Тәуелсіздікпен тынысы ашылған ұстаз

Ол дүниеге келгенде қыс қаһарына мініп, қатты аяз болыпты. Күннің суық болғаны сонша ауылдың әйелдері қарындағы майды балтамен шапқан деседі. Табиғат осылай тосын мінез танытса да, Қанай жұрты ұлағатты ұстаз Аманбайдың шаңырағында сәби дүниеге келгеніне қатты қуаныпты. Неге десеңіздер, бұл отбасында одан бұрын туған үш бірдей нәресте шетінеп кеткен екен. Бұл үйден баланың даусы қашан шығады деп ауыл болып күткен перзент осы біздің кейіпкеріміз Нағипа Мақышева.

Ол 1951 жылы 26 ақпанда Зеренді ауданына қарасты бұрынғы Қарабұлақ қазіргі Қанай би ауылында дүниеге келген. Сол жылы Қазақ ССР депутаттығына кандидат болған Нағипа деген адам Аманбай ұстаздың үйіне келіп, шаңырағыңда қыз туса есімін «Нағипа» қойыңдар деп айтып кетсе керек, сөйтіп, әкесі қызының атын Нағипа қойыпты.
Осы арада айта кетсек, Нағипа Мақышеваның әкесі Аманбай Мақышев бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, елінің ертеңі үшін жарғақ құлағын жастыққа тигізбеген кесек тұлға, Ұлы Отан соғысында басқыншы жаумен күрескен майдангер. Оның Зеренді өңірінде қазақ ауылдарына мектеп ашу ісінде ерекше еңбек істеп, тер төккені көпшілікке мәлім. Осындай ел ағасының шаңырағында тұрақтаған алғашқы бала Нағипа Аманбайқызы болыпты. Көптен күткен перзент болғасын әжесі, ата-анасы оны алақандарына салып еркелетіп өсірген екен.
–Ауылдың ерке қызы болып өстім. Отбасымызда менен кейін төрт сіңілім және інім дүниеге келді. Алайда, інім 16 жасында қайғылы жағдайға ұшырап, қаза тапты. Тағы екі сіңілім кішкентай кезінде шетінеп кетті. Әкем мұғалім болған кісі. Мен бастауышты аяқтағаннан кейін Ұялыда сегіз жылдық мектеп ашылатын болып, әкемді сонда директорлық қызметке тағайындап, сол ауылға көшіп бардық. Осылайша 5-8 сыныптарды Ұялының мектебінде оқыдым. Ұялыда мектеп сегіз жылдық қана болғасын, тоғызыншы сыныпқа келгенде Көкшетаудағы №3 орта мектепке ауысуыма тура келді. Ол жерде Қойшы Ибрагимұлы, Ажар Жакиенқызы, Қапиза Макенқызы, Рақима Темірбекқызы, Ақыл Шыңғожина секілді жақсы ұстаздардан білім алдым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, ұстаздарымыз бізге жақсы өнеге көрсете білді, – деген кейіпкеріміз мектепті тәмамдағаннан кейін өзі де ұстаздық мамандықты таңдап, Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі.
Бізбен әңгімесінде Нағипа Аманбайқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келгенін айтты. Алайда, ол оқуға түскен жылы институтта ондай факультет әлі ашылмағандықтан, физика-математика факультетінің математика бөлімшесіне оқуға қабылданыпты. Ол кездер орыс тілінің дүркіреп тұрған шағы. Мектепті қазақша бітіріп келген жастарға орысша оқу оңай болмапты. Сол жылдары өзімен бірге оқуға түскен студенттердің біразы қиындыққа шыдай алмай, оқуларын тастап кетіпті. Солардың соңынан кейіпкерімізге де қолын бір-ақ сермеп кетіп қалуға болар еді. Алайда, бұлай жасауға әке-шешенің алдындағы перзенттік парызы жібермеді. Оқуын ойдағыдай аяқтап, ұстаз болам деген асқақ арманына қол жеткізді. Алғашқы еңбек жолын Көкшетаудағы облыстық мектеп интернатында бастап, ол жерде 10 жылға жуық уақыт жұмыс істеді. Мектеп интернатында оқып жүрген ауыл балаларының тәрбиесі, түздегі қылықтары осы кісінің жауапкершілігінде болды. Ата-анасынан жырақта жүрген сол балаларды кейде бауырына басып, еркелетсе, кейде ақылын айтатын. Ұлағатты ұстаз оқушыларын бөле жармай, өз баласындай көрді. 1983 жылдан 30 жыл табан аудармастан еңбек еткен Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектепте де оның алдынан жүздеген шәкірт білім алып, қияға қанат қақты.
–Қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы білім ошағы да ертеде жан-жақтан ауыл балалары келіп оқитын пансион болатын. Мұнда мен де біраз жыл еңбек етіп, балалармен тәрбие жұмысын жүргіздім, сабақ бердім. Бертін 80-ші жылдары мектепте екі-ақ қазақ сыныбы болатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мектебіміз қазақ мектебі болып өзгерді, – деді ұстаз Тәуелсіздіктің осы бір игі жемісін қуанышпен еске алып. Егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары қазақ сыныптарына балаларын бергісі келген ата-аналар аз болыпты. Бірақ, ұстаздардың, зиялы қауым өкілдерінің жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында біртіндеп қазақ сыныптары көбейе бастаған. Сол кезде жаңадан ашылған бастауыш қазақ сыныптарын қабылдап, оқытқан алғашқы ұстаздардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар. Сол себепті, егемен ел болудың бастауында болған, тіліміздің көсегесін көгертуге, жас ұрпақты ұлттық рухпен сусындатуға атсалысқан жандардың бірі Нағипа Мақышева деп нық сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында ұстаздың елдің өткені жайлы әңгімесін тыңдап бір марқайып қалғанымыз рас.
Егемендік алып еңсесін тіктеген елмен бірге Нағипа Мақышеваның да ұстаздық жолда жаңа тынысы ашылды десек, артық айтпаған болар едік. Неге десеңіздер, қолында білдей бір жоғары оқу орнының дипломы бола тұра, тоқсаныншы жылдарға дейін тәрбиеші ғана болып келген кейіпкерімізге тәуелсіздік алғаннан кейін мектепте қазақ сыныптары ашылуының арқасында бастауыштан мұғалімдік орын бұйырып, мамандығы бойынша қабілетін көрсетуге мүмкіндік туды. Осынау отыз жылға жуық мерзім ішінде білікті ұстаз ылғи гимназия сыныптарына жетекшілік етті. Бүгінде ұстаздың шәкірттері еліміздің бетке ұстар азаматтары мен азаматшаларына айналып, ел игілігі жолында қызмет істеуде.
–Оқушыларымның ата-аналарымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Бірде-бірі шағым айтып алдыма келген емес. Үнемі сыйлап тұратын, құрбысындай сырласатын, ақыл-кеңес сұрайтын. Балаларға сабақ түсіндіруге, білмегенін үйретуге келгенде ешқашан уақытпен санасқан емеспін. Кейде оқушыларым үйіме кештетіп телефон соғып, сабақ сұрағанда отбасым «мектептегі уақытың да жетпей ме?!» дейтін. Сол кезде оларға «шәкірттерім де менің балаларым» деп жауап беретінмін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында қазақ мектептері ашыла бастағанда, әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне орыс тілді балалардың сауатын ашу өте қиын болды. Қазір де қазақ балаларының орысша сөйлейтінін көргенде қатты қынжыламын. Осы жылдар ішінде ұққаным, мұғалім болу үшін ең алдымен балаларды жақсы көріп, жүрегіне жол таба білу керек, баланың психологиясын түсіну керек. Мұғалім деген ең алдымен тәрбиеші, содан кейін ұстаз, ­– деген Нағипа апайдың еңбегі бағаланбай қойған жоқ. 1999 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан қала берді, облыстық білім басқармасының екі мәрте Құрмет грамотасын, басқа да мадақтамалар алды. Осы ретте айта кетейік, апайдың жұбайы Махмұт Мұқатаев та өмір бойы ұстаздық еткен жан, спортшы, осы саланың маманы ретінде есімі көпшілікке кеңінен танымал. Көкшетаудағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының спорт залы еліне, шәкірттеріне сыйлы осы кісінің атымен аталады. Осындай ел ағасымен бірге жасасып, балаларын өсіріп, немере сүйіп, мерейлі жетпіс жасына абыроймен, қуанышпен жетіп отырған ұлағатты жан әңгімеміздің соңында еліміздің өркендей беруін тіледі.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар