Қысылтаяң шақта бар үмітіміз – құтқарушыларда

Баяғының батырлары жаугершілік заманда бес қаруын асынып елін, жерін қорғаған. Ал, бүгінгінің батырлары деп кімдерді айтамыз? Отанға, елге адал қызмет етіп, қайырымдылық жасаған жанды осылай атауға болатын шығар.

Тұрмыста немесе табиғатта, адам өмірінде түрлі күтпеген төтенше жағдайлар орын алып жатады. Сол қысылтаяң шақта адамдар құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Алайда, осы кезде құтқарушыларға адамдардың өмірін сақтап қалу үшін, өз өмірін қатерге тігуге тура келеді. Бұны әрине, батырлық демеске амалың жоқ. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апатынан құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағы Көкшетау қалалық құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Наурыз Қаппасовты осындай абыройға лайық дер едік.
Жасы небары 29-дағы ол бірнеше рет авариялық-құтқару операцияларына қатысып, табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлармен күресуде жанкештілікпен көзге түсіп жүр. Оның өмірбаянына қысқаша тоқталатын болсақ, Наурыз Мерекеұлы 1992 жылғы наурыздың 22-сінде Зеренді ауданы Қоныспай ауылында көп балалы, қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Төрт баланың ең кенжесі кішкентай кезінен бастап, құтқарушы болуды армандапты.
Орта мектепті тәмамдаған соң, ол құрылысшы болып жұмыс істеді, еңбекке деген сүйіспеншілігі мен техникаға әуестігінің арқасында тас қалаушы және краншы мамандығын жақсы меңгеріп алды. Кейін Көкшетау қаласының жоғары техникалық мектебіне оқуға түсіп, 2012 жылы оны техник-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл Наурыздың балалық арманы орындала бастаған кез еді.
Азаматтық қорғау органдарында 2016 жылғы қазаннан бастап, ал, Көкшетау қалалық құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы лауазымында 2019 жылғы шілдеден бастап қызмет атқарып келеді. Осы аз уақыт ішінде ол өзін сауатты маман ретінде жақсы жағынан көрсете білді, өзінің қызметтік міндеттері мен қоғамдық тапсырмаларын үлгілі орындайды және өзінің шеберлігін үнемі жетілдіріп отырады. Ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында азаматтық қорғау саласында биік белестерді бағындырып отыр.
Өз қызметіне адал жанның жеткен жетістігі мен алған асулары өзімен иық тірестіріп жүрген әріптес іні-қарындастарына үлгі болардай. Сол себепті, ұжымда да сыйлы. Бірге қызмет істеп жүрген әріптестері мен құрбылары Наурыз Қаппасовты білікті маман әрі өз ісіне адал қызметкер санайды.
– Бұл қызметке ең басты керегі – адамгершілік, төзім, біліктілік және шапшаңдық. Сондай-ақ, бұл қызмет адамды шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тырысамын. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік, – дейді Наурыз Мерекеұлы.
2020 жылдың көктем айларында ол Атбасар ауданында су тасқынының алдын алу және жою шараларына қатысты. Инертті материал толтырылған қаптарды төсеу және еріген қар суын сору жұмыстарымен бірге, Атбасар және Сандықтау аудандарында Жабай өзенінде мұз жару жұмыстарына атсалысты.
Сонымен қатар, Наурыз Мерекеұлы облыстың өзге де су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сүңгуірлік-іздестіру, аптаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстардың ортасынан табылды. Құтқару бөлімшесінің құрамында 2020 жылдың басынан бастап әртүрлі сипаттағы 50-ден астам құтқару жұмыстарына қатысып, онда олар 300-ден астам адамды, оның ішінде 24 баланы құтқарды, төтенше жағдай кезінде 12 зардап шегушіге дәрігерлер келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Жас маман техниканың құлағында ойнайды. Оның кәсіби жүргізу дағдыларының арқасында жол талғамайтын «Трэкол» көлігі қар кедергілерін еш қиындықсыз еңсеріп, шұғыл жағдайларда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға жедел көмек көрсетіліп келеді. Осы техниканың көмегімен ол өткен жылы «Көкшетау-Нұр-Сұлтан» және «Көкшетау-Атбасар» автокөлік жолдарында қар құрсауында қалған 257 адамды құтқарды, соның ішінде 18-і бала, сондай-ақ, 300-ден астам автокөлікті қауіпсіз жерге жеткізді.
Ол үш рет құтқару көпсайысы бойынша республикалық жарыстарға қатысып, 2018 жылы Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті командасының құрамында жүлделі үшінші орыннан көрінді. 2020 жылы Наурыз Мерекеұлы қызметтік борышын орындау және адамдарды құтқару кезінде көрсеткен адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты және «BIRGEMIZ_AQMOLA» облыстық жастар сыйлығының дипломымен марапатталды.
Аға буынның тәжірибесіне жүгініп, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асатын Наурыз Мерекеұлы қызметіне ғана адал емес, өзінен кейінгі жастарға да үлгі болып келеді. Халықтың алғысын алған құрметті мамандықтың иелері қай кезеңде, болсын үлкен сұранысқа ие. Мұны Наурыз Мерекеұлы өзінің адал еңбегі, кәсіби шеберлігімен дәлелдеп келеді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар