«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Орталық диспетчерлік қызметтің режимдер жөніндегі жетекші инженері Наталья УШАКОВА: «Әйел-ананың жан жылуы бөлек қой!»

Шынымен де әйел адамның «энергетикасы» былайша айтқанда, жан жылуы қашанда нұрға, мейірімге, сұлулыққа, нәзіктікке, имандылыққа толы болады емес пе? Ол мейлі отбасында не болмаса ұжымда болсын, қай кәсіпті меңгерсе де сол жүрегіндегі жылулыққа өз ортасын, жанындағы жандарды бөлей білетіні бар.

Бәлкім жаратылыстан ба екен, әйел адамдардың арасында техникалық мамандықтарды меңгергендер ілуде біреу. Көкшетау қаласының тұрғыны Наталья Ушакова өз құрбылары сияқты мұғалім, дәрігер болуды армандамаған екен. Ол техникалық мамандықты тізгіндесем деген ойда болатын. Сол мақсатқа жетті де. Бүгінде облыс орталығындағы «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Орталық диспетчерлік қызметтің режимдер жөніндегі жетекші инженері болып қызмет атқарады. Наталья Геннадиевна энергетикасы саласында 1977 жылдан бері, яғни, 43 жыл еңбек етіп келеді.
– Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған дұрыс. Әйтпеген күнде нәтиже болмайды. Өз басым тағдырымды энергетика саласымен байланыстырғаныма еш өкінбеймін. Иә, рас бұл қызметті көбіне ер адамдар атқарады. Әйел адамға инженер болу оңай-оспақ шаруа емес. Қалай дегенмен де мамандығым мені өмір мектебінде шыңдай білді. Мен осы қызметті атқара жүріп, талдамалы ойлауды, сындарлы сәтте шешім қабылдауды, қиындық туындағанда өзіме жауапкершілік ала білуді, өз ісіме аса ыждаһаттылықпен қарауды үйрендім. Ең бастысы, адал еңбек ету керек. Қазіргі таңда өз тәжірибемді, өмірден білген-түйгенімді соңымнан ерген жас мамандармен бөлісіп жүруді жөн санаймын. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты «жарық беру». Әйелдің жүрген жері жылулық, шуақ, нұр ғой. Себебі, әйелдің жан жылуы бөлек қой қашанда! – дейді Наталья Геннадиевнаның өзі.
Ол әріптестері арасында да зор құрметке ие. Оларды сөзге тарта қалсаңыз болғаны, бәрі бірауыздан Наталья Ушакованың өз ісіне адал, еңбекқор, жақсы істің басы-қасында жүретін ұйымдастырушылық қабілеті зор, тәжірибелі маман екендігін айтады.
Иә, расымен де Наталья Ушакова кез-келген мақтауға лайықта адам. Ол сындарлы сәттерде оңтайлы шешім қабылдай білетін, уақытты тиімді жұмсаудың, жұмысты жүйелі атқарудың тетігін шебер меңгерген маман. Қазіргі таңда кәсіпорынның қоғамдық өміріне белсенді ат салысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Сонымен қатар, ол жас мамандарды аттестациялау комиссиясының да мүшесі.
Бүгінде заманауи технология дамыған заман. Осы орайда, ол уақыт талабына сай үнемі өз білімін де жетілдіріп келеді. Компания-
да еңбек етіп жүрген осы 43 жыл ішінде көптеген марапаттауларға да ие болса керек. Бірақ, бәрін жіктеп айтқысы жоқ. Бұл да болса, қарапайымдылықтың бір белгісі болар.
Әріптестерінің бірі Наталья Геннадиевнаны «Әлемдегі ең керемет ана» деп айтқаны көңілде жатталып қалды. Шынымен де, өз балаңның ғана емес, әріптестеріңнің осылай жоғары бағалауы тегіннен-тегін емес болар. Әлемдегі ең жақсы ана, ең үздік маман болу әркімге бұйырмаған бақыт. Техникалық мамандықты тізгіндесе де, ол әйел анаға тән инабаттылық пен парасаттылық, мейірім мен ізгілік сияқты абзал қасиеттерін жан-жағындағыларға, өз ортасына шұғылалы нұрдай дарытып келеді. Иә, расымен де, жоғарыда Наталья Геннадиевнаның өзі айтпақшы, қай салада жүрсе де әйел-ананың жан шуағы, жан жылуы бөлек қой!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар