Министрдің өзі марапаттады

Ұстаз дегенде  жасандылықтан ада,  дүниетанымы кең, болмысынан тәлімгерлік  қасиеті ұшқындап тұрған тұлға көз алдына келеді. Себебі, мұғалім оқи келе емес,  балаларды тумасынан сүйетін ұстаз болып дүниеге келетіні айтпаса да түсінікті ғой.
Алайда, сырт көзге көрінбейтін ұстаздың еңбек жолының қиын да қызықты мезеттері қаншама?! Бәрін жіпке тізгендей етіп айтып шығудың мүмкін емесі анық.  Бұл жайттар шәкірттерді  он жыл шамасында тәрбиелеп отырған Сұңғат Ысқақовқа әмбеден аян. Ол сол уақыттан бері тынымсыз еңбектеніп, нәтижелі жұмыс көрсетіп келе жатқан ұстаз. Оның шәкірттер туралы әңгіме қозғағанда майын ағызып тұрып айтатыны қуантты. Ішімнен жаратылысынан қарапайым, бойы сұңғақ жігіт нағыз үлгі тұтарлық жан екен деп тамсандым.
Бүгінде ардақты ұстаз Щучинск қаласындағы Жоғары техникалық мектепте энергетикалық сала оқытушысы болып қызмет етеді. Кезінде ол осы оқу ордасын қызыл дипломмен аяқтап, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде білімін жалғастырады. Жоғары білімін тәмамдаған соң сол кездегі  директордың  оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Ехласованың ұсынысын қабылдап, педагог болам деген байламға келіпті. Әрине, шәкірт кезінен қабілеттілігін аңғарған ұстаздар ұжымы жас маманға толықтай сеніммен қарағаны белгілі. Осылайша,  оның қарбаласқа толы  еңбек күндері басталып та кетті. Ұстаз болуға не түрткі болды дей бергенімде, кідірместен «Өзіме сабақ берген ұлағатты ұстаздарыммен бірге бір мектепте жұмыс істеу үлкен қуаныш пен бақыт еді» деп қысқа қайырды. Сол себепті де, қоғам мен болашақ ұрпақтың тағдыры үшін жауап беретіндігімен дараланатын мамандық бойынша жұмыс істегісі келгенін әңгімесіне тиек етті.
Қол қусырып отыруды жаны сүймейтін білім бағбаны үнемі ізденіс үстінде жүреді екен. Сабақ сапасын арттыру және оның тиімділігін жетілдіру бағытында түрлі әдістерді ойластырады. Күнделікті жоспарында сабақ мақсаттарын дәл анықтап, материал мазмұны мен оқытудың тәсілдерін тиімді үйлестіреді. Айта кетерлігі, жас ұстаз Германия мемлекетінде дуальды оқыту жүйесі бойынша тәжірибеден өткен. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, қашан көңілі  толғанша түзетуден талмайтыны да жаңашылдығының, жанашырлығының бір көрінісі. Шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде де Сұңғат Серікұлының шоқтығы биік. Оған шәкірттерінің жақсы нәтижелері куә. Мәселен, 2012 жылы Максим Пальников «Электромонтер кәсібінің үздігі» байқауында облыс көлемінде бірінші орынды жеңіп алса, республика бойынша екінші орынды иеленген. Ал, Никита Ремезев облыстық «EXPO-2017 көрмесіне көзқарас» атты экологиялық жобалар байқауына қатысып, «Үйді автоматтандыру» жобасын ұсынды. Нәтижесінде екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мұғалімнің де жеке жетістіктері  бір төбе. Үстіміздегі жылы республикалық «Үздік педагог-2015» байқауына қатысып, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қолынан құрмет белгісін алды. Алдағы уақытқа оның межелеген жоспарлары көп. Соның бірі, шәкірттермен бірлесе отырып, құлтемірлер жасау болып табылады. Қазір компьютерде жобасы ойластырылып жатыр. Қажетті қаржы көлемі мен бөлшектер тізімі белгіленген. Тек Жоғары техникалық мектеп басшылығының  аталмыш бастаманы қолдауы ғана қалған екен. Сұңғат Серікұлының пайымдауынша, балаларға қызықты болатын пайдалы үйірмелер шәкірттер тарапынан қолдау табуы тиіс. Сонда ғана олар өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарайды.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар