Балаға – өмір, ата-анаға – қуаныш сыйлаған

2021 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алдын ала сомасы 6,2 миллиард теңгеге экстракорпоралды ұрықтандырудың жеті мың циклын қаржыландыруды жоспарлаған. Осыған орай, биыл Ақмола облысына 283 квота бөлініп отыр.

Отбасында сәбидің дүниеге келуі ата-ана үшін үлкен қуаныш. Ал, егер ол көптен күткен сәби болса, онда ол еселене түсері сөзсіз. Өкінішке орай, барлық ерлі-зайыптыларда бірдей балаға өздігінен жүкті болу мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, медициналық көмекке жүгінуге тура келеді. Міне, бүгінде елімізде медицинаның қарыштап дамуының арқасында осындай жолмен сәби сүйген отбасылар қатары көбеюде. Жалпы, жасанды ұрықтандыру рәсімін жүргізу барысындағы квота саны 2020 жылмен салыстырғанда жеті есеге өскен. Өткен жылы 960 миллион теңгеге 1105 экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметі көрсетілген. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тегін ЭКҰ-ға кім өтініш бере алады, қайда жүгіну керек және процедураға арналған көрсеткіштер туралы жан-жақты ақпарат беріліп отырады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап Қазақстанда «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталды. Оның мақсаты – қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ЭКҰ бағдарламасы аясында 2018 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 902 циклды және 2019 жылы да дәл осы көлемде қаржыландырған. Анықталған мәліметтер бойынша, репродуктивті технологияны жүргізу нәтижесі 45-60 пайызға жетеді. ЭКҰ жүргізу тиімділігі біздің елімізде орта есеппен 15 пайыздан 42 пайызға дейін өскен. Бала туу фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30 пайыз деңгейінде, бұл ең жақсы еуропалық клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді екен.
Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр. 2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасында ЭКҰ бағдарламасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. 2010-2019 жылдар кезеңінде циклдар саны 100-ден 900-ге дейін өскен. Міне, сол 2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жеті мыңға жуық ЭКҰ бағдарламасы қаржыландырылған.
Міне, осыдан келіп, экстракорпоралды ұрықтандыру кімдерге арналған, деген орынды сұрақ туындайды. Жалпы, бұл процедура терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылғандарға арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Ол үшін алдымен, міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек екен. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. Бұл репродуктивті жас 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебеде, жоғары фолликулярлық резервте болуы керек. Науқасқа жасанды ұрықтандырудан бас тарту бірнеше жағдайда әсер етуі мүмкін. Мәселен, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализацияның онкологиясы болған жағдайда ЭКҰ-ға қатысуға болмайды.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосқаннан кейін, бірқатар тексерулер тағайындалады. Бір жыл ішінде алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымы бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Науқас экстро корпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. Бір айта кетерлігі, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады екен. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылып отырады.
Жалпы, МӘМС жүйесі бойынша ЭКҰ циклінің базалық бағдарламасы көзделген. Онда суперовуляцияны стимуляциялау, аналық бездердің трансвагинальды пункциясы, мұздатылған (желденген) эмбриондарды ауыстыруды қоса алғанда, асқынулардың жоғары тәуекелдерінің болуымен және эмбриондарды ынталандырылған циклде (овуляцияны стимуляциялау аясында эндометрия гиперплазиясы, эндометрия гипоплазиясы), кез-келген локализацияның жіті қабыну аурулары кезінде ЭКҰ нәтижелілігін айқын төмендететін факторлардың болуымен байланысты кейінге қалдырылған жағдайлар жүзеге асырылады екен. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, облысымыздағы экстро корпоралды ұрықтандырумен тікелей айналысатын арнайы дәрігер-маманды әңгімеге тарттық. Ол өңіріміздегі акушер және гинекология бойынша бас дәрігердің орынбасары Жұлдыз Әлпілам:
– Ақмола облысында бедеулікке шалдыққан 735 науқас диспансерлік есепте тұр. Олардың ішінде 360-ы экстракорпоралды ұрықтандыру жасатуға мұқтаж жандар. Біздің облыста 2021 жылға 283 квота бөлінді. Жыл басынан бері олардың 47-сіне квота таратылып үлгерді. Портал 15 ақпаннан бастап ашылып, жұмыстар жасалуда. Нәтижелерін әлі де күтеміз, – деген ол, дәл бүгінгі күнге сегіз әйел жасанды жолмен жүктілікті жүзеге асыратыны туралы жағымды хабар келгенін де қуана жеткізді.
Жалпы, жүктілікті диагностикалау ұрықтандырудан 12-14 күн өткен соң жүргізіледі екен. Сөйтіп, ультрадыбыстық зерттеу 21 күнге тағайындалады. Егер, науқаста жағымсыз асқынулардың бірі пайда болса, мәселен, көп жүктілік, бұл әйел денсаулығына кері әсер етіп, жүктілік болжамын нашарлатып, нәтижесінде резекция жасайды екен. Сондықтан, дамып келе жатқан ұрық санын азайту операциясы пациенттің жазбаша келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Дәрігер-маманның айтқанынан тағы бір аңғарғанымыз, 2019 жылы Ақмола облысында ЭКҰ квотасының көмегімен 27 бала дүниеге келсе, осындай қызметті 37 жұп пайдаланған. Ал, өткен жылы олардың саны 45-ке дейін жеткен. Осы жылдар ішінде медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша жасалған квотада балалы болғысы келетін ерлі-зайыптылардың саны едәуір өскен. Оған қоса, өңірімізде ЭКҰ-ның дамуы туралы жаңалықтар осы проблемамен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарда белсенді түрде талқылана бастаған. Бірінші кезекте олар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған.
Жалпы, елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы Салтанат Байқошқарованың пайымдауынша, Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізімі жасалып, қанша адам бедеулікке ұшырағандығы анықталып, 2010 жылы 100 квотадан бастаған мемлекетіміз, бүгінде мыңнан аса квотаға қол жеткізген. Бұған дейін көбіне ақылы түрде қызмет көрсетіліп, соған да қуанған ерлі-зайыптылар болған. Ал, қазір Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылғандай, 7 мың квота бөлу қарастырылып отырғаны құптарлық жайт. Өйткені, бұған дейін ЭКҰ-ға келген адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмай қиналған. Әрі, бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді екен. Сондықтан, ендігі жерде жаңа бағдарлама пациенттер үшін үлкен көмек болары сөзсіз.
Қазіргі таңда еліміздің сегіз өңіріндегі 19 медициналық ұйым ЭКҰ қызметтерін жеткізушілер болып табылады. Олардың ішінде он сегізі жеке меншік. ЭКҰ жүргізу қағидалары және ілеспе іс-шаралар туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығында жарияланған.
Тағы бір айтарымыз, сарапшылардың пікірінше, еліміздегі отбасылардың шамамен 20 пайызы бала сүйе алмай бедеулікке тап болғандықтан ажырасып жатады екен. Сондықтан, бүгінгі таңда арнайы бағдарламаның іске асырылуы арқылы мұндай жағымсыз статистикадан арыламыз деген ойдамыз. Міне, осылайша белгілі болғандай, елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай, жылына бір рет ЭКҰ жасату арқылы баласыз отбасыларға ата-ана бақытын табуға зор мүмкіндік ашылып отыр.
Бүгінде облысымызда ЭКҰ бағдарламасы бойынша жетістікке жетіп, осы жасанды жолмен жүкті болған нәзік жандыларымыздың қатары еселене түсуде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: дәрігер Жұлдыз Әлпілам.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар