Алты студент демеушілік көмектің арқасында ноутбук алды

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамымен бірлесіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттерге жалпы білім гранттарының конкурсы аясында ноутбуктер табыс етті.

Бүгінде бұл оқу ордасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты студент білім алуда. Университет ректоры Марат Сырлыбаевтың бастамасы бойынша осы студенттерге қолдау көрсету мақсатында «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы демеушілікке тартылып отыр. Өйткені, аталмыш кәсіпорын жаңа үлгідегі компьютер техникасы сияқты отандық өнімдерді шығарады. Зауыттың тарихы екінші дүниежүзілік соғыстан бастау алады. Соғыс жылдарында зауыт ұжымы майдан жауынгерлерін үлкен сұранысқа ие болған радиоқабылдағыштармен және радиопеленгаторлармен қамтамасыз етті. Соғыстан кейін зауыт халық шаруашылығы мен халықтың қажеттілігі үшін радиоқабылдағыштар шығаруға біржола көшті.
Қазіргі таңда аталмыш зауыт «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құрамындағы мемлекеттік ірі кәсіпорын. Зауыттың шығаратын өнімі де сан алуан. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорынның «ZIK Computers» маркалы компьютерлік техниканы шығара бастағанына екі жыл болған екен. Осы аралықта 55 мыңға жуық техника құрастырылып, оның 2000 данасы техникалық байқау мен тестен өткізілгеннен кейін Солтүстік Қазақстан облысының аудандары мен қалаларына жіберілген. Осылай деп сөзін жалғаған зауыттың бас директорының коммерциялық мәселелері бойынша орынбасары Қайрат Әлібеков, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті басшылығы тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттерге қолдау көрсету туралы ұсыныс түскенде оны бірден қолдағандарын жеткізді.
Өз кезегінде жоғары оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму бойынша проректоры, Әдеп жөніндегі уәкіл Ғалым Байтық аталмыш кәсіпорын басшылығына уни-
верситет басшылығы мен студенттері атынан ризашылығын білдіріп, мұндай игі істердің одан әрі жалғасын таба беретінін айтып өтті.
– Елімізді жайлаған қауіпті індет кезінде қашықтықтан білім алып жүрген студенттер үшін ноутбук аса қажет болатын. Бұл біздің студенттеріміз үшін үлкен көмек, – деді ол. Осы ретте, отандық ноутбукке ие болған студенттер де қуаныштарымен бөлісті.
– Қашықтықтан білім алып жатқан біздерге ноутбук тарту етілгені қуанышымызды еселей түсті. Сондықтан, зауыт пен оқу орнының басшыларына алғысымыз шексіз. Болашақта еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып, оқытушыларымыздың үмітін ақтауға тырысатын боламыз, – деді университеттің филология және педагогика кафедрасының бірінші курс студенті Вера Нұрышева.
Сонымен қатар, зауыт сыбайлас жемқорлыққа қарсы «AntiParaCraft» квест ойыны жобасына да қолдау білдіріп отыр. Жалпы, «AntiParaCraft» квест ойыны пилоттық жоба болып табылады және ол елімізде алғаш рет жүзеге асырылуда. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті осы идеяның авторы және бастамашысы болып табылады. Жоба Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тарапынан қолдау тауып отырғаны да мерей.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар