«Ана мен балаға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау әйелдердің табысты болуына ықпалын тигізуде»

Ақмола облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Айна Мысырәлімова

«Тәуелсіздіктің күрделі уақытында сіздер үйдің тыныштығы мен берекесін батыл қорғадыңыздар, ер азаматтарға қолдау көрсеттіңіздер, олардың рухын көтеріп, күш-жігер бердіңіздер. Сіздер кез-келген істі алып кетіп, өз отбасылық және азаматтық парыздарыңызды орындауда көптеген ер азаматтарға үлгі көрсеттіңіздер». Еліміздің Тұңғыш Президентінің осы жылы сөздері Қазақстанның барша әйелдер қауымына білдірген ризашылығы еді. Әйелдердің балалары мен немерелеріне қамқор болуы, отбасындағы және қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауы тәуелсіз еліміздің 30 жыл бойы даму жолындағы мемлекет табысының шешуші бір кепілі болды.
Көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ақмолалық арулардың жеткен жетістіктерін, біздің басты құндылығымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға сіңірген еңбектерін, мемлекеттің оларға көрсетіп отырған қамқорлығын баяндау мақсатында біз Ақмола облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Айна Мысырәлімовамен әңгімелескен едік.
–Айна Ермекқызы, қазіргі уақытта әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз?
–«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзді қазіргі көрікті әйелдерге арнауға болады. Әйелдер өте тартымды, сұлу және сүйкімді жандар. Оған қоса, олар өте ақылды және түрлі қызмет саласындағы кәсібилігі аса жоғары іскер азаматшалар. Шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған тиімді шаралар, ана мен балаға көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаулар әйел затының табысты болуына ықпалын тигізіп жатқаны даусыз.

Осы шараларды іске асыруға қажетті құқықтық база елімізде тәуелсіздік жылдары қалыптасып, қазір ең жоғары халықаралық стандартқа сай болып отыр. Ал, Қазақстан Республикасы Конституциясының неке мен отбасыны, ананы, әкені және баланы мемлекеттік қорғауға кепілдік беретін нормасы оның негізі болып табылады. Отбасындағы қарым-қатынас Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексімен реттеледі. Бұл құжат отбасыны, ана мен баланы қолдаудың нақтылы түрлері мен тетіктерін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеудің негізі саналады.
Мемлекет тарапынан қолдау шараларын жоспарлауда сүйенетін негізгі құжат – Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық-гендерлік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдаманың тиімді іске асырылуында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы ерекше рөл атқарады. Әйелдер осынау қамқорлықты сезініп, оны бағалап, тынбай еңбек етіп, Отанымыздың нағыз отансүйгіш азаматтарын тәрбиелеуде.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның нәзік жандылары жыл сайын қоғамдық саяси өмірге белсене араласып келеді, олар мемлекеттік басқару және шешім қабылдау жұмыстарына атсалысып жатыр» деген болатын. Бұл жұмыстарды атқару біздің ақмолалық нәзік жандылардың қолдарынан келіп жатыр ма?
– Әрине, қолдарынан келіп жатыр. Оған бірнеше мысал келтіре аламын. 2021 жылғы сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың саны 254 болса, соның 92-сі әйелдер (36,2%) болып табылады. 22 облыстық басқарманың ішінде төрт басқарманы Алтынай Әміренова, Айгүл Сәбитова, Дина Ахметжанова, Алмагүл Қадыралина сияқты әйел азаматшалар басқарып отыр. 12 әйел облыс, аудан мен қала әкімдерінің орынбасарлары лауазымдарында еңбек етуде.
Біздің мақтанышымыз болып табылатын ауылдық және кенттік округтерді басқарып отырған 44 нәзік жанды әкімді ерекше атап өтуіміз керек, олардың еңбекқорлығы, шағын бюджетті үнемді түрде жоспарлай және жұмсай білуі, қиын кезде көмек-қолдау көрсетіп, аналық мейірім, іскерлік танытуы сияқты әйел адамның аса маңызды қасиеттері өздері басқарып отырған елді мекендердің жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне септігін тигізуде. Сондай әйел әкімдердің қатарында Наталья Милюк, Әмина Жақыпова, Алмагүл Мұстафина, Қарлығаш Әубәкірова, тағы басқалары бар.
Жалпы, облыстың 652 мемлекеттік органының 174-ін (26,7%) әйелдер басқарады. Олар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, тиімді еңбек етуде. Біздің облысымыздың сот жүйесінде 264 әйел (61,3%) бар, оның 54-і (47,4%) судья қызметін атқарады.
–Баршамызға аса маңызды болып табылатын әлеуметтік саланың жағдайы әдетте өте күрделі болып келеді, негізінен, бұл сала әйел адамдардың құзыретінде. Ақмолалық нәзік жандылар қазіргідей қиын-қыстау кезеңнен қалай шығуда?
–Иә, коронавирус пандемиясы әлем жұртшылығының төзімділігін сынап берді. Әлеуметтік сала қызметкерлері, оның 80 пайызын құрайтын облысымыздың нәзік жандылары індетпен белсене күресуде.
Бұл ретте, барлық медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бұл ізгі мамандық саласында 7955 ақмолалық әйелдер еңбек етуде, оның ішінде 1294 әйел дәрігер болса, 6116 адам орташа медициналық қызметкер болып табылады.
Людмила Врублевская, Айгүл Қожағаппарова, Райхан Мұқатова, Людмила Нефедова, Анар Жармұханбетова, Алма Раева, Ғалия Сабатаева, Елена Иванова, Лариса Блажко, Гүлнәр Жүнісова, Әлия Ғайнутдинова, Әйгерім Кәрімова, Сәуле Жұматаева және тағы басқа да дәрігерлердің есімдері облыс тұрғындарына жақсы таныс. Олар ауруларынан айыққандары және өлім аузынан аман қалғандары үшін біздің дәрігерлерімізге алғыстарын білдіріп, бастарын иіп жатады. Қашықтықтан оқыту жүйесіне мәжбүрлі түрде ауысу жұмыстары ұстаздарға жаңа күрделі міндеттерді жүктеп отыр. Біздің педагогика саласының қызметкерлері, оның ішінде 80 пайыздан астамы әйелдерден тұратын үлкен отряд бұл сынақтан да сүрінбей өтуде. Осы тұрғыда, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілеріне ие болған 60-тан астам әйел баршамызға үлгі болып табылады.
Жоғары және орта кәсіптік білім беру саласындағы Светлана Мұратбекова, Айгүл Жақыпова, Сая Досанова сияқты біздің жоғары оқу орындары мен колледждердің атақты ғалымдары мен профессорлары, Ақнұр Есләмова, Құралай Ыдырысова, Лариса Клименко секілді тәжірибесі мол басшылар уақыт талабына сай жаңа міндеттерді шешуде.
Өздерінің айрықша жетістіктерімен елдің абыройын асқақтатып жүрген талантты жерлестерімді де айтпай кете алмаймын. Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаевалардың есімдері облыстан тыс жерлерде кеңінен танымал. Шығармашылық, өнер саласында еңбек етіп жүрген 28 нәзік жанды «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталған.
Сонымен қатар, 3453 ақмолалық азаматша спортпен кәсіби түрде шұғылдануда. Спорт аренасында тұрақты өнер көрсетіп, үлкен жетістікке жетіп жүргендер де баршылық, олардың ішінде біреуі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болса, 15 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 45 адам «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына ие болды.
– Мемлекет басшысы Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазановамен кездесу барысында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында өзара тығыз іс-әрекет жасалуы керек деп айтты. Осы орайда, біздің облысымыздың үкіметтік емес секторының көшбасшылары туралы да айтып кетсеңіз.
–Жұмыс істеп тұрған 300-ге жуық үкіметтік емес ұйымдардың ішінен 100-ден астамын әйелдер басқарады. «Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Әйелдер бастамасын қолдау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Женский луч», «Жер-Ана Астана», «Өмір» отбасылық тәрбие беру орталығы», «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы», «Асыл аналар» қоғамдық бірлестіктері, «Шанс» кәмелеттік жасқа толмағандарды әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығы сияқты үкіметтік емес ұйымдар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен белсенді түрде айналысуда, оның ішінде, кейбіреулері, атап айтсақ, Сайра Матайбаева, Оксана Волкова-Михальская, Әсем Асайынова әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі болып табылады.
Депутат корпусына мына нәзік жандылар ұсынылды: Елена Мащинская, Сайра Матайбаева, Мәриям Әбішева, Оксана Волкова-Михальская, Олеся Баимова, Жанар Хасенова. Біздің үкіметтік емес ұйымдардың белсенді төрайымдарын ерекше атап өткім келеді. Олар: «Доброе сердце Lider.KZ» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Катухова, Ақмола облысы азаматтық альянсының төрайымы Ирина Терентьева, «SARA» қоғамдық қорының жетекшісі Сара Баймағамбетова, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымының жетекшісі Мәнсия Есекеева, «Видергебурт» Ақмола облыстық неміс қоғамының төрайымы Светлана Корнеева, «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Нагачевская.
–Қазақстан Республикасында отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасындағы әйелдерге экономикалық мүмкіндіктер жасау деп аталатын аса маңызды индикатордың іске асырылу дәрежесі қандай?
–Біздің облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, 20307 әйел шағын және орта кәсіпкерлікті басқарып отыр. Соның ішінде, 1310 адам шаруа қожалығымен айналысып келеді. Әйелдер бизнесін дамыту түрлі мемлекеттік бағдарламалар, халықаралық қаржы институттарының бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, 2010 жылдан бастап шағын және орта бизнестің 1592 субъектісі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, оның қатарында 354 әйел бар.
Өз істерін бастауға ниетті 763 әйел «Бизнес Бастау» жобасы шеңберінде бизнестің бастапқы тетіктерін оқып-үйренді, оның ішінде 281 адам өз жобаларын іске асырды.
– «Сіздер отбасының тірегі болғандықтан, мемлекеттің де тірегі болып қаласыздар», – деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдеріне арнап сөйлеген сөзінде атап көрсеткені белгілі. Әйелдер отбасының ынтымақ-бірлігін сақтау, ел үшін еңбек ету, жұмыс істеу, қоғамдық жұмыстармен айналысу сияқты барлық шаруаға қалай үлгеріп жатады?
– Бұл істермен айналысу бәрімізге оңай емес, бірақ көпшілігінің қолынан келеді. Бәлкім, ажырасу санының төмендеуі осы фактіні растайтын дәлел деп санауға болады. Егер 2018 жылы 52,6 пайыз неке бұзылса, 2019 жылы 60 пайыз, өткен жылы 28,3 пайыз неке бұзылды. Бұлардың барлығы көбінесе, мемлекеттік қолдау, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру және сақтау бойынша атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі.
Көп балалы отбасыларға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бүгінгі күні облысымызда осындай 15,4 мың осындай отбасы бар. 6,5 мың ана «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгісімен марапатталған. 2020 жылы 817 көп балалы отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Осы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4945 балаға 155 миллион теңгенің гигиеналық құралдары мен азық-түлік түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде пәтер кезегіне тұрғандарға, тұрғын үй құрылыс банкі арқылы қатысушыларға, сондай-ақ, көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтағы жандарға, соның ішінде жетімдерге 25 жалға берілетін және 14 кредиттік үйлер салынып жатыр. Өткен жылы салынған 12 көп пәтерлі үйдің 98 пәтері көп балалы отбасына берілді. 183 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы пәтер иесі атанды.
Біз жетім балаларға қамқорлық көрсетіп жүрген отбасыларға ерекше құрметімізді білдіріп, алғыс айтамыз. Олардың батылдығы мен мейірімділігінің арқасында соңғы жылдары жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бес ұйым жабылды.
Мемлекет те бұл бағытта елеулі көмек көрсетіп жатыр, атап айтқанда, жетім балаларды асырап алушыға бір реттік төлем беріледі, мұндай жәрдемақы баланы асырау үшін қамқоршысы мен жәрдемшісіне, патронатты тәрбиешілерге де төленеді. Алайда, кез-келген жағдайда ананың қамқорлығы аса маңызды екенін де түсінеміз.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөзі біздің ақмолалық қыздарымызға арналған: «Сіздер қандай мақтау сөзге де лайық жансыздар. Сіздердің бойларыңызда нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік пен өрлік сияқты қасиеттер үндесе үйлесіп жатады. Сіздер әйелге ғана тән қайсарлық пен қажыр-қайраттарыңыздың арқасында еліміздегі орасан істерді ер-азаматтармен қатар еңсеріп келесіздер. Туған Отанымыздағы әрбір шаңырақтың босағасы берік болып, еліміздегі бірлік пен берекенің орнығуында, мемлекетіміздің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуде Сіздердің үлестеріңіз өлшеусіз».

Сұхбатты жүргізгендер: Нина МИТЧИНОВА,
ВенераТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар