Ардақты ұстазымды ұмытпаймын

Ұстаз! Осы бір сөзде қаншама мән-мағына, құдіретті күш, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін адам жоқ. «Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі», – деген Ыбырай атамыз.

Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны анық. Өмірдегі қоғам қайраткерлері, не бір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер бәрі бір адамға қарыз. Ол – ұстаз. Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат етіп аттандырудың өзі бір үлкен күш. Сондықтан да, ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек. Шәкірттерінің жан дүниесін байытып, қоғам кетігіне кірпіш болып қалануына ұстаздардың қосар үлесі зор. Тарыдай болып білім ордасының табалдырығын аттаған күннен бастап, таудай болып өмірге етене араласқанға дейін біз ұстаздарымыздың ойлы сөздерін жадымызға жаттап өстік. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздарымыз жетерлік.
Мен де өз мақаламда – солардың бірі туралы 1950 жылы 4 наурыз күні көп балалы Құсайын Қожахметұлы мен Әлиман Усақызының отбасында дүниеге келген алғашқы ұстазым Бағила Құсайынқызы Қожахметова туралы жазып отырмын. Біздің алғашқы ұстазымыз да біз оқыған Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінде білім алып, осы білім ордасын үздік аяқтайды. Бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған педагогикалық сынып курстарын 1970-1971 жылдары бітіріп, еңбек жолын қалалық №3 мектептен бастаған.
Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. «Жас келсе, іске» дегендей, жас маман  жолдамамен ауданымыздың Сәуле, Қызылұйым, Жаңалық мектептерінде еңбек жолын жалғастырып, аталмыш мектептердің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты үйреніп, оған өз талпынысын қосып, қызмет атқарған ұжымдарында беделді бола білген.
1988-2008 жылдар аралығында өзі білім алған Абай атындағы қазақ орта мектебіне оралып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Жұмыс істеген жылдары аралығында еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталарымен марапатталды. Мектептің жаңа күн тәртібіне үйрену, яғни, ерте ұйқыдан тұру, тыныш отыру, сабақтан қалуға болмайтындығы, дер кезінде сабақты орындау және бойымызға рухани адамгершілік қасиеттерді сіңіру тұрғысында көп тәлім-тәрбие берген апайымызға айтар алғысым мол.
Бағила Құсайынқызының ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланғаны жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ұлағатты ұстаз ғибратты ғұмырының қымбат  шақтарын болашақ буын біздерді оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстазымыздың өмірі біздер үшін  үлкен өнеге. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол мұғалімдеріміздің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгеді десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат етіп шығарғаннан басқа, абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә? Бүгінгі күні ұстазымыз ұлы Абылай мен келіні Динара, сүйікті немерелерімен бірге Көкшетау қаласында тұрады. Сөз соңында мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз әрқашан да зор болсын дегім келеді.
Алма ҚАНАТҚЫЗЫ.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар