Үміт отын лаулатқан…

Көкшетау қаласындағы ең жас кәсіпкер небары 12-де ғана. Әйтсе де, сөзі мен ісі құтты ес біліп, етек жапқан ересек адамдай. Ой-толғамы да, ұстанымы да. Тірнектеп тапқан қаражатын қарақан басына жаратпай, қайырымдылыққа жұмсайды, анығырақ айтқанда, маймақ дертіне шалдыққан балаларға ортопедиялық аяқ киім мен басқа да қажетті заттар сатып әпереді.

Заурбек Яндиев әрқилы ыдыстар мен жейделердің сыртын көзтартарлық етіп безендіреді екен. Көркем суреттей құлпырған бұйымдар сыртқы пішінімен-ақ тұтынушылардың назарын өзіне аударады. Сондықтан да өтімді. Ал, неше алуан мазмұндағы дизайндерді әлеуметтік желіден іздеп табады. Өзінің балғын қиялынан туындайтын кескіндемелер де бар. Тауары өтіп тұрған соң тәп-тәуір табыс та оралуда. Өз басына бір тиынын да жұмсамай, барлығын толайым дертке шалдыққан балаларға бағыттайды. Олар қуанса, нәзік жаны масайрап, төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай сезінеді. Өзгені қуантудың, жанында жүрген, қамқорлыққа мұқтаж адамның шаттанғанын көрудің өзі естіген жанның жан дүниесін уылжытып жіберетін бір әдемі сезім. Жас кәсіпкер осылайша түйсінеді. Құрбыларының бойындағы қасіреттің салмағын қапысыз ұғады. Өйткені, бір кезде өзі де дәл осындай дертке душар болған. Бірақ, қайсар мінезді бала еш мойымай күрессе керек. Жас қайыңдай солқылдаған құрыш дене мен қайтпас қайсар мінезі түптің түбінде дертті жеңіп шығыпты. Енді өзгелерге дем бермек, қолтығынан демемек. Өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып, жабысқан дертті жағасынан алып лақтырып жіберуге болатынын саналарына жеткізе отырып ұғындырмақ.
Шынтуайтында жас кәсіпкер ұзақ жыл бойы аурухана төсегіне танылып жатыпты. Әлденеше рет ота жасатқан. Алғашқылары сәтсіз аяқталыпты. Сонда да үмітін үзбеген. Кейінгісі, Қостанай қаласында жасалған соңғы отасы сәтімен сабақталып, аяғын қаз басып кеткен. Бірақ, сол бір қасірет қабырғасын қайыстырған, денесін дерт меңдеген шақ есінен бір сәт кеткен емес. Неткен сұрапыл сұмдық десеңізші?! Он екіде бір гүлім ашылмай жатып, төсекке таңылып қаламын ба деп қорыққан. Мәңгілік мүгедек болу кімге оңай дейсің. Өзі де илана алмай тұрса да, түптің түбінде жеңіп шығатынына кәміл сенген. Басына төнген қайғының қара бұлтын нәзік қолдарымен серпіп тастауға талай ұмтылған. Ақыры тілегі қабыл болды. Ендігі тілегі өзі тәрізді мұңайған, өмірден бәз кеше жаздап жүрген балғындарға көмектесу. Олардың жайын өзіндей кім ұқсын?
Ал, мұндай балалар да аз емес. Облыс бойынша 900-ге жуық. Солардың бірі – Бурабай ауданындағы Кенесары ауылының тұрғыны Бахтияр Беспаев небары 11 жаста. Бахтиярдан бұл дерттің белгілері өмірге келген кезден біліне бастаған. Содан бері жанын жеген дертпен арпалысып келеді. Балғын кәсіпкер Заурбек Яндиев ең алғашқы сыйлығын осы Бахтиярға жасады. Үміт отын тұтату үшін өзінің басынан кешкен оқиғасын да айтып берді. Рухани ағасының жан сырын естіген Бахтиярдың да жанары жайнап кетті. Енді үзілген үміт жалғанғандай, көкіректегі сөніп бара жатқан оты қайта лаулап жанғандай.
–Менің балама осы кезге дейін үш мәрте ота жасалды, – дейді анасы Рахима Әбдіғапарова, – шынын айтқанда, қажетті ортопедиялық аяқ киімдердің құны өте қымбат. Соңғы біреуін Ресейден 90 мың теңгеге алдырттым. Енді міне, Заурбек құлыным тегін сыйлап отыр. Бахтиярға айтқан өзінің өмір тәжірибесі аяқ киімнен де қымбат. Күндердің бір күнінде менің балам да Заурбек сияқты қатарға ілініп кете ме деп үміттенемін.
Бар болашағы алда Бахтияр отбасындағы төрт перзенттің кенжесі екен. Кенже бала күні ертең Заурбек тәрізді қаз басып кетеріне сенімді. Қарапайым аяқ киімдер аяғын қажап жүр еді, мына сыйлық көңілден шығып-ақ тұр.
Балғын кәсіпкердің бастамасын ақыл таразысына салып отырып, ел ішіндегі мұқтаж жандардың еш уақытта қамқорлықсыз қалмайтынына кәміл сендік. Небары он екіге жаңа толған өрімдей жас елінің елдігін, балалардың бақытты болашағын ойлап жүрсе, біздің ел кімнен кем болмақ? Алға қойған бар мақсат-мұрат та, жан жадыратар жақсылық та осы емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар