Сот-сараптама қызметі заң арқылы жетілдіріледі

Сот-сараптама қызметі заң арқылы жетілдіріледі

Coт сараптамасы дегеніміз – маңызы бар мәселелерді шешу мақсатында, азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік материалдарды тексеру, зерттеу. Сот сараптамасы ұғымы Қазақстан Республикасының «Сот сараптамасы туралы» заңының 1-бабында көрсетілген. Осы заңның 1-тарауының 3-бабына толықтырулар енгізілді.

«Әкімшілік сот ісін жүргізуді, қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету сот-сараптама қызметінің міндеті болып табылады» деп жазылған. Жаңа редакцияда жазылған заң 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енеді.
Сот сараптамасы қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу тарауындағы 13-бап бойынша сот сараптамасымен айналысуға арнайы берілетін лицензияны алу және оның тәртібі мен талаптары «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңымен белгіленеді. Осы арқылы лицензия негізінде сараптама жүргізетін мамандардың қызметі белгіленіп, бақыланады. Сондай-ақ, сот-сараптама қызметін бақылау еліміздің Кәсіпкерлік Кодексіне сүйене отырып, жүзеге асады. Маңыз беретін тағы бір мәселе – бұл қызмет кәсіпкерлік қызмет болып есептелмейді. Егер адам сараптама жасау мерзімінде заңға қайшы іс-әрекеттерді бір жылдың ішіне екі және одан да көп бұзған болса, лицензияның қолданылуын уақытша тоқтата тұруы және одан айыруы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу ісі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде, Азаматтық процестік кодексінде, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ «Нотариат туралы» заңда белгіленген.
Аталмыш заңның 8-тарауындағы «Сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық», деп аталатын 61-бапқа сәйкес шет елдік құзыретті органдарының тапсырмасына сай сараптама жүргізіледі. Бұл пункт аймақтық және ұлтаралық өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету, сонымен қатар, сарапшылық мекемелерде кездесетін проблемаларды жан-жақты талқылау, әр алуан пікірлердің жолдары айқындалған.
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот сараптамасының атқарар қызметі зор. Заман талабына сай зерттеу жүргізіп, сараптама жасаудың жаңа түрлері, цифрлы жүйе арқылы оңтайландыру тәсілдері жүзеге асуда. Жаңа әдістемелерге сүйене отырып, халықаралық сот сараптамасы мекемелерінің мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың ұсыныстары мен мұқтаждықтарын қамтамасыз ету мақсатында сот-сараптама қызметін одан әрі нығайту шаралары ұйымдастырылуда. Сот сараптамаларының түрлерін дамытуға, тұрақтандыру мен жетілдіру жөнінде шаралар легін қабылдауға, материалдық-техникалық базаны кеңейтуге мән беріліп отыр. Сараптамалық әлеуетті арттыру арқылы әлемдік аренадағы сот сараптамасын жүргізетін озық үлгідегі мекемелермен ынтымақтасуға жағдай жасалу көзделді. Заманауи перспективаларды есепке ала отырып, Қазақстан Республикасындағы сот сараптамасының қызметін ғылыми тұрғыда оқытуға, кадрларды дамытуға мән беру қажет. Себебі, мамандардың біліктілігін арттырып, сот саласындағы тәжірибелерін толықтыруы маңызды.
Елімізде соңғы жылдары ғылыми-зерттеу институттарының қызметіне жете көңіл бөлініп келеді. Оның айқын дәлелі – іргелі зерттеулерге көңіл бөлініп, ғылыми жұмыстардың көбеюі. Жаңа сараптамалық әдістерді пайдалана отырып, сынақтардан өткізу, сондай-ақ, аса күрделі сараптамаларды жасау, олардың нәтижелері бойынша мониторинг жүргізу ісі қарқынды дамып келеді. Сарапшыларды кәсіби даярлау мен біліктілігін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
2020 жылдың маусым айында Әділет министрі Марат Бекетаев халыққа онлайн есеп берген еді. Ондағы көтерілген басты мәселелердің бірі – сот-сараптама саласындағы өзара бәсекелестікті арттыру керектігін атап өтті. Яғни, сот сараптамаларының кейбірін жеке ортаға беру керек деп санайды. Министрдің аутсорсинг арқылы қылмыстық істер бойынша ішкі істер органдары тағайындаған сот сараптамаларының кейбір түрлерін бәсекелестік ортаға беру туралы Әділет министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратураның бірлескен бұйрығына қол қойылғанын айтты. Аталған бұйрық бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылып, өз нәтижесін беруде.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың қараша айынан бастап Әділет министрлігі Жоғарғы Сотпен бірлесіп, соттардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша сот-сараптама институттарына жеке сот сарапшыларына алғашқы сот құрылыс сараптамасы, сот тауартану сараптамасы және сот экономикалық сараптамасы бойынша сараптамалар тағайындау пилоттық жобасы жүзеге асырылған еді. Жоба оң нәтижелі болып, тәжірибе жүзінде орындауға әбден қолайлы екендігін дәлелдеді. Мысалы, 2019 жылдың сот ұйғарымы бойынша жеке сот сарапшылары азаматтық істер бойынша 706 сот сараптамаларын өткізді, бұл мемлекеттік бюджеттің шығындарын 42 миллион теңгеден астам азайтуға мүмкіндік берді.
Ата Заңымызда адамның құқығын, бостандығын, ар-намысын қорғау басты назарға алынған. Осы қағидаттар арқылы адамдар өз құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ізгілікке, ақиқатқа қол жеткізеді. Осы орайда, сот сарапшылары заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға өз құзыреті арқылы атсалысады. Өз міндеттерін тиісінше атқару арқылы ауыр қылмыстарды ашу барысында адами құндылықтарды еске ала отырып, шынайы ақпараттар беруі тиіс. Қылмыстық оқиғаларға қатысты сарапшы қорытындысына сәйкес адам тағдыры шешіледі. Соттың да соңғы шешімі соған негізделеді.
Сот сараптамасы бойынша заңдар жобасының мақсаты – тәуелсіз, объективті баға беру. Заңды толықтыру арқылы сот-сараптама қызметі деңгейін көтеруге мүмкіндік мол. Сонымен қатар, осы күнге дейін сот-сараптама сараптама қызметінде болған олқылықтардың орнын толтыру көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасының тұжырымдамалық жаңалығы сот-сараптама саласында бәсекелестік ортаны кеңейтудегі оң үдерістерді жеке сот-сараптама институтын дамыту арқылы тереңдету болып табылады. Атап айтқанда, білікті қызметкерлердің жеке сот сарапшысы мамандығына қол жеткізуіне кедергі болатын әкімшілік тосқауылдар жойылады. Жоғарыда айтылған мәселелердің маңызды әрі қоғамда алатын орны ерекше. Өйткені, сараптама арқылы болуы мүмкін даулар мен келіспеушіліктердің алдын алады. Қоғам ілгерілеген сайын сот саласындағы тосқауылдарды жойып, жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда.

Олжас Шалабаев,
Аршалы аудандық сотының төрағасы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *