Бағдарлама қаржысына салынуда

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының депутаттық фракциясы мен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттарынан құрылған көшпелі комиссия облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысының мақсатты және тиімді жұмсалуын тексерді.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов бастаған комиссия алдымен, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы бу қазандығының құрылыс алаңында болды. Мұнда жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ғимаратқа су құбыры жүйесі тартылған. Жылу жүйесінің бір бөлігі құрастырылыпты. Бас корпустың металл қаңқасы мен кәріз жүйесі жасалды. Жалпы, нысанның құны 912 миллион теңгені құрайды. Оның 570,8 миллион теңгесі Ұлттық қордан бөлінді. Биылғы жылдың жоспарында қарастырылған қаржы толық игерілді. Жаңа бу қазандығының қуаты бұрынғыдан екі есе артық. Нысан келесі жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.
Комиссия «Жансая» тұрғын үй кешеніндегі бес 30 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын аралап көрді. Бұл көп қабатты үйлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғызылды. Ғалым Бекмағамбетов мердігерлермен және құрылысшылармен әңгімелесті. Комиссия мүшелері құрылыс алаңдарын көріп, жұмыстың барысын талқыға салды. Қазір мердігерлер ішкі жұмыстарды атқаруда. Нысандар осы жылдың соңында пайдалануға беріледі.
– Тұрғын үйлер құрылысына биылғы жылы Ұлттық қордан 425,5 миллион теңге бөлінді. Қаржы уақытында аударылады, – дейді мердігер Александр Климович. Комиссия «Васильковка» шағын ауданы сыртындағы үш 9 қабатты тұрғын үй ауласының абаттандырылуы мен кварталішілік инженерлік жүйе құрылысына назар аударды. Шағын аудан тұрғындарын асфальтталған көлік тұрағы, жарық бағаналары, жаяу жүргінші жолдары, балалардың ойын кешені мен спорт алаңдары қуантты. Бұл бағытқа Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп, толық игерілді. Бала бақша, мектеп пен дүкен  де алыс емес. Комиссия мүшелері «Көктем» шағын ауданындағы 280 орындық бала бақша құрылысымен танысты.
Нысанға жылу және су тартылды. Қазір мұнда екінші қабаттың қабырғасы қалануда. Терезе орнату және төбесін жабу үшін қосымша қаржы қажет. Нысандағы жұмыс қыс айларында тоқтатылады. Мектепке дейінгі мекеменің сметалық құны 686,1 миллион теңге. Биылғы жылы Ұлттық қордан 150 миллион теңге бөлініп, толық игерілді. Нысан келесі жылдың соңында пайдалануға берілмекші.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттың партия фракцияларында «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы құрылымын жаңғырту, сумен және жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту», «Индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, іскерлік белсенділікті дамыту», «Транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыттары бойынша комиссия жұмысы ұйымдастырылғанын айта кеткен ләзім.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар