Құрылыс қанат жайып отыр

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, істің жай-жапсары бойынша тиісті орындарға жаңа міндеттер жүктеді.

  Өңір басшысы алдымен, облыс бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталығының екінші бөлімшесінде болып, жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Бұл ғимаратты «КГС Сауда» серіктестігі салып, аталмыш орталыққа жалға беріпті. Ғимараттың жертөлесіндегі қоғамдық асхана тәулік бойы жұмыс істейді. Бөлімше бұл ғимаратқа қыркүйек айының ортасында  қоныс аударып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бөлімшеде 26 қызметкер еңбек етеді. Мұнда  облыс тұрғындарына 212 қызметтің түрі көрсетіледі. Бұрынғы ғимаратқа келген жұрт көліктерін қоюға орын таба алмайтын. Енді  қиындық туындамайды. Облыс әкімі өз сөзінде облыстың тұрғындарына қызмет көрсету орталығының үшінші бөлімшесін ашуды тапсырды. Ол үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Қоғамдық асханадағы бағаға назар аударды.
«Көкше Жәрдем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ту тұғырына  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Облыс әкімі ту тұғырының маңайын  тәртіпке келтіруді, көз тартарлықтай етіп абаттандыруды тапсырды. Бұдан кейін ол Ақан сері көшесі бойында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы барысымен танысты. Жеке кәсіпкер
Сайран Жақыповтың тапсырысымен көп қабатты үйдің құрылысын «Еуро құрылыс сервис-Көкше» серіктестігі жүргізуде. Жобаның құны 279 миллион теңгені құрайды. Құрылыс биылғы жылдың төртінші тоқсанында аяқталмақшы. Бес қабатты тұрғын үйдегі  пәтерлердің бөлмелері, дәліздері мен лоджалары кең. 70-тен 120 шаршы метрге дейінгі 2,3,4 бөлмелі пәтерлер сатылады.
Оның әрбір шаршы метрі 190 мың теңгеге бағаланып отыр. Бірінші қабатта офистік бөлмелер орналасқан. Сөз арасында айта кету керек, облыс орталығында қазір құрылыс компанияларымен неше түрлі әсем тұрғын үйлер көптеп салынуда. Рас, олардың бағасын кез-келген отбасының жағдайы көтере бермесі анық. Бірақ, қолы жеткендер осы үйлерден қолайлы пәтерлерге ие болып, тұрмыстық жағдайларын жақсарта түсуде.
Бурабай шағын ауданында «ТермоГрупКЗ» серіктестігі газ тарататын қондырғыны жөндеуде. Бұл жұмыстарды желтоқсан айының басында аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда жер қазу, қондырғыны орнату, темір шарбақпен қоршау және өзге де құрылғыларды құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы пәтерлердегі темірден жасалған газ балондарды тексеруді, оларды қауіпсіз пластикалық балондарға ауыстыруды тапсырды.
Облыс әкімі «Меруерт» мейрамханасын аралап көріп, оң бағасын берді. Жеке кәсіпкер Мұса Қазбеков өз сөзінде қонақтардың демалуы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Түс ауа өңір басшысы «Оқжетпес» футбол клубында болды. Аяқ доп шеберлерімен кездесті. 8 қарашада Көкшетау қаласында Қарағандының «Шахтер» футбол командасымен өтетін соңғы турларына сәттілік тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының қазан айында ашылған жаңа бөлімшесінен көрініс.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар