Базардағы бәтуасыз шаруа

Соңғы тәуліктерде Көкшетау қаласындағы базарларда ахуал шиеленісіп барады. Жолың түсіп соға қалсаң, қыстың көзі қырауда қиындағы ауылдан жеткізген еттерін өткізе алмай қапылып тұрған адамдарды көрер едіңіз. Мәселенің мәнісін біз де зерделеп көрдік.

Әкелген еттерін өткізе алмай тұрған отыздан астам шаруаның айтар уәжі бір арнада тоғысады. Түйіндеп айтқанда, тасымалдауға қатысты талаптардың ақылға қонымсыздығы. Негізінде тасымалдау ережесіне сәйкес ет өнімдері бақылауға жататын жүк болып есептеледі. Әбден дұрыс. Халықтың дастарханына баратын өнімнің адал әрі таза болғанына не жетсін. Сондықтан, барлық ветеринарлық-санитарлық нормалар сақталуға тиісті. Тек тасымалдау туралы талап қана ауыл адамдарының көңілінен шықпай тұр. Нақтырақ айтсақ, ендігі арада ет таситын көлігіңіз термо будка, яки мұздатқыш орнатылған көлік болуы шарт. Ауылдағы бірер қарамен күн көріп отырған шаруа адамында құны әлденеше миллион тұратын мұндай көліктің болуы мүмкін бе? Бұл тұп-тура алып-сатарлар үшін жасалып отырған талап тәрізді болып көрінеді.
Облыс орталығына жалғыз жақын аудандар ғана емес, іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері де ақадал малдарын әкеліп, бұлдап өткізгілері келеді. Енді жол жабылды, тіпті, малсақ қауымның еңбегінің үстінен күн көрді дейтін, ауыл мен қаланың арасын жалғастырып жатқан алып-сатарлар да мына талаптан кейін абдырап қалды. Оларда да жоғарыда айтылғандай қымбат көлік жоқ. Сауданың тоқтауы базарда тұрып ет сататын сатушылардың да жігерін құм қылуда. Екі ортада қиындықты қақаған қыста қызылсыраған қала тұрғындары көруде.
–Міне, ел адамдары ет әкеліп жатыр, – дейді Қоныс Көшімбаев, – әкелген еттің сауда сөрелеріне шығарылмауы, жеткізген техниканың талапқа сай еместігінен. Олай болатын болса, ертерек хабарламай ма, ел құлақтанбаған соң жүздеген шақырым жол жүріп, жеткізген бірер қарасын өткізе алмай әлек. Міне, түс болды әлі өткізген жоқпыз. Енді мұздатқышы бар көлік сатып алған адам табысқа кенелетін болды. Ешбір ауылда мұндай көлік жоқ. Екі-үш сиыр бағып отырмын, ертең торпағының етін сатамын деп еш адам мұндай техниканы сатып алмайды ғой. Ал, осындай талап болса онда базарға жолай алмайсың. Бұрын да осы базарға кіріп ет сату қиын еді, енді жол мүлде кесілді. Талап ақылға қонымсыз болған соң мал бағып, күн көремін деген ұмтылыс азаятын шығар.
Бұл талапқа базардағы кәсіпкерлердің өкпесі қара қазандай. Талапқа сай жеткізілген ет тым аз болғандықтан, базар сөрелеріндегі ет жетімсіз. Ал, аз еттің бағасы көтеріліп кетуі оп-оңай. Есесіне осы бір түйінді сәтті тиімді пайдаланып, барлық етті көтерме бағамен арзанға сатып алып, өзге қалаларға тасып жатқандар да бар.
–Біз шынын айтқанда бағаны аздап болса да көтеруге мүдделіміз, – дейді кәсіпкер Сәуле Сағитова, – өйткені, тұрған орнымыздың ақысын төлеуіміз керек. Ет және ет өнімдерінің құны әлден-ақ көтеріліп келеді. Біз ауылға барып мал сатып алып жатқан жоқпыз. Ауыл адамдарының өздері әкеліп береді. Екі жаққа да тиімді болып келді. Олар тәулік бойы сарылып тоспай, бірден келісім бойынша қаражатын алып, игілігін көреді. Ал, біз олардың етін өткізіп, өз табысымызды табамыз. Құжаттардың бәрі рәсімделген, етке арнайы мөр басылған, соның өзінде жаңа талап қойып, жан алқымнан алып жатыр.
Кешке дейін табанынан таусылған ауыл адамдары ақыры болмаған соң әкелген еттерін өзге сауда орындарына төмен бағамен өткізіп кетіп жатты. Бұл орайда ветеринарлық инспекцияның өз уәжі бар екен.
–«Орталық базар», «Жібек жолы» және «Қамқор» коммуналдық базарлары сияқты сау орындарында мониторинг жүргізіліп жатыр. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың бірінші кезекте құжаттарының дұрыстығына ерекше мән беріп отырмыз. Тәртіп бойынша жүк салғышқа тиеп әкелген ет қабылданбайды.
Бұл арада бір сауал туындайды. Бүгінге дейін барлық ет өткізушілер мал өнімдерін өз көліктерімен тасып келді. Осы тәртіп сол кезде неге белгісіз болған. Егер жаңадан қолға алынса, ауыл тұрғындарын әбігерге салмай, неге күні бұрын құлақтандырмаған. Ақыр соңында қаншама адам әбігерге түсіп, шығынға батты. Жергілікті өнімді көрші облыстар сатып алып кетіп жатқанда көкшетаулық тұтынушылар неге жапа шегуге тиісті.
Бұл сұрақтардың шешімі әлі күнге дейін табылмай тұр. Қалайда бір ұтымды жолы белгіленуге тиісті. Қалай болған күнде де ауылдағы малмен күнелтіп отырған малсақ қауымның мүддесі ескерілуі керек. Мал баққан жұрттың алдында талай қиындық бар еді, тұтқиылдан тағы біреуі шығып өзі де екі ойлы болып жүрген елді малынан айырып тастамаса екен.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар