«Берекелі жыл белестері биік»

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат БАЛПАН:

– Құрметті Мұрат Сағатұлы, қарбаласы көп күзгі жиын-терін маусымы аяқталғалы да көп уақыт өткен жоқ. Бүгін сол шешуші шақтағы еңбек майданындағы іс-әрекетімізді толайым таразылап, салмақтайтын уақыт туған тәрізді. Ерте көктемнен басталған дархан даладағы дүбірлі еңбек, ырыздықты молайту жолындағы жан алып, жан беріскен алапат, ұйымшылдықпен ұштасқан іс-қимылдың нәтижесінде қол жеткізген табыс-тарымызды бір салмақтап шығайықшы.
– Иә, шынымен де, алажаздайғы қам-қарекет, жойдасыз еңбек ең алдымен жомарт жердің берерін барынша молайтып, ел ауқатын арттыруға бағытталатындығы шындық. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері еліміздің солтүстік өңіріне тән қолайсыз ауа райының қатал емтиханына төтеп беріп, тәп-тәуір өнім жинады. Көктемде қысқа мерзім ішінде 4,6 миллионнан астам алқапқа дәнді және бұршақ тұқымдары егілді. Оның үстіне майлы дақылдар, мал азығы, картоп пен көкөніс те бар.
Жерге еккен дәннің көргенде көзің тоярлықтай болып жайқалып өсуі, күтетіндей мол өнім беруі ең алдымен күтімге байланысты екендігін айтсақ, пәлендей жаңалық бола қоймас. Бұл жермен айналысатын адамдар түгілі, былайғы жұртқа белгілі жай. Дегенмен, үстіміздегі жылы гектар берекесін арттыру бағытында қыруар жұмыс атқарылғандығын айта кетуіміз керек. Сол ерен еңбектің арқасында 4,2 миллион гектар егістік алқабынан 4,6 миллион тонна астық жиналды. Гектар берекесі облыс бойынша орта есеппен 11,2 центнерден айналды. Ауа райының қолайсыздығын ескергенде біршама жақсы көрсеткіш. Оның үстіне астық сапасы да өткен жылдармен салыстырғанда жақсы деуге болады. Жиналған өнімнің 80 пайыздан астамы үшінші класты болып отыр. Мол өнім облыстың ішкі қажетін толық қамтамасыз етіп, тұқым қорын толық өтеуге әбден жеткілікті. Оның үстіне сыртқа 1,8 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігіміз бар.
Енді бір сәт тындырымды еңбектерінің арқасында жоғары көрсеткішке қол жеткізген аудандарды саралап айта кеткен ләзім. Айталық, биылғы жылы Жақсы ауданының диқандары жарыс көшінің басында болды. Табыстары да толымды. Олар 553,1 тонна астық жинады. Жарқайыңдық диқандарға Жақсы және Есіл, Сандықтау аудандары жете-қабыл. Сондай-ақ, Атбасар, Егіндікөл, Астрахан, Зеренді және Бұланды аудандарының біршама тәуір табысқа қол жеткізгендігін айту парыз.

 

Енді бір сәт жекелеген шаруашылықтардың көрсеткішін, еңбек өнімділігін, қол жеткізген табысын екшеп, мерейлерін асырып, атап айтсақ артық болмас. Мысалы, Сандықтау ауданындағы жауапкершілігі шектеулі «Максимовский» серіктестігі гектар берекесін 24,6 центнерге жеткізді. Жері қанша жомарт болғанымен, маңдай терін сіңірмесе, жайдан-жай масағы дәнге тола қоймайды ғой. Өзгеге үлгі етуге әбден лайықты осындай шаруашылықтардың қатарынан Зеренді ауданындағы «Грин Азия», Жақсы ауданындағы «Труд», Егіндікөл ауданындағы «Дән шаруа» серіктестіктері мен Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативін атап кетуге болады. Бұл шаруашылықтардың алды гектар берекесін 20 центнерден асырса, кейінгілері орташа есеппен алғанда 19 центнерден айналдырып отыр.    
Жаз айларындағы қуаңшылық, күннің жылуының аз түсуі тәрізді табиғи кірпияздық, табиғаттың қатал сынына төтеп беріп, көктемде қара жердің қойнына сіңірілгеннен кейін бар бейнетті өзімен бірге ала шығатын ақық дәнді аялау, технологияны қатаң сақтау тәрізді ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жоғарыда аталған шаруашылықтар мол өнімге қол жеткізіп отыр. Демек, өзге шаруашылықтардың да дәл осындай озаттар қатарынан табылуға, гектар берекесін арттыруға мүмкіндіктері бар. Ұжымдаса атқарылған шаруаның, күзгі жиын-терін қарбаласының өнімді болуы өздерінің қажырлы да қайратты іс-әрекеттерінің арқасында топ бастайтын озаттардың үлгілі ісіне байланысты. Біз әрдайым осындай қара жұмысқа берілген, сол еңбегі арқылы ел ырысын молайтуға орасан зор үлес қосатын комбайншылардың адал еңбектерін айтып, көрсетіп, насихаттап отыруға тиістіміз. Өйткені, қарбалас шақта қатарласынан қара үзіп, жан-тәнін салып еңбек еткен комбайншылардың ауыр бейнетке толы еңбектері марапатқа лайық. Биылғы егін орағында Жақсы ауданындағы «Белағаш» серіктестігінің комбайншысы Максим Макаревич 5629 тонна, Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігінің комбайншысы Андрей Козлов 4075 тонна, Ақкөл ауданындағы «SC FOOD» серіктестігінің комбайншысы Игорь Зареев 3860 тонна астық бастырды. Шындығын айтқанда осындай шаруақор адамдардың арқасында егін орағында табысқа жеттік.
– Еңбектің жануына себеп болған жайларды айта кетейікші. Келер жылға үлгі, кейінгі жылға өнеге болуы үшін. Табыстың сыры баршаға мәлім болса, өзгелер де сабақ алып, жетістікке жетуге ұмтылады емес пе?
– Табыс сырын жоғарыда айтып өттім. Ендігісі қайталау болмауы үшін түйіндеп көрелік. Бірақ, оқырман үшін қызықсыздау болып көрінетін цифр тіліне жүгінуге тура келеді. Айталық, өткен жылы 3,3 миллион гектар немесе жалпы көлемнің 75 пайызында ылғал жабу жұмыстары жаңа технология бойынша жүргізілді. Көктемгі егіс қарсаңында егістік алқаптарға 21 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Оған қосымша қабатынан үш рет өңдеу жүргізілген 619 мың гектар пар бар. Пар 10 мың тоннадан астам минералды тыңайтқышпен байытылды. Егістік алқаптары қара сұлыға қарсы, арамшөптерге қарсы өңделіп, дәнді дақылдарға зиян келтіретін жәндіктерден тазартылды. 4,5  миллион гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Осы бағытта жоспарланған жұмыс толығымен атқарылды.
– Егін орағын уақытында аяқтаудың бір себебі, машина-трактор паркін жаңарту шығар. Әйтпесе, бұрынғы көнетоз техникамен қыр аса алмас едік.  
– Айтуыңыз орынды. Ауқымы кең, өнімділігі жоғары техникалардың уақыттан ұтуға, еңбек өнімділігін еселеуге тигізетін септігі өте зор.  Кешегі кеңес заманындағы комбайндармен бір маусымда бес мың тонна астық бастыра алмас едіңіз. Бұл қуатты жаңа комбайндардың көрсеткіші. Биылғы егін орағына  8516 астық жинайтын комбайн қатыстырылса, оның 2510-ы өнімділігі өте жоғары жаңа заманғы комбайндар. Сондай-ақ, астық тасымалдауда шаруашылықтар қолда бар техниканың бәрін тегіс пайдаланды. 479 механикаландырылған қырман мен 210 дән кептіргіш жұмыс істеп тұрды. Алдағы уақытта шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Облыстағы алпыстан астам астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа астық тасылып бітті. Қазіргі күні сүдүгер жыртуды аяқтадық. Енді болашақ астықтың тұқымын сұрыптап, дайындаудамыз.  
– Соңғы жылдары өсімдік әлеміне, бағымдағы малды жемшөппен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы бағыттағы шаруаның ыңғайын тілге тиек етсек, қалай болар еді?
– Әрине, ауыл шаруашылығы дегенімізде негізінен астықтың жайын көбірек қаужайтынымыз да рас. Бірақ, бұл мал азығын дайындауға мән берілмейді деген сөз емес. Табысқа кенелтіп отырған екі саланың да маңызы өте зор. Облыста басымдық берілген мал азығына қажетті егіс көлемін кеңейту арқылы жемшөптің жеткілікті қорын дайындап алдық. Бұл арада оқырманға түсінікті болуы үшін тағы да цифрларды сөйлетуге тура келеді. Айталық, 1615,4 мың тонна шөп жиналды. Бұл қажетті шөптің 151 пайызы. 126,5 мың тонна пішендеме, 95,9 мың тонна сүрлем, 640,2 мың тонна сабан дайындалды. Майлы дақылдар көлемін ұлғайту, гектар берекесін арттыру да ойдағыдай өрістеп келеді. Алдағы жылдары әр жыл сайын 250 мың тонна майлы дақыл жинауды межелеп отырмыз. Бұл өнім сыртқа шығарылып сатылғанда, аймақтағы аграрлық сектордың экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
– Енді бір сәт сүт және ет өнімдерін өндіру мәселесіне ойыссақ?
– Облыстағы мал шаруашылығы қалыпты даму үстінде. Соңғы жылдары шаруашылықтардағы төрт түліктің басы көбейіп келеді. Сәйкесінше, сүт және ет өнімдерін өндіру көрсеткіші де өсті. Астаналық облыс болғаннан кейін Елорданы жиектей қоныстанған аудандардың мал шаруашылығын дамытудың маңызы өте зор. Өйткені, Астана қаласын жергілікті жердің өнімімен қамту қажеттілігі туындайды. Қазіргі күні облыста сүт өндірумен мамандандырылған 25 ірі ауыл шаруашылығы құрылымы айналысады. Олардың бағымындағы 22 мың бас малдың 8,5 мыңы сауын сиырлар. Бурабай ауданындағы «Есіл Агро», Целиноград ауданындағы «Родина» және «Астана өнім» тәрізді үш шаруашылықтарда осы заманғы талаптарға сәйкес мега-фермалар құрылған. Оларда өнімділігі өте жоғары Еуропа мен Америкадан әкелінген асыл тұқымды сиырлар сауылады. Оның үстіне 2013 жылдан бастап 28 шағын сауын фермалары ұйымдастырылып, жұмыс істеп жатыр. Қазіргі күні сүтті бағыттағы ірі қара мал саны 36,8 мың басқа жетті.
Облыстағы бағымдағы малдың тұқымын жақсарту үшін шетелдерден 13368 бас мал әкелінді. Жалғыз сүтті тұқым ғана емес, етті мал басы да көбеюде. Қазір 19 шаруашылықтың негізінде асыл тұқымды етті қара мал бағылуда. Осы шаруашылықтар өзге ұсақ қожалықтардағы мал тұқымын асылдандыруға ықпал етуде. Жыл басында облыстағы ірі қара мал басы 61,9 мыңға жетті. Ал, асыл тұқымды мал осы көрсеткіштің 16,6 пайызын құрайды. Қазір жаңа заманғы жабдықтармен жарақтандырылған 7 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Оларда 18,5 мың бас мал бағылуда. Шаруашылықтар өз қаржысы есебінен 24 нысан салып, мал бордақылау ісіне қомақты үлес қосуда. Олардың іскерліктерінің арқасында бордақылау алаңында тұрған мал басы 27,6 мыңға өсті.
 «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының «Сыбаға» бағдарламасы асыл тұқымды мал басын көбейтуге, жалпы, төрт түлік малдың санын молайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Ұсақ тауар өндірушілер арасында 307 шаруашылық аталмыш бағдарлама арқылы 20,5 мың аналық ірі қара мал алып бағуда. Мал тұқымын асылдандыру үшін жоғары өнімді 700-ден астам бұқа алынды. Бағдарламаға Зеренді, Ерейментау және Қорғалжын аудандарының малсақ қауымы белсене қатысып отыр. Сөз арасында «Алтын асық» бағдарламасы арқылы қой шаруашылығы да өрістеп келе жатқандығын атап айтуымыз керек. Осы бағдарлама арқылы 4700 қой сатылып алынды. «Құлан» бағдарламасы да мал бағамын деген адамдар үшін тиімді. Өткен жыл ішінде бір мың бас жылқы сатып алуды жоспарласақ, ол ойымыз асыра орындалды. Бағдарламаның тиімді екенін түсінген жұрт 1997 бас жылқы алды. Тағы да 93 бас жылқы сатып алуға ұсыныс түсіп отыр.
– Мұрат Сағатұлы, сіздің әңгімеңізге қарағанда мал өсіремін дейтін шаруа адамы да, шеттен әкелініп жатқан да, жергілікті жердің малы да баршылық екен. Енді ақтылы малдың тиімділігі, яки, мал өнімдерін өңдеу мәселесі қандай күйде?
– Біздің облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 319 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде жылдық қуаты 19,9 мың тонна болатын 15 кәсіпорын ет өңдесе, жылдық қуаты 132,6 мың тоннаны құрайтын 14 кәсіпорын сүт өңдеумен айналысады. Оған қоса 954,0 мың тонна қуаты бар 55 кәсіпорын ұн тартса, 220 кәсіпорын нан өнімдерін пісірумен айналысады. Одан өзге басқа да бірқатар өнімдерді өңдейтін 15 цех жұмыс істейді. Демек, облыста өнімді өзіміз өңдеп, халықтың дастарханына жеткізетін қуатымыз бар. Сөз арасында айта кетейін, үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында статистика департаментінің мәліметіне қарағанда біздің салада 38,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген екен. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 102,8 пайыз көп деген сөз.
Соңғы жылдары мал өнімдерін өндіру көрсеткіші өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ет өндіру 3 есеге, шұжық өнімдерін өндіру 2 есеге ұлғайған.
– Сөз соңын түйіндей келе, соңғы уақытта біраз әңгімеге айналған, әртүрлі пікір айтылып жүрген субсидия мәселесі туралы өзіңіз не дер едіңіз?
– Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында соңғы он жыл ішінде біздің облысқа 256 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Оның ішінде егіншілік пен мал шаруашылығына 78 миллиард теңге. Ауыл шаруашылығына құйылған қаржының арқасында машина-трактор паркін жаңарту мүмкін болып отыр. Тұтастай облыс бойынша техниканың 40 пайызға жуығы жаңартылды. Әр гектарға бөлінетін субсидия көлемі өзге де көмек-қолдау бағыттарымен салыстырғанда шағын фермерлер үшін барынша тиімді. Сөз арасында екі мыңға жуық шаруа қожалықтарына, 500-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына субсидия төленіп отырылғандығын ескерсек, әр жыл сайын мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетіліп отырылғандығы айқындалар еді.
– Құрметті Мұрат Сағатұлы, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күні қарсаңында облыстағы осы саланың тыныс-тіршілігін тарқатып айтып бергеніңіз үшін рахмет. Ел ырысын үстейтін, берекесін арттыратын, халықтың дастарханын жүдетпейтін қайнар көз – өзіңіз басшылық жасап отырған сала еңбеккерлерінің адал еңбегі, мол бейнеті екені даусыз. Сондықтан, сіз арқылы барша ақық дән өсірген, ақтылы мал баққан ел ішіндегі диқандар мен малсақ қауымға облыстық «Арқа ажары» газетінің оқырмандарының  алғыс-рахметін айта отырып, аяқтасақ дейміз. Әр жыл сайын бүгінгіден де биік межелерге жетіп, берекені арттырып, байлығымызды тасыта берулеріңізге тілектеспіз.    

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз
Байқал БАЙӘДІЛОВ.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар