Бөгенбайдың дулығасы жөнінде бірер сөз

Жуырда электронды ақпарат құралдарының бірінен «Бөгенбай батырдың ұрпақтары оның дулығасын мұражайға сатқалы жатыр» деген хабарға көзім түскен соң, кәдімгідей абыржып, Ерейментау аудандық әкімдігімен хабарластым.

Сөйтсем, бұл жалған ақпарат екен. Қазір сенсация іздеген жас журналистер жетерлік, солардың бірі мәселенің анығына жетпей, бере салса керек. Бірақ, әлеуметтік желілердің бетіне шығып кеткен соң, оны бүкіл Қазақстан жұртшылығы оқитыны белгілі. Содан кейін: «Бөгенбай батырдың ұрпақтарына не болған, бабаларының дулығасын сатып байымақ па?!» деп таң-тамаша болары сөзсіз былайғы жұрттың. Сондықтан, оқырмандарға дұрыс ақпарат бергенді жөн көрдік.

Бөгенбай батырдың бұл дулығасы Ерейментау ауданындағы Кенжалин Батырқожа деген адамның үйінде сақтаулы. Ол кісі қазір дүниеден өткен. Дулығаға баласы Жабай деген азамат ие болып отыр. Өзіміз талай мәрте ол үйге барып, осы тарихи жәдігерді суретке түсіріп, басымызға да киіп көргенбіз. Бірақ, Жабай журналистке дулығаны сатам деп айтпаған.
Тарихымызды түгендеуді бастаған сонау тоқсаныншы жылдардың басында Ерейментау жерінде Бөгенбай батырдың 300 жылдығы тойланған-ды. Естуімізше, сол кезде арнаулы делегация Батырқожа ақсақалға барып, дулығаны жергілікті мұражайға тапсыруын сұраған екен. Бірақ, ол кісі келіспепті.
Ал, шындығында, бұл тарихи жәдігер тек Кенжалиндер отбасына ғана тиесілі дүние ме? Аталмыш дулыға жалпы, Бөгенбай ұрпақтарына, Ерейментау еліне, тіпті, бар қазаққа ортақ жәдігер дер едік. Бұл секілді дүние Ерейментаудағы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану мұражайында тұруы керек еді. Оның үстіне Кенжалиндер отбасы осы дулығаны сақтағаны болмаса, Бөгенбай батыр есімін ұлықтайтын басқадай шараларға атсалысқанын көрмедік.
Егер бажайлап айтар болсақ, Бөгенбайдың аруақ дарып, бақ қонып, әмбе қазаққа аян болған ұрпақтары – Тұраналыдан тарағандары. Бүгінде Бөгенбай батырға қатысты іс-шараларды өткізіп, тарихын түгендеп, жоғын жоқтап жүргендер де осылар. Тарихтан белгілі, Тұраналыдан есімі елге мәлім Бапан би, Бапаннан Арғынның ақсақалы атанған Саққұлақ шешен туады. Саққұлақтан туған Ералы мен Нұралы – екеуі де ділмар, ақын болған адамдар. Заманында бұл екеуі ат үстінде жүріп, Қоржынкөл болысын басқарған кісілер. Нұралы Ақан серімен дос-жар болып, Қусақтың басында Құлагер кісі қолынан мерт болғанда серімен бірге қайғырып, оны Қоржынкөлдің басындағы ауылына әкеліп, бірнеше күн мейман етіп, бір сәйгүлік сыйлапты. Құлагердей жан серігінен айырылып, жапа шеккен Ақанды Сілетіден әрі Көкшетауға қарай шығарып салып тұрып: «Бауырым, тірі жүрсем кегіңді алам!» – деп серт берген екен Нұралы. Бірақ, кейін өзі де кісі қолынан мерт болады.
Нұралыдан туған – Барлыбай мен Олжабай. Олжабай да өзі ақын, өзі болыс болған кісі. Кезінде Арқа мен Омбы өңіріндегі зиялылармен таныс-біліс болып, тек өлең жазып қана қоймай, аудармамен де айналысқан. Кейін жаңа үкімет орнаған соң, мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Үйшік (Гурьев) жағына жер аударылады. Олжабайдың баласы Қазыбек Нұралин ұстаздықты кәсіп ете жүріп, тарихи деректерді көп жинаған. Ол кісінің жазғандары кезінде орталық басылымдарда көп жарияланатын.
Бөгенбай ұрпағының тағы бір ұраншысы Әлихан Барлыбаев еді. Батыр жайлы деректерді жинастырып, бүгінге жеткізуде ол ақсақалдың да еңбегі ұшан-теңіз. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Гүлнәр Досжанова, кәсіпкер Ерлан Барлыбаевтар да Бөгенбайдың тікелей ұрпақтары. Осындай азаматтар бас болып, Кенжалиндер отбасымен сөйлесіп, дулығаны мұражайға тапсыруға көндірсе, тарихи жәдігер халықтың ортақ игілігіне айналар еді.

 

Сайлау БАЙБОСЫН,
журналист

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар