Тоқсан жеті миллион теңгенің азық-түлік өнімдері сатылды

 Облыс әкімі Сергей Кулагин бекіткен кестеге сәйкес, өткен сенбі күні Көкшетау, Степногорск және Щучинск қалаларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі  болып өтті.

  Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында ұйымдастырылған Аршалы, Атбасар, Жақсы, Қорғалжын аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерінің жәрмеңкесін аралап көріп, тауарлар бағасына назар аударды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан бізбен әңгімесінде аталмыш қалаларда өткен жәрмеңкелерде 97 миллион теңгеге бағаланған 49 өнімнің түрі сатылғанын айтты.
Жәрмеңкелерде 61,3 тонна ет және шұжық өнімдері, 12,2 тонна балық, 140 мың дана жұмыртқа, 28,6 тонна сүт және сүт өнімдері, 87 тонна ұн, 50 тонна картоп, 54 тонна көкөніс, 5 тонна қант, 16 мың литр өсімдік майы саудаланды. Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Сенбаев бізбен әңгімесінде  8 ауылдық округтің кәсіпорындары 12 бас ірі қара, 1 жылқы және 6 қойдың етін, құс және сүт өнімдерін әкелгендерін айтты. Аудандағы «Алтынай», «Табыс», «Аян» және «Жаңа» шаруа қожалықтары мал басын көбейтуде. Сабынды ауылындағы «Бакара» ет комбинаты жәрмеңкеге әртүрлі шұжық пен ет өнімдерін әкеліпті. Жәрмеңкеде «Агроэкспорт ЛТД», «Нұрсуат» серіктестіктерінің өнімдерін де көзіміз шалды. Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Ақылбек Егінбаевтың айтуынша, «Балтабеков и К», «Құралай и К» кәсіпорындары өз өнімдерімен жәрмеңке сөресін лық толтырып тастапты.
Аршалы ауданындағы Бағдат Төлебаева басқаратын «Еңбек-1» серіктестігінің өкілі Қымбат Бекішева 11 тонна картоп саудалады. Биыл бұлар әр гектардан 25 центнерден картоп жинапты. Оған шетел техникасы мен жаңа технологияны қолданудың арқасында қол жеткізген. Жәрмеңкеде Аршалы кентінің тұрғыны Әлия Мақышева тай етінің әр келісін 1 мың теңгеден сатты. Ақкөл ауданындағы Диас Еспанов басқаратын «Ақкөл құсы» фабрикасының жұмыртқасы 18,5 теңгеден сатылды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге ұмтылуда. Атбасар ауданындағы Полтавский селолық округінің әкімі Мұрат Сыздықов нан мен ет өнімдерін, жүз литр қымыз әкелгендерін айтты.
Степногорск қаласындағы жәрмеңке Спорт сарайы алаңында өтті. Тұтынушыларға аталмыш қала мен Ақкөл, Ерейментау аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 23,4 миллион теңгеге бағаланған 47,1 тонна өнім ұсынды. Щучинск қаласындағы жәрмеңке Бурабай ауданы әкімдігінің алаңында өтті. Қала тұрғындарына Бұланды, Бурабай және Еңбекшілдер аудандарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері 23,6 миллион теңгенің 45 тонна өнімін ұсынды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар