Әуежай қауіпсіздігі – маңызды мәселе

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігінің және бақылау қызметі басқармасында өткен дөңгелек үстел мәжілісінде Көкшетау халықаралық әуежайында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, аталған әуежай басшылығы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан бұл жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Денис Шелкоплясов баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, Көкшетау халықаралық әуежайының өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етілуінде айтарлықтай кемшіліктер бар. Мұны, соңғы екі жыл қатарынан жүргізіліп келе жатқан тексерістер нәтижесі дәлелдеп отыр. Үстіміздегі жылы 63-тен астам ереже бұзушылық анықталған. Нақтысы сол, өрттің бар-жоғын анықтайтын автоматтық жүйе, желдеткіштер, осы сынды басқа да маңызды жабдықтар істен шығудың аз-ақ алдында тұр. Қолда бар өрт сөндіру техникалары сексенінші жылдардан бері келе жатқан көрінеді.  
Егер, оларды тездетіп ауыстырмаса, соңы ауыр жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Әсіресе, соңғы кездері ұшақтардың құлауы, жарылуы, тілсіз жау – өрт оқиғалары бірінен соң бірі орын алып жатқан уақытта біздегі әуежайдың бүгінгі жайы баршамызды ойлантуы қажет.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, өрт кез-келген сәтте төтеннен келуі мүмкін. Сол себепті, жергілікті өрт сөндірушілердің, әуежай қызметкерлерінің де оған төтеп бере алатын қаруы болғаны дұрыс. Әуежай халықаралық болғаннан кейін, өңірімізге алыс-жақын шет елдерден келушілер де жоқ емес. Олардың қауіпсіздігіне бейжай қарасақ, еліміздің әлемдік аренадағы атына қылау түскені. Төтенше жағдайлар мекемесі мамандарының айтуынша,  әуежайда орын алатын өртті сөндірудің де өз қиындығы бар. Оған арнайы  көлік қажет. Оның төрт-бесеуінің өзі бір ұшақтың өртін әрең сөндіреді. Әуежай басшылығына өрт сөндіру бекеттерін құруға қажетті мамандарды даярлау мүмкіндігі бар екені ескертілді. Көкшетау көлік прокуратурасының аға прокуроры Анарбек Күзбақов та жиында әуежайдың халықаралық ұшақтарды қабылдауға қауқары жетпейтіндігін айтып, дабыл қақса, «Көкшетау әуекомпаниясы» акционерлік қоғамы директорының міндетін атқарушы Ерлан Құсайынов айтылған жәйттарды назарда ұстайтындығына сендіріп, осы проблемаларды шешуге мемлекеттен көмек-қолдау болса деген тілегін білдірді.        

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар