың өмірден өткендігін жеткізді. Неткен әрі тосын, әрі суық хабар еді.
Ұзақ жылдар қатар жүріп еңбек еткен Дәуренбек менің есімде өзінің момын, біртоға мінезді, жаны жомарт, әзіл-қалжыңға да қарық қылатын, сонысын қағаз бетіне тізілтіп түсіре қоятын қалпымен қалыпты.
Анау бір жылдары сүйікті ұлының кісі қолынан мерт болғаны да әкеге оңай тимеген болар-ау. Бірақ, Дәуренбек сол бір қабырға қаусатар ала қайғыны да атпал азаматтай көтере біліп еді. Бірақ, ет жүрегіне түскен салмақ оңайға соқпағандығы ақиқат еді.
Иә, көз көрген, бір сапта жүріп еңбек еткен ағалар мен інілер қатары да сиреп барады. Бұл өмір заңы десек те, әсіресе, Дәуренбек тәрізді ардақты інінің зейнеткерлікке енді шыққан шақта өмірден өтуі жүрегіңді ауыртып, жаныңды қинайтыны ақиқат. «Орнында бар оңалар» дегендей, артында ұрпақтары қалды. Біз осыған шүкіршілік етеміз.
Өмір алдында адам атаулының қауқарсыздығын тағы да бір мойындағандаймыз.
Енді не айтуға болады?!
Қайран Дәуренбек бауыр, топырағың торқа, иманың сәламат болсын. Келін мен балаларыңа қайғырып көңіл айтамын. Артында қалғандарға ғұмыр, өзіңе иман байлығын берсін.
Бақұл бол, бауырым!
Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
жазушы.

«Дүние дәуренге» жалғасып айтылатын сөздерді ауызға алуға дәтім бармай отыр. Оның басты себебі – өмірге құштарлықтан. Осы құштарлық Дәуренбек досымның өн бойынан төгіліп тұратын. Өйткені, Дәуренбек Ақбекұлы баршамызға несиеге берілгендей ғұмырдарияның нарқы мен парқын анық салмақтап, парызын мейлінше адал атқарған жан. Оның қайтарымы кіршіксіз көңілімен, екпінді еңбегімен жан-жағына өнеге шашып, қоғам беделіне бөленуінде дер едім.
Журналист жазуы керек. Бұл оның міндеті. Дәуренбек қазақ журналистикасындағы жүйріктердің бірі еді. Оның қызмет атқарған жылдары осынау қиын да қызықты кәсіптің абыройы аспандап тұрған кезеңмен тұспа-тұс келді. Мұндай додада нақты ұстанымның болғаны жөн. Біз Дәуренбек досымызды ұшқыр қаламгер, жедел ақпарат шебері, бұлтартпас сыншы ретінде қоғамдық пікірді қалыптастыруға күш салған саңлақ деп білеміз. Осымен бір мезетте, Дәуренбек көп журналистің қолынан келе бермейтін, газет шығарудың үйлестірушісі аталатын, құрметті «қара жұмысын» қара нардай қайыспай атқарған азамат. Оның есімі республикамыздағы кәсіпқой жауапты хатшы, білгір басшы, талғампаз тәлімгер ретінде белгілі.
Дәуренбекпен сонау жетпісінші жылдары КазГУ-дің жатақханасында басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасқан достығымыз үзілмейді деп ойлаймын. Оның артында шаңырағының шырақшысы – Балжаны, өнегелі ұл-қыздары, әуесті әулеті қалды. Бақұл бол, бауырым!
      Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Егемен Қазақстан» газетінің
Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты.

Бұл пәни жалғанда әркіммен кездесесің, танысасың.
Қайсыбірімен қызметтес, көрші, кейбірімен сырлас, пікірлес боласың. Араларында тез ұмытылып кететін таныстарың да болады, әрине. Ал, қайсыбірі өзіне тән кісілік келбетімен, адамгершілік болмыс-қасиеттерімен, мінез-құлқымен әрдайым жадыңда жүретіні анық. Біз үшін осындай азаматтың бірі – әріптесіміз Дәуренбек Ақбекұлы дер едік.
Көкше өңірінің тумасы Дәуренбек бүкіл саналы өмірін баспасөз саласына арнады. Қалалық, облыстық газет редакцияларындағы қызметін Ақмола, Көкшетау өңірінің қалың оқырмандары жақсы біледі. Бірнеше бөлімдерді басқарды, газеттің жауапты хатшысы, бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде болды. Ұжымдағы әріптестер оны әзілдеп «редакциясының спорт шебері» деп атаушы еді. Республика, облыс өңіріндегі ұлт спортымыз саласындағы жетістіктерді жіпке тізгендей қылып айтып отырушы еді…
Ардагер қаламдасымыздың шығармашылық еңбегі лайықты бағаланды. Әлденеше рет талай жүлделерді қанжығасына байлағанын да, алғыс алып, үкімет наградаларымен марапаталғанын да жақсы білеміз.
Абзал азамат шығармашылық салада ғана емес, отбасында да береке-бірліктің ұйытқысы, адал жар, ардақты ата болған жан еді. Ең өкініштісі сол, осы жайлардың барлығын өткен шақта айтуға мәжбүр болып отырғандығымыз.
Амал қанша, өмір заңы қатал, тағдырдың жазуына қайран қылар шара жоқ. Тіршіліктің ғажабына таңданып, жан бағып жүргенімізде «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» бір сәтте көзден ғайып болатынын аңғармай да қаласың. Өлшемі қысқа ғұмыр-ай!..
Бақұл бол, қадірлі әріптес! Жарқың бейнең, сенің иланымды адамгершілік болмысың әрдайым жадымызда сақталмақ.

Бәдуан Имашұлы,
Амангелді Жұмабек,
 «Арқа ажарының» ардагерлері.
Астана.

Мен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде Дәуренбекпен қатар оқып, студенттік шақтың базарлы күндерін бірге өткізген едік. Ол менің қимас ардақты досым болатын. Дәуренбектің қазасына орай, отбасына, ағайын-туыстарына, Қарөткел мен Көкшенің қалың еліне көңіл айтамын.Досымның қазасын естігенде көңіліме мына бір нала жыр оралды.

Дәурен десе ел өзіңді,
Дәке дегем дәріптеп.
Дегдар досым, көз ілдің,
«Дүние – жалған, тәрік» деп.

Жалған, иә,
Бекер ғой,
Жылатып та, күлдірген.
Арман күндер екен ғой,
Алматыда бір жүрген!

Жастық шақ та
                      құйындай
Өте шықты-ау, ол да ақыр.
Қатар өскен құлын-тай –
Қайран досым, бол бақұл!

Мұхамедия ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Алматы.

Жақын едік бала жастан…

(Дәуренбек  бауырымның рухына)

Торлатты суық хабар жаныма мұң,
Тағы бір кетті-ау өтіп сағынарым.
Алпыстан асқандарға ауыз салған,
Ажалдың аусарлығы тағы мәлім.

Не дейміз!
Сұм ажалға не дейміз-ау?!
Көмейде көп сезімді тежейміз-ау.
Бақиға басы бүтін өткеніңше,
Бәріміз бұл өмірге өгейміз-ау.

Жақсы дос.
Жайсаң аға.
Дәке деуші ем.
Риясыз ақ көңілін мәпелеуші ем.
Қалпынан айнымайтын сабат сабыр,
Сауытын шешпейтін-ді неше көрсем.
Беу, Дәке!
Жақын едік бала жастан,
Бебеулеп ішімізбен араласқан.
Көкшенің газетінде еңбекторы,
Көрмеппін елгезекті сенен асқан.

Басынан биік шыңның құлап та едің,
Көз жазып құлыныңнан жылап та едің.
Шегірен былғарыдай шегір сары,
Бәріне мық шегедей шыдап та едің.

Ұғысып жүруші едік іштей ғана,
Екен ғой өмір көрген түстей ғана.
Айтысын ақындардың тамашалап,
Өтіпсің арғымақтан түспей ғана.
Кім енді «Қорған-тай» деп еркелетер,
Кім бар-ау ұшпаққа ұшып, сертке жетер.
Ақ жүріп, адал тұрған дәуреніңнің,
Дәкем-ау, өнегесі көпке кетер.

Орныңды оңалтар ұл бар да мұнда,
Сағынар сары алтынын Балжаның да.
Арманым көктемес деп қамықпағын,
Артыңда қара ормандай ел барында.

Ортағаш, Қызылегіс, Көктерегің,
Бағында Қарашілік көктем едің.
Балаңа бауырыңда өскен «Бақұл!» дегін,
Өмірді адал сүріп өтті өренің!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар