Көп балалы аналарға сертификат табыс етілді

Көп балалы аналарға сертификат табыс етілді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының «30 игі іс» және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірімділік керуені» акциялары аясында көп балалы аналарға құрмет көрсетілді.

Іс-шара барысында «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы әйел-аналардың рөлін ерекше атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасымыз, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауында депутаттардың құрамындағы әйелдер санын көбейту туралы шешім қабылдап, әйелдердің саяси істерге араласуына зор мүмкіндік туғызды. Бұл еліміздегі әйелдерге деген ерекше құрмет. Бүгінгі таңда облыс халқының 50 пайызынан астамын әйелдер құраса, партияның облыстық филиалының мүшесі саналатын нәзік жандылардың 75 пайызы мемлекеттік органдардың басшылары болып табылады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқарады, – деген Ғалым Бекмағамбетов «30 игі іс» аясында 30 көп балалы анаға 50 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Мереке қарсаңында марапатталған көп балалы аналардың ішінде бір отбасы тоғыз бала, алты отбасы сегіз бала, екі отбасы жеті бала, жиырма бір отбасы алты бала тәрбиелеп отырғаны құптарлық. Өз кезегінде осы акцияға атсалысып жүрген «Көкшетау минералдық сулары» серіктестігінің директоры, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Станислав Юрьевич Максимец сөз алып, көп балалы нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, өзі басшылық ететін кәсіпорын туралы қысқаша мәлімет беріп, көп балалы аналарға Көкшетау қаласындағы «Электроника» сауда үйінен су жаңа ас үйге арналған газ плитасын тарту ететінін жеткізді. Мерекелік шараның соңы әсем әнге ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *