Мәдениет – қоғам айнасы

 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен өткізілген облыстық мәдениет басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер кеңінен сөз болды.

 

Отырысқа қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен өңірдің шығармашылық сала өкілдері   қатысты.
Алдымен қатысушылар Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, облыстық тарихи-өлкетану, қала тарихы, Мәлік Ғабдуллин музейлері ұйымдастырған Қазақ хандығының 550 жылдығы, Мәлік Ғабдуллин мен Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.
– Мәдениет ұлт болмысын, бет-бейнесін айшықтап тұрады.  Сол себепті, мәдени салаға немқұрайлы қарамауымыз қажет. Осы бағытта жұмыс істейтін барлық қызметкерлерді облысымыздың бетке ұстар азаматтары десек те артық болмайды. Неге десеңіздер өзгелер сіздерге қарап, біздің өңіріміз туралы көзқарас қалыптастырады. Мәдениет елдің өткені, ол елдің ертеңі екенін әрдайым есте сақтаған жөн, – дей келе Нұрлан Нұркенов бұл салада кемшілікті болдырмай, жемісті қызмет етуге шақырды.
Ал, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева  аталған мерзімде атқарылған жұмыстарды пысықтап,  мәдени саладағы әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде баяндама жасады. Бүгінде облыста 666  мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, екі театр, 11  мұражай, 266 клуб және 384 кітапхана бар. Өкінішке орай, өткен жылғы көрсеткішпен салыстыратын болсақ,   клубтардың саны он бірлікке кемігенін көруге болады. Олардың жабылуының негізгі себебі, көптеген елді мекендерде тұрғындардың саны жүзден аспайды екен. Керісінше, халқы көп ауылдар мен кенттерде  мәдениет ошақтары жоқ. Осы жайттың бәрі сайып келгенде бөлінетін қаржы көлеміне тіреледі.Тарқатып айтар болсақ, үстіміздегі жылы  жергілікті, облыстық және республикалық  бюджеттен 2 миллион 265 мың теңге қарастырылып, ол қаржы материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатына жұмсалған. Ал, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тоғыз мәдениет ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Өз кезегінде  барлығы бәсекеге қабілетті қызмет көрсетіп, қосымша  қаржы көзін табу тетіктерін ойластыруда.
Баяндамашы облыста мәдени саясатты жүзеге асыру үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын алға тартты.  Атаулы даталарды тойлаудағы барлық бастамалар қолдау тапқан. Мәселен,  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ғасырлар аманаты»  атты республикалық акциясы өткізілген. Мұнда  режиссер Мұратбек Оспановтың жетекшілігімен мұражайларда сахналанған көрініс қойылды. Акция  еліміздегі барлық мұражайлар тарапынан қолдауға ие болып,  эстафета қараша айында Түркістан қаласына берілмек. Сондай-ақ, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры Өскемен қаласында қазақ драма театрлары арасында өткен XXІІІ фестивальде  «Алдаспан» қойылымын көрсетіп, «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін» аталымы бойынша марапатталды.
Әйтсе де,  мәдениет саласында жетістіктермен қатар,  түйткілді мәселелер де аз емес.  Бірнеше жылдар бойы  Бұланды, Зеренді, Ерейментау, Жақсы және Целиноград
аудандарында  кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтыру үшін қаржы бөлінбеген. Әрі сахналық киімдер, музыкалық аспаптарды сатып алу мәселесі әлі шешілмей отыр. Облыстық орыс драма театрына да бөлек ғимарат қажет.
Шарада сөз алған  облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Байжол Шахманов  бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қалыптастырудағы негізгі тетіктерге баса тоқталды. Ал, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Жансұлу Мұқатаева  басылымдарды электронды кітаптарға көшіру жұмысын саралап берді. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының аға инспекторы Тілектес Нұрсейітов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Кенжебай Мұқышев және облыстық филармонияның басшысы Нұргүл Шәйкенова  алға қойған мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Алқа мәжілісінің қорытындысында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысын өткізуде белсенділік танытқан аталмыш басқарма басшысы Сәуле Бөрібаева  мен басқарма қызметкерлері облыс әкімі
Сергей Кулагиннің  Алғыс хаттарымен марапатталды.  Ақын, сазгер, әнші Иран Тасқара, ақын Айдос Әбутәліпов пен  облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықовқа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған төсбелгі табыс етілді. Сонымен бірге, облыстың мәдениет саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар азаматтар  Алғыс хаттармен  марапатталды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар