Жазықсыз жандар қасіреті

Жазықсыз жандар қасіреті

Туған ауылымның тарихын іздестіріп, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды облыстық және қалалық архивтерінен мәліметтер жинағанымда құжаттардан 1920-1921 жылғы алғашқы ашаршылық туралы деректерді кездестірдім.

Әр үйде тұрған адамдардың туған және қайтқан жылдары, руы, қай жақтан қай адамдар көшіп келген, кейінгі ұрпақтарының өмірбаяны сияқты мәліметтерді білгенімше, үлкен ағай-апайларымнан сұрастырып жазып шықтым. Ауылдағы Ұлы Отан соғысында қайтыс болған боздақтарға қойылған құлпытаста 45 адам бар болса, іздестіргеннен кейін 57 адам болды. Оның ішінде он адам туралы еш мәлімет болмаған соң, Сыртқы істер министрлігі арқылы Ресей Федерациясына сұрау жібердім. Табылған мәлімет бойынша көбі хабарсыз, 1 адам концлагерь тұтқыны, 2 адам саяси тұтқын. Олар соғыстан кейін сотталып, кейін ақталған, бірақ түрмеден аман шықпаған. Мысалы, Абдуллин Хакім 1923 жылы туып, 1941 жылы соғысқа аттанып, 1942 жылғы 30 шілдеде саяси тұтқын ретінде ұсталып, сол жылдың қазанында ақталған, алайда, соғыс біткеннен кейін 25 жылға сотталған. Бұл кісінің әскери шені аға лейтенант және орден, медальдары бар. Сотталғаннан кейінгі тағдыры белгісіз. Негізі түрмеге тоғытылған саяси тұтқындардың аман-есен босап шыққаны туралы мәлімет жоқ сияқты, түрмедегі азап шеккені аздай, менің ойымша, оны да құртып отырған.
Ауылымыз Ақмола облысының Жақсы ауданында орналасқан. Ауылымызда 1920 жылға дейін жеке үш бастауыш мектеп болған, бұл деректер архивтерде сақталған құжатпен дәлелденді. Аудан бойынша ең алғашқы мектептердің бірі болып саналатыны 1926 жылы құрылысы басталып, 1928 жылы пайдалануға берілген Алғабас бастауыш мектебі. Мектеп директоры Тұлақайұлы Әділбек деген азамат болған. Мектептің құжаты және осы кісінің аты-жөні Петропавл қаласының архивінен шықты. Архив құжаттарынан мәлімет іздеп, кітап жазып шығуым осылай басталып еді. Ол заманда ауыл халқы осы төңіректе Есіл өзенін жағалай, Бозкемер, Бегеш және Мәнен ауылдары болып, бөлек тұрған. Ауылы аралас, қойы қоралас, өзара құда-жекжат ауылдастар Атбасардан мұғалім жалдап, өз мектептерін ашып алғанға ұқсайды. Кеңес үкіметі орнап халықты жаппай сауаттандыру мақсатында 1928 жылы арнайы жобамен салынған мектептің ашылуына байланысты жеке мектептер жабылып, бүкіл мектеп оқушылары осы мектепке жинастырылған. Бұл оқиға кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына сәйкес келіп, мектеп салынған елді мекен Алғабас деген жаңа атауға ие болып, ескі ауыл халқы күштеп көшіріледі. Көшіру науқанын ұйымдастырған коммунист Өтебайұлы Сәби деген азамат кейін саяси тұтқын ретінде сотталып кетеді.
Сол күнге дейін жеке мектеп ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған көзі ашық, сауатты, белсенді және ауқатты тұрмыс құрған азаматтар бай-кулактар ретінде шетінен ұсталып, түрмеге тоғытылды. Әсіресе, Мәнен елді мекенінде тұрған кезінде Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан танымал тұлға Ерназарұлы Сәрке ұрпақтары көп зардап шекті. Сәркенің 11 ұлының 7-еуі болыстық қызмет атқарған. Сәрке ұрпағы өз заманында араб оқуы арқылы сауатты болғандар. Атадан балаға жалғасып, аз ғана елдің билігін қолдарында ұстаған. Әулетінде 12 адам қажылыққа барып, басқа ел мәдениетімен таныс болғандар. Кезінде Сәркенің өз басы қажылыққа Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге барған адам. (Клара Әмірқызы. «Ауылым – атамекенім») 1862 жылы Шоқан Уәлиханов Атбасарға аға сұлтандыққа сайлануға келгенде замандасы Сәркеұлы Жанбай болыс құрметтеп, қонағасы берген. Бұл мәлімет Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» кітабының 2-томында бар. Атбасар болысының кіндік қонысы болған сол Мәнен елді мекенінде ең соңғы Есет болыстың қызыл тамы тұр. 1915 жылы Атбасарда қойылған Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» пьесасын қоюға демеушілік жасаған осы Жанбай баласы Есет болыс еді. 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Алаш Орданың жалпықырғыз (қазақ) съезінде Ақмола облысы депутаттары атынан автономиялық мемлекет жарияланып, халықтық милиция жасақталғаны туралы резолюцияға қол қойған да осы Есет Жанбайұлы болатын (архив дерегінен алынды).
Өткен жылдың 16 қараша күні Алғабас ауылынан кезінде саяси тұтқын ретінде сотталып кеткен аталарымыздың тізімін сұрастырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бардым. Ондағылар сақталған бүкіл құпия құжаттар Ішкі істер министрлігінің архивіне тапсырылғанын айтып, жөн сілтеп шығарып салды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, келесі күні Ішкі істер министрлігіне барып өз атымнан өтініш жазып тапсырдым. Әрине, бәрі бір күнде шешіле қалады деу әбестік болар, біраз табалдырық тоздырып, табандылық таныттым.
– Ол тізімдерді қайтесіз, баяғыда қайтыс болып кеткен адамдар ғой, –деп қарсы сөз айтқанда, қойған сұрақ төркініне таңқалып, тілім күрмеліп қалды. Екінші кітабыма керек мәліметтер екенін айтып, жазған бірінші кітабымды көрсетіп, әйтеуір, өтінішімді қабылдаттым. «Бір-екі ай күтесің», – деп айтқанымен, 3-4 күннен кейін дайын «мәліметтерді алып кет» деп хабарласқан соң, тағы алып-ұшып Министрлікке келдім. Өтінішімді қабылдаған Дария Әлиқызына ризалығымды білдіріп, 86 парақтан тұратын Атбасар ауданы бойынша 306 саяси тұтқынның тізімін алып шықтым. Бұл – мен үшін үлкен бір жетістік болды.
Үйге келіп, тізімді қарап шығып едім, ауылдан бүгінгі адамдар білмейтін, ұрпақтары да жоқ 7-8 адамның тізімі шықты. Алғабас ауылының тумасы, мемлекет қайраткері Нұрғали Нұрсейітұлының 71 жастағы әкесі халық жауы ретінде он жылға сотталған. «Бір аяғы жерде, бір аяғы көрдегі жетпісті алқымдаған ақсақалдан қандай қауіп күтті екен?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз осы арада. Ақсақалдың Нұрғали деген сол баласы Қарағанды обкомында 2-ші хатшы болып тұрған жерінен қанішер Голощекиннің саясатына қарсы шыққаны үшін 1937 жылы халық жауы ретінде атылған еді. Сол Алғабас ауылынан Өтебайұлы Сәби 10 жыл, Абдоллаұлы Хәкім 25 жыл, Қаратайұлы Айдар 25 жыл, Мұхаметжанұлы Жұмабек 8 жылға, ал, Айтуарұлы Бабай ату жазасына кесілген. Бұл кісілерден басқа менің қолымда 18 адамның тізімі бар және ол кісілердің ұрпақтары әлі де ауылда тұрады. Ішкі істер министрлігі тізімде жоқ адамдарды табу үшін Бас прокуратураға бару керектігін ескертті. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, тағы да алып-ұшып Бас прокуратураның канцеляриясына барып едім, тауым шағылып қалды. Оңайлықпен беретін түрлері жоқ. Сталин баяғыда қайтыс болып, Кеңес үкіметі тарап кетіп, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдай уақыт өтіп кеткенін естеріне салып көріп едім, міз бақпады. Таяуда Президент Жарлығымен репрессияға ұшыраған азаматтарды жариялау туралы шешім шыққан еді. Енді сол талаптың орындалуын күтуге тура келіп тұр.
Тізімде сол уақытта Атбасар уезіне қарасты Жарқайың, Есіл, Жақсы, Астрахан, бұрынғы Маринов ауданы және сонау Ұлытау ауданының елді мекендері бар. Таң қаларлығы, Сәкен Сейфоллаұлы да осы тізімде жүр. Сауатсыз, хат танымайтын малшы, жалшы, балықшы, үй шаруасында бала бағып отырған әйел адамнан басқа, ауқатты, сауатты ауыл белсенділері де бар екен. Көп елді мекендердің ауыл аты нөмірленіп жазылған соң, қай ауданға жататынын әзірше таба алмай жатырмын. Кейбір ауыл аттары қазіргі уақытта басқаша аталатын болған соң да, анықтау мүмкін болмай тұр. Жобалап, Атбасар аудандық газетіне 98 адамның тізімін, Жақсы аудандық газетіне 50 адамның тізімін жібердім.
Алғабас ауылының тарихын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, ізденіп жатқан соң ауыл тұрғындарының ешқайсысы назардан тыс қалмаса екен деп тырмысып жатырмын. Бір ғана Сәрке қажының ұрпақтарынан 34 ер-азаматтың аты-жөнін ешқайдан таба алмадым. Соғыста қайтыс болған шығар деп сайтты да ашып көрдім, бірақ, нәтижесіз болып тұр. Бай-болыс тұқымы ретінде бірінші кезекте мал-мүлкі тәркіленіп, сотталатыны сотталып, ұрпақтары жан-жаққа үдере көшіп кеткеніне еш күмән жоқ. Шынын айтқанда, ел жақта болыс ұрпағынан 5-6 отбасы ғана тұратыны анық. Жорамалым – басқа елге көшіп кетіп, ата-бабалар тұрған ауылын ұмытып кетті ме деген ой. Кім біледі, осы газетті оқып, облыс көлемі төңірегінен де табылып қалар деген үмітім де жоқ емес. Бұлай айтуға себеп –Мұхаметжанұлы Жұмабек деген кісі Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы, Кішкенекөл ауылында бухгалтер болып жүрген жерінен ұсталып, халық жауы ретінде 8 жылға сотталып, қайтып келмеген. Ал, бұл кісінің інісі Мұхаметжанұлы Тұрғанбай шені аға лейтенант, коммунист, орден, медальдары бар, майдан даласында елімізді неміс басқыншыларынан қорғап опат болды. Сонда туған ағасы қалайша халық жауы болмақ?.. Осы жағдай маған түсініксіз.
Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымас» деген қағида бар. Жазықсыз жапа шеккен аталарымызды түгендеп, ақталғанын халыққа жариялап, ұрпақтары еске алып, құрбандыққа мал шалып, дұға оқытса, сауапты іс болар еді. Негізі, жазалау науқаны 1928-1954 жылдарға дейін жүргізілген. Соңғы сотталушы 1954 жылы қайтыс болса, танымал тұлғалардан басқасының бәрінің де ақталғаны туралы мәлімет баспасөз арқылы халыққа жарияланбағанына көзім жетті. Ол уақытта халық арасында ОГПУ тыңшылары жасырын түрде тың тыңдап, билік туралы теріс көзқараста болған немесе биліктегілердің халыққа қиянат жасап отырғанын ашықтан-ашық айтқан азаматтар жедел түрде ұсталып, үштіктің өзара шешімімен сотталып, атылып кете берген. Тізім бойынша жоғарыдағы 306 адамның 117-сі атылып, 2-еуі ақталып, қалғандары бәрі бір жылдан 25 жылға дейін үкім шығарылып сотталған. Тізімде сотталған 12 әйел адам және 2 молда бар. Ең үлкені 1862 жылы туып, 1937 жылы 75 жасында он жылға бас бостандығынан айырылған.
Бұл қанқұйлы, қатыгез заман өтіп кетті дегенмен, қаншама ұрпақ сұрқия саясаттың құрбаны болып, саяси тұтқындардың ұрпағы ретінде көпке дейін қиыншылықтарды бастан өткерді. Құдай енді қайтіп мұндай жағдайды халықтың басына бермесін. Отанына адал қызмет істеп, жазықсыз жапа шеккен, біздің болашағымыз үшін саясат құрбаны болып, тарихта қалған аталарымыздың жатқан жерлері жайлы болсын.
Талғат Құрманұлы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *