Мемлекеттік тілде қаралатын істер саны өсіп келеді

Мемлекеттік тілде қаралатын істер саны өсіп келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір 2020 жылғы облыс соттарының атқарған жұмыстарының қорытындылары, сот төрелігіне деген халықтың сенімін арттыру, сот шешімдерінің сапасын, судьялардың біліктілігін жақсарту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында сот қызметінің сапасын жақсарту, оның қолжетімділігі мен ашықтығын, әділдігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, сот билігінің алдына нақты тапсырмалар мен міндеттер қойылып жатады. Облыстық соттың төрағасының айтуынша, сот жүйесінің алдына қойылған сондай міндеттер мен тапсырмаларды орындау бағытында нақты және мақсатты жұмыстар атқарылуда. Сондай басым бағыттардың бірі судьялардың біліктілігін, сот шешімдерінің сапасын арттыру. Сот қарайтын істер санының өсуіне байланысты судьялардың жүктемесі соңғы жылдарда өте көбейіп кеткен. Мәселен, 2013 жылы еліміз бойынша сот қараған істердің жалпы саны 1,4 миллион болса, 2018 жылы ол 4,5 миллионға жетіп, төрт есеге жуық өскен. Сөйтіп әр судья қарайтын іс саны 46,6-дан 162,3-ке дейін көбейген. Жылына 162 іс қарайтын судьяның жалпақ тілмен айтқанда жан-жағына қарауға мұршасы болмай, осыдан келіп сот шешімдерінің сапасы түсетіні белгілі. Осы орайда, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Ассновтың бастамасымен ұсақ-түйек істерді соттан алып басқа құзырлы органдарға, мекемелерге беру, сөйтіп сот қарайтын істер санын азайту бағытында нақтылы жұмыстар қолға алынып, соның нәтижесінде 2020 жылы әр судья қарайтын іс саны 46,7 пайызға дейін кеміген. Бұның өзі судьялардың әр іске тыянақты дайындалып, оның сапасына жете назар аударуына мүмкіндік жасайды.
2020 жылы облыс соттары 29812 іс қараса, оның 1438-і қылмыстық, 16424-і азаматтық және 11950-і әкімшілік істер. Атап өту керек, судьялар шығарған шешімдердің сапасына байланысты көрсеткіш орташа республикалық деңгейден біршама төмен, яғни сот шешімдерінің сапасы біршама жоғары деңгейде деп айтуға болады. Облыстық соттың төрағасы ең көп қаралған қылмыстық істер қатарында ұрлық, содан кейін көлік құралдарын ішімдік ішіп алып жүргізу, адам денсаулығына қасақана залал келтіру және есірткі тарату сияқты қылмыстар екендігін атап өтті.
Өткен жылғы пандемияға байланысты істі қашықтан қарау бағытында да біршама жұмыстар жүргізілген. 215 қылмыстық іс электрондық форматта қаралса, бұл барлық істердің 15 пайызын құрайды.
– Жергілікті жерлерде жұртшылықпен кездесулер өткізіп, заңды түсіндіру, азаматтармен ашық пікір алысу бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз, -деді облыстық соттың төрағасы. Досжан Әмір өткен жылы 15 ауданда болып, жұртшылықпен кездесулер өткізіпті. Сонымен бірге, азаматтарға заңды түсіндіруге арналған елуден астам видеоролик түсірілген. Абай Құнанбаевтың 175, Әл Фарабидің 1150 жылдығына орай сот қызметкерлері челлендж өткізіп, әлеуметтік желілерде «Қазақ билер соты» тақырыбында ақпараттар жарияланған.
Облыстық соттың атқарып отырған елелуі жұмыстарының бірі ретінде сот істерін мемлекеттік тілде қарау бағытындағы жұмыстарын атап өтуге болады. Егер 2016 жылы Ақмола облысының соттарында қаралған барлық істердің 1,5 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралса, 2020 жылы ол 8,8 пайызға жеткен, ал биылғы жылдың басынан бері қаралған барлық істердің 14 пайыздайы мемлекеттік тілде қаралуда. Бұл жетістік өздігінен бола салмағаны анық. Облыстық сот мемлекеттік мекемелерге сотқа арызды мемлекеттік тілде жазу, мемлекеттік тілге жете көңіл бөлу қажеттігін ескертіп соңғы 4 жылда 117 хат жолдаған екен.
Брифингтің соңында облыстық соттың төрағасы журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.
Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *