Атауы өзгерген айықтырғыш

арақтан қонып шығушыларға әлі де кенде емес

Осы мақаланы жазар алдында бір тәтеміз еріксіз  есіме түсіп кетті. Ауылда тұрғанымызда ол кісінің отбасымен екі үйдің біріндей жақсы араласушы едік. Әттең, көрші ағай күнде ішіп, байғұс жеңгеміз таяқтың астында қалған кездері көп болды.  
Күйеуінен теперіш көрген сәттерінде Көгершін жеңгей балаларын ертіп, біздің үйге келіп тығылатын. Себебі, жолдасының арақ ішкен кезде өзіне, қаршадай балаларына қол жұмсайтынын ол жақсы білетін. Содан бері қаншама жыл өтсе де, көрші жеңгейдің жанарындағы мұң, біздің үйге түнделетіп келіп ағыл-тегіл жылап, үстелдің үстінде жанып тұрған майшамға ұзақ қарап отырып, анама тарқатқан шері әлі күнге дейін жадымда жатталып қалыпты. Ол кезде біз баламыз ғой. Жарытып ештеңе түсінбесек те, әйтеуір, үйге кісі келгеніне қуанып жүре беретінбіз.
Міне, сондай күндердің бірі əлі көз алдымда. Анам мен ағам мал жайлап келгеннен кейін, кешкі шайымызды алдымызға ала бергенімізде терезені біреу қатты-қатты қаға түсті.  Анам пердені ашып қараса, сыртта бір баласын көтеріп, біреуін арқасына салып алған Көгершін жеңгем тұр екен. Ағам жүгіріп барып есік ашты. Үйге кірген беті сол екен, көрші әйел  «жарықты сөндіріңдер, есік, терезелерді жабыңдар», –
деді де, өзі жерге құлай кетті. Байғұс демін əрең алады.  Сəлден соң күйеуінің тағы ішіп алғанын, балтамен ұрып өлтірем деп қорқытқанын, содан зорға қашып құтылғанын жылап отырып, айтып берді. Егер, жолдасы іздеп келсе, оны біздің үйде жоқ деп айтуды өтінді. Аузын жиғанша күйеуі де жетіп келді. Алайда, біз оны ішке кіргізбедік.  
Бұл оқиға одан кейін де талай рет қайталанды. Қазір ойлап қарасам, ащы судың кесірінен көршіміздің көрмеген азабы жоқ екен. Жанын ауыртқан сөздерді де естіді, соққыға да жығылды. Осындайда «мас адамдарды айықтыратын мекемелер ауылдарда да болғанда, Көгершін жеңгейдің өмірі әжептәуір жеңілдей түсер ме еді?» деген ой да келеді.
Арақтың қырсығынан үйлерінен құт-береке, сыйластық кеткен мұндай отбасылар қаншама десеңізші. Ерінің ішкен кезде жасайтын əлімжеттігіне немесе əйелінің ішімдікке салынуына шыдай алмай, ажырасып  жататын отбасылар аз ба? Осы арада, сондай жапа шегушілер маскүнемдіктің ауру екенін түсініп, дəрігердің көмегіне жүгінгендері абзал деп айтқымыз келеді. Облыс орталығында маскүнемдіктен, нашақорлықтан емдеумен, мастықтан айықтырумен  облыстық наркологиялық диспансер айналысады.
Иə, ішімдік, есірткі, осылардың барлығы да бүгінгі қоғамымызда бұрыннан орын алып келе жатқан кемшіліктер. Əсіресе, жоғарыда келтіріп өткен көршіміздің оқиғасы, яғни, ішіп алып əйелін сабау, көшеде мас күйінде жүру, көлік айдау секілді жайттар жиі кездеседі. Бұрын ішкі істер органдарының құзырында болған айықтырғыштар денсаулық сақтау мекемелерінің қарамағына берілгелі бері бұл мәселе қалай шешіліп жатыр екен? Санадағы осы сауалымызбен аталған емдеу мекемесінің бас дәрігері Серік Әшімовке жолығуды жөн санадық.
Қолымызға тиген статистикалық деректер көңіл көншітерлік емес. Мұндағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына немесе  үйреншікті тілмен айтқанда, «айықтырғыш орнына» мас күйінде жеткізілетіндер саны біз ойлағаннан да көп болып шықты. Нақтысын айтсақ,  жыл басынан бері 5 мыңға жуық адам түсіпті. Оның тоқсан пайызын ерлер құраса, қалғандары әйелдер.
– Мас күйде бізге жеткізілетін адамдардың бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Ол үшін алдымен детоксикация жасалады. Яғни, мастықтың ауыр немесе орташа дәрежеде екенін білуіміз қажет. Орталық негізінен, жиырма адамға лайықталған. Соған қарамастан, демалыс күндері лық толады, – деді облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері.
 4776  мас адамды бұл жерге қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жеткізсе, екі адам жедел жəрдем қызметі арқылы келіп түскен. Бас дəрігердің айтуынша, мұнда жеткізілетіндердің ішімдіктен масаюы көбінесе орташа дəрежеде болады екен. Өкінішке орай, осылардың ішінде жастардың саны қанша екенін, араларында қазақтың қыз-келіншектері бар-жоғы туралы мəліметті ала алмадық. Өйткені, ондайлар да жеткілікті болғанымен, диспансер мұндай статистика жүргізбейтін көрінеді.
Мұнда əкелінетін мас адамдардың ішінде жүкті əйелдер де кездесіпті. Осыны естіген соң жанымыз тіпті,  түршікті. «Əлгі əйелдер аяғы ауыр екенін білмеді ме екен, арақты ұрттамас бұрын іштегі шарананы ойласа етті»  деген ой санамызды жегідей жеді. Ертеңгі күні ондай жауапсыз əйелдерден қандай ұрпақ тумақ? Жүктілік кезінде ішімдік ішпек түгілі, дəрінің өзін байқап қабылдамаса, ол құрсақта жатқан сəбиге үлкен зиянын тигізетіні анық. Сондықтан, диспансер дəрігерлері жүкті əйелдер келіп түскен жағдайда оларды қабылдаудан бас тартатын көрінеді.
Ал, Көкшетау қалалық əкімшілік  полиция басқармасы мамандарының бізге берген мəліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері 2940 адам қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін «Қазақстан Республикасының  Əкімшілік құқық бұзушылықтар туралы»  Кодексіне сəйкес əкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Мас күйінде бірінші рет ұсталған адам бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, он мың теңге əкімшілік айыппұл төлесе, бұл əрекет екінші мəрте қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есеге артады.
Аталған басқарманың баспасөз хатшысы Сəуле Хамзинаны сөзге тартқанымызда, ол қазіргі таңда əсіресе, отбасылық-тұрмыстық қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінетіндігіне тоқталды. Биылғы жылы ішкілікке салынған, жақындарын ұрып-соғатын 470 адамға ескерту қағазы жазылған екен. Сондай-ақ, алкогольге тəуелді 69 адам мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемесіне күштеп жатқызылған. Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алуда əсіресе, учаскелік полиция инспекторларына жүктеліп отырған міндет ауыр.
Алкогольмен, есірткі заттарымен əуестенетіндер туралы ақпаратты солар жинайды. Атқарылып жатқан істердің нəтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл мас адамдардың қолымен жасалатын заң бұзушылықтар саны 187-ден 154-ке дейін азайған. Ал, отбасылық-тұрмыстық жағдайларда орын алатын қылмыстар саны небары төртеуге дейін төмендеген.
Айта кетейік, жалпы қылмыстардың санын азайтуға тəртіп сақшыларымен қатар, жұртшылық өкілдері де өздерінің үлестерін қосуда. Полицияның әр учаскелік пунктінде жұмыс ұйымдарынан, коммерциялық құрылымдардан, дүкендерден сайланған бір-бір еріктіден бар. Олар Көкшетау қаласының əкімі бекіткен кесте бойынша кезекшілікке шығады. Жыл басынан бері  қоғамдық құрылымдардың араласуымен 16 қылмыстың беті ашылып, 126 құқық бұзушы жауапқа тартылған. Солардың ішінде көшеде мас күйінде ұсталған азаматтар да жоқ емес.
Иә, медициналық айықтырғыштың аты да, заты да өзгерді. Бірақ, өзгермеген бір жағдай қалды. Ол – маскүнемдіктің әлі де белең алуы. Облыстық наркологиялық диспансердегі көрініс те осыны дәлелдей түседі. Сонда көшеде мастыққа салынып, тәртіп бұзатындармен күрес тиімділігін қалай арттыруға болады? Бұл да ешкімді бейжай қалдырмаса керек.
Бір сөзбен айтқанда, арақ, есірткі, басқа да психотропты заттар адам баласын орға жықпаса, абырой-беделін өсірмейді. Жоғарыда келтіріп өткен кейіпкеріміздің тағдыры талай отбасының басында бар десек, қателеспейміз. Бұл азып-тозудан құтылудың бір ғана жолы – ішімдіктен бас тарту. Айтуға оңай, әрине. Маскүнемдіктен арылу үшін бірінші кезекте жақындарымыздың көмек-қолдауы, рухани демеуі қажет. Нағыз жанашырлық осындайда көрінеді.
…Қанша ұрып-соқса да, Көгершін жеңгей күйеуінен бас тартқан жоқ. Сол көнтерілігімен қателіктерін сан кешіріп, жанына медеу бола білді. Күйеуі болса, кейін арағын қойды. Қазіргі таңда екеуі – балалары мен немерелерінің қызығына бөленген бақытты ата-ана. Бірақ, өмірде маскүнемдікке салынғандардың бәрімен солай болып жатқан жоқ қой. Өкініштісі де сол…

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар