Капитан қарт

Бұрын әр ауылдың  қамы  мен қарекетіне  бас-көз болып жүретін қазыналы қарттар  көп болатын. Олар жастар тәрбиесінде  де үлкен орын алушы еді.

Біздің  Жантеке ауылында  ғұмыр кешкен    Ибрахим  деген майдангер атамыз сондай жан еді. Қой мен  жылқының кезегі секілді ортақ шаруаларды өзі реттеп, жұртты осыған ұйымдастырып,  жұмылдырып  жүретін. Желі басындағы  әңгімеде де өнегелі сөздер айтып, ауылдың кей тентектеріне ескерту жасап жататыны да есте. Ауылдастары осынысына орай, бұл кісіні капитан деп атайтын. Мына жырды сол қазыналы қарияға арнап едім.

 

Бір   қария бар еді бұл ауылда,
Сая болған үлкен, кіші, бауырға.
Капитан  деп атайтұғын  ел оны,
Қайыспаған небір қатты дауылда.

Колхоз құрған, ел қорғаған ер еді,
Алға сүйреп тірлік атты  кемені.
Капитан деп атайтұғын  ел оны,
Бір ауылдың  болғаннан соң  сенері.

Уақыт өзі мартенінде шыңдаған,
Қыран еді қанаттары сынбаған,
Қартайса  да жайраң қағып  жүретін,
Жан емес-тін еңбегін бір бұлдаған,

Партбилетін салып  жүрек тұсына,
Ерік  беріп,  қиял-арман құсына,
Кездескенде  болашақты толғайтын,
Көзін салып, таяғының ұшына.

Ағыл-тегіл ақтарып  бір арманын,
Аралатып ойларының орманын.
Кенен  сөзден кеніш жасап  жарықтық,
Жағар еді  көңілінің шамдарын.

Шапанынан жусан иісі  бұрқырап,
Мұрттың ұшын  жүз ширатып, жүз сылап,
Өлең қалай, өнер қалай бала  деп,
Менен ылғи  жүретін ед жыр сұрап.

Ұйытқы болып  тірлігіне жұртының,
Көз жұмғанша алмай өткен бір тыным,
Ауылымның  Дантесіндей қарт еді,
Елге арнаған жүрегінің  лүпілін.

…Бір қария бар еді бұл ауылда,
Пана болған үлкен кіші, бауырға,
Капитан деп атайтұғын елі оны,
Қайыспаған небір қатты дауылда…

Смағұл РАХЫМБЕК.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар