Колледждерде халықаралық стандарттар енгізілуде

Елімізде 2020-2021 жылдарға арналған «Жас маман» жобасы бойынша оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау, шетелдік тәжірибені және халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаға қатысу үшін республикалық іріктеу арқылы облысымыздан 11 колледж таңдап алынып отыр.

Биыл аталмыш жобаның қолға алынғанына 2 жыл болады. 2020 жылы «Жас маман» жобасына облыстың 5 колледжі қатысты. Бұлардың қатарында Көкшетау жоғары техникалық колледжі, құрылыс-технологиялық колледжі, Щучинск қаласындағы жоғары техникалық колледж, Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі және Степногорск индустриялық-техникалық колледжі бар.
Жоба аясында 5 колледжге заманауи
оқу жабдықтарын сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ, жоба облыстық бюджет есебінен 80 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл қаржыға да 18 мамандық және 33 біліктілік бойынша мамандарды даярлау үшін қажетті жабдықтар сатып алынды. Бұл – машина жасау технологиясы, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, тамақтандыруды ұйымдастыру, сәулет, жиһаз өндірісі, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және өнеркәсіпте пайдалану сияқты мамандықтар.
Сонымен бірге, ағымдағы жылы Атбасар аграрлық-индустриялық колледжі, Краснояр агротехникалық колледжі, Щучинск орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі, Степногорск тау-кен техникалық колледжі, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі, Астрахан агротехникалық колледжі қатысып отыр. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 170,3 миллион теңге бөлінді.
Бүгінгі күні барлық 6 колледж бойынша жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Қазіргі заманғы оқу-өндірістік жабдықтарды сатып алу 13 мамандық және 20 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Бұл – жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары, маркшейдерлік іс, пайдалы қазбаларды байыту, ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, орман шаруашылығы, бау-бақша–саябақ және ландшафтық құрылыс, өнеркәсіптегі электромеханикалық жабдықтармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау.
«Жас маман» жобасының облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне пайдасы зор. Осылайша 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарды жаңғырту және енгізу нәтижесінде облыстың 11 колледжі «WorldSkills» стандарттарына сәйкес тиісті мамандықтар бойынша салалық орталықтарға айналатын болады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар