Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылуда

Біздің ең төменгі қауіпсіздіктегі ЕЦ 166/24 мекемесі міне, он жылдан астам уақыт бойы шағын және орта бизнес субъектілерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Олар бізде өздеріне тиесілі жазаларын өтеп жатқан адамдардың конституциялық құқықтары мен міндеттемелерінің сақталуына, яғни, еңбек етулеріне бізбен бірге барынша мүдделі болып келеді. Мұндай көзқарас мекемеде еңбек өнімділігінің артуына және еңбек терапиясы арқылы жазасын өтеушілерді қайта тәрбиелеуге айтарлықтай септігін тигізуде.

Мекемеміз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайды. Сондықтан, біздің жұмысымызға жетекшілік ететін бұл тиісті құрылымдар да жоғарыда біз айтқан мәселені барынша қадағалап, назарда ұстаумен келе жатыр. Ал, мекеме әкімшілігі болса, өз тарапынан алдын ала жоспарланған негізгі ұйымдастыру шараларына үлкен мән беріп, осыған байланысты кез-келген мәселені шағын және орта бизнес субъектілерімен, Ақмола облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен оң шешуге мүдделі. Бұл орайда біз жазасын өтеушілердің жұмысқа орналасуына барынша көмек көрсетіп келе жатқан осы ұйымдарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Жұмыс беруші мен жұмыс істеушінің, яғни, жазасын өтеушінің арасында қалыпты еңбек қатынастарының қалыптасуы үшін біраз уақыт та, күш-жігер де керек болды. Сотталушылар тарапынан осы мәселеге деген сенімсіздік пен кей кездерде үмітсіздік олардың жұмысқа шығу пайызының да көздегендей болмауына әсер етпей қойған жоқ. Сондай-ақ, біздің мекемемен іскерлік байланыс орнатқысы келетін ұйымдар мен кәсіпорындардың саны да мақтанарлықтай деңгейде емес еді. Бұның бәрін қалпына келтіруге әрі дұрыс жолға қоюға белгілі бір мерзім, яғни, уақыт аралығы керек болғандығы анық. Қазір осы бір істе айтарлықтай нәтижеге жеткендейміз. Аса ауыз толтырып айтуымызға әлі ерте, дегенмен, шағын және орта бизнес субъектілері қатарынан алты жұмыс беруші объектіміз бар. Соған орай, сотталғандарды ақысы төленетін жұмысқа шығару көрсеткіші пайыздық мөлшермен алғанда 100 пайызды құрайды.
Осы жағынан ортақ іске Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайтын «Еңбек-Көкшетау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы да айтарлықтай үлесін қосып отыр. Бұл кәсіпорынның өзі түзеу мекемелері мен мемлекеттік ұйымдардың өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін құрылған болатын.
Бүгінгі таңда кәсіпорын жеке кәсіпкерлермен ынтымақты байланысын одан әрі өрістете отырып, азық-түлік жармаларын өңдейтін, корпустық жиһаз жасайтын, өндірістік объектілер үшін мақта-матадан тігілген қолғаптар дайындайтын цехтар ашып, жазасын өтеушілер үшін жұмыс орындарының молаюына мүдделі болып келеді.
Мекеме әкімшілігі бізбен серіктес кәсіпкерлермен еңбек қатынастарын бір жүйеге келтірмеу, жұмыс уақытының ұзақтығы, еңбекақы төлеу, зейнетақымен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру, өндіріс жағдайында жұмысшының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу мәселелері бойынша ұдайы жұмыс жүргізіп, осы істердің неғұрлым оңтайлы жақтарын қарастырып, шешуге күш салуда.
Осы тұрғыда айтып өтетін бір жай, кәсіпкерлік субъектілерінің, коммуналдық кәсіпорындардың басшылары біздің туындаған проблемаларды мекеме қабырғасында талқылау, сөйтіп, оларды төрт көзіміз түгел отырып, ретке келтіру тұрғысындағы өтініштерімізге ылғи дұрыс құлақ асып жатады. Осындай кездесулердің барысында жазасын өтеушілерді еңбекке баулу, осы арқылы түзу жолға салудың жаңа формалары мен әдістерінің қарастырылатыны да құптарлық. Мұндай екі жақты ынтымақты байланыстың өзі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүргендердің жұмыспен қамтылу мәселелерін неғұрлым дұрыс шешуімізге дәнекер болып отыр. Алдағы уақытта да осы беттен таймай, арнайы контингентті жұмыспен қамтуда қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға, соның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерімен ортақ тіл табысып, осы тұрғыда алда тұрған жаңа міндеттерді шешуге күш салатынымыз анық.

Нұрлан ӘЛІБЕКОВ,
166/24 ЕЦ мекемесінің бастығы,
әділет майоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар