Мақсат – жаңа талапқа сай жұмыс істеу керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сейсенбі және сәрсенбі күндері жұмыс сапарымен Сандықтау, Жарқайың және Аршалы аудандарында болып, өндіріс орындарының жұмыстарымен танысты. Осы аудандарда болып өткен мәслихаттардың кезектен тыс сессияларына қатысып, депутаттардың келісімін алғаннан кейін жаңа әкімдерді тағайындап, актив жиналыстарын өткізіп, алда тұрған тың міндеттерді белгіледі.

Сандықтау.

Сандықтау ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев аудан активінің жиналысына қатысып, депутаттардың келісімімен ауданның жаңа басшысын тағайындады. Сандықтау ауданының әкімі лауазымына Ербол Жүсіпбековтің кандидатурасы ұсынылып, аудан активі тарапынан қолдау тапты.

Аудан активінің алдында сөйлеген сөзінде ауданның жаңа басшысын таныстырған облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ербол Кәрімұлының бұрын атқарған қызметтерде өзін сауатты, білікті басшы ретінде көрсете білгенін, кәсіби қабілеті зор екенін айта келе, аудан активінен жаңа әкімге қолдау білдіруді сұрады. Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінде Сандықтау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты екенін атап өтіп, алға бірқатар міндеттер белгіледі.
– Сандықтау ауданы тұтастай дерлік аграрлық өңір. Былтыр аудан диқандары астықтан мол әрі сапалы өнім алды. Биыл да осы межеден көріну үшін көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалу қажет. Биылғы қыста ылғалдың көп түсуі де мол өнімнен үміттендіреді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Өткен жылы республикалық бюджеттен облысымызға 70 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді, – дей келе, облыс әкімі Сандықтау ауданында мал шаруашылығы дамымай отырғанын, алдағы уақытта осы салаға баса мән беру қажеттігін ескертті.
Былтыр Сандықтау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына бюджеттен 3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Алдағы уақытта ауданда шағын және орта бизнес, өнеркәсіп дамыса, өндіріс көлемі де арта түспек. Осыны еске салған облыс әкімі аудан басшылығы алдында кәсіпкерлік пен мал шаруашылығын дамыту, инвест жобалар әзірлеу міндетін қойды.
Өкінішке орай, аудандағы бірқатар мектептердің ғимаратын жөндеуден өткізуге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаражат бөлінгенімен, жөндеу жұмыстары кеш аяқталған. Бүгінгі таңда ауданда 9 мектеп карантинге жабылып, қашықтықтан білім беруде. Қалған 27 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Былтырғы жылдың қараша айынан 12 оқушыда коронавирус індеті анықталыпты. Осы ретте, облыс әкімі қашықтықтан оқыту кезінде білім сапасына баса мән беру қажеттігін ескертіп, биыл аудандағы Каменка, Красная Поляна орта мектептері жөндеуден өткізілетінін айтты. Жалпы, былтыр облыста 147 мектеп жөнделсе, үстіміздегі жылы тағы 100 мектепті жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттар уақытында әзірленсе, биыл Сандықтау ауданы бойынша да біраз мектеп, сондай-ақ, стадион жаңартылмақшы.
Актив кезінде аудандағы ірі шаруашылықтардың басшылары Каменка ауылында су құбырын салу, шағын мектептерді сақтап қалу мәселелеріне қатысты толғандырған сауалдарын қойды. Бірінші мәселеге қатысты облыс әкімі: –Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Биыл су құбырын салу бойынша екі жылдық жобаға қаражат бөлінеді, – десе, басқа да сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарды.
Актив жиналысынан кейін облыс әкімі аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Солардың бірі – күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен кеш аяқталған №1 Балкашин орта мектебі. Былтыр ғимаратқа «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліпті. Ермек Маржықпаев мұндағы білім сапасының 57 пайыз болғаны аудандағы базалық мектеп үшін аз екен екенін айтып, осыған жіті көңіл бөлуді тапсырды. Қазіргі таңда білім ошағында заманауи құралдармен жабдықталған екі кабинет бар. Биыл мұнда тағы бір интерактивті кабинет жабдықталады.
Бұл күні әкім аудандық ауруханада да болып, ондағы күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктіріп жатқан және оны сапасыз орындаған мердігер компания «Қазбайлық Астана» серіктестігін қатты сынға алды. Жоспар бойынша ауруханадағы жөндеу бір ай бұрын аяқталуы тиіс болатын. Мердігер компания өкілі облыс әкіміне 15 наурызға дейін барлық жұмыстарды бітіруге уәде берді. Бүгінгі таңда мұндағы инфекциялық стационарда коронавирусқа шалдыққан 63 науқас ем қабылдауда. Оның жартысы бүгін-ертең үйлеріне шығарылады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ауруханаға мемлекеттің қаражатына анализатор, ЭКГ аппараттары секілді қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Жарқайың.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапар барысында жергілікті кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Жарқайың аудандық мәслихатының сессиясына қатысып, жергілікті активке ауданның жаңа әкімі Жанболат Хамитовты таныстырды.

Жиында облыс басшысы Жарқайың ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, қайта өңдеуге маманданған Ақмола облысының басты астықты аймақтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
– Облыста өндірілетін өнімнің жалпы үлесінің 12 пайызы Жарқайың ауданына тиесілі. Жарқайың ауданы ірі астықты өңірдің бірі, – деді облыс басшысы.
Аграрлық саладағы жақсы нәтижелерге қарамастан, облыс әкімі мал шаруашылығы саласындағы олқылықтарды, атап айтқанда, жайылымдық жерлердің дұрыс пайдаланбай жатқандығын сынға алды. Ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Жанболат Хамитовке аудан аумағында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Өңір басшысы қозғаған тағы бір тақырып аудан өнеркәсібін дамыту көрсеткіштерінің төмендеуіне қатысты мәселе.
– Қазіргі уақытта Ақмола облысы негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер бойынша елімізде алдыңғы бестікте тұр. Басты салалар бойынша өсім бар. Соған қарамастан, соңғы кездері Жарқайың ауданында өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілуде. Ауданда шағын және орта бизнес саласында тиісті жұмыстар жүргізу қажет, – деді Ермек Маржықпаев.
Өткен жылы ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 43,7 миллиард теңгені құрады Ал, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 991,4 мың гектар болса, оның 713,5 гектары егістік жерлер. Мал шаруашылығында ірі қара мал саны 18,2 пайызға артты.
«Агропромтехника» кәсіпорнында болған облыс басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ауданның даму көрсеткішін жақсартуға атсалысуға шақырды. Кәсіпорын директоры Валентин Сидоровтың айтуынша, бүгінгі таңда шаруашылықта өнімділігі жоғары ондаған ауыл шаруашылығы техникалары бар. Бұдан басқа, кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін, диагностикалайтын цех, ағаш өнімдері шеберханасы, 2 автогараж, 3 астық қоймасы бар. Кәсіпорын Жарқайың ауданында ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу бойынша қызмет көрсетумен айналысуда.
Әлеуметтік нысандарды аралау барысында аудан басшылығы Н.Крупская атындағы Гастелло орта мектебі, Жарқайың аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, «Жомарт жүрек» қайырымдылық қоры, аудандық ардагерлер кеңесіне мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде тұрақты түрде көмек көрсетіліп келе жатқандығы туралы айтты. Сонымен бірге, кәсіпорын қаланы абаттандыру, көшелерді қардан тазарту бойынша көмек көрсетіп келеді. Жергілікті мешіт пен шіркеуге де қаражат бөліп тұрады. Кәсіпорында 42 адам еңбек етеді.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ауданға жұмыс сапарын А.Үкібай атындағы орта мектеп пен «Шаңырақ» бала бақшасында қорытындылады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Жаңабергеновтың айтуынша, мектеп интернаты 2005 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда 400 оқушы білім алуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысқан облыс басшысы нысанның аумағын аралап, балалардың ойын және спорт алаңдары, воркут алаңын салу бойынша жобаны әзірлеуді тапсырды.
«Шаңырақ» балабақшасында облыс әкімі ғимаратқа жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат көлемі туралы сұрап білді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балабақша 2000 жылдың басынан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген. Осы ретте, облыс әкімі балабақша ғимаратына күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Аршалы.

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев автоматты газ тарату станциясы құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан әрі облыс басшысы Аршалы аудандық мәслихатының кезекті сессиясына қатысып, аудан активіне ауданның жаңа әкімі Айдар Баймановты таныстырды.
Жоба жетекшісі Бекжан Мысықпаевтың айтуынша, жобаның құны шамамен 774 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 44 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанда технологиялық құбырды орау және электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Жақын маңдағы аумақты абаттандыру жоспарлануда. Нысанды ағымдағы жылдың шілде айында тапсыру жоспарланған. Сонымен бірге, облыс басшысы кірпіш зауытында болды. Кәсіпорын басшысы Дмитрий Филатов облыс әкіміне құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты. Жобаның құны 11,2 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі кезде зауыттың іргетасын тұрғызу және инженерлік инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нысан ағымдағы жылдың соңғы онкүндігінде пайдалануға берілетін болады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов,
Айбек Данияров.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар