Ортақ табыс

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі аграрлық саланың жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан, бұрын айтылатын  «Ас атасы – нан»  деген мәнді сөз өз мағынасы мен маңыздылығын бүгін де сақтап отыр, сақтай да бермекші.

Ауданның агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі жағдайы мен деңгейі туралы айтсақ, экономиканың бұл саласы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдары белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп, өзіміздің басты міндетімізді іскерлікпен шеше бастадық.  Бұл орайда, ел тұрғындарының қажеттілігін өз азық-түлік тағамдарымызбен қамтамасыз етуіміз керектігі басы ашық мәселе.
Биылғы жылы дәнді және бұршақты дақылдар 409 мыңнан аса гектар алқапқа егілді. Оның  383 мың гектарына бидай, 7516 гектар алқапқа мал азығы дақылдары себілді. Көктемгі егіс алдында 87 мың гектар алқаптың топырағы өңделді. 446 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Аудан диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мол астық жинады. Егін орағын К.Тұрғынбаев басқаратын «Түгел» серіктестігі бірінші болып аяқтады. 12,2 мың гектар алқаптың әр гектарынан орта есеппен 12 центнерден өнім алынды. Аудан бойынша «Труд» серіктестігі де мол астық алды. Мұнда гектар берекесі 19,1 центнерден айналды. Б.Молдаханов басқаратын «Подгорный – 1» серіктестігі 15,2 мың гектар алқаптың әр гектарынан 17,8 центнерден астық жинады. Бұлардан «Белағаш», «Запорожье» серіктестіктері де қалысқан жоқ.
Егіншілік шаруашылығы саласында қол жеткізген табыстар жергілікті атқарушы органдар, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары басшыларының ұйымдастыруымен және аудан диқандарының  маңдай терімен келді. Егіс алқаптары кеңейтіліп, әртараптандырылды. Тұқым сапасы мен жердің құнарлылығы артты. Барлығы 98,3 мың гектар жер жыртылып, келесі жылға 58,3 мың тонна тұқым құйылды. Мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңа техникалар сатып алып,  машина-трактор паркін жаңарта түсуде. Осылайша, жыл басынан бері 16 комбайн, 31 трактор және 5 егіс кешені сатылып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері гербицид сатып алудың шығынын толтыру және жеңілдетілген бағамен минералдық тыңайтқыштар сатып алу үшін өтінімдер беріп қойды.  
Биылғы жылы мал шаруашылығының дамуы да жаман емес.  Ауданда 22,5 мың ірі қара, 8 мыңға жуық жылқы, 24 мыңнан астам қой-ешкі бағылуда. Мал шаруашылығының одан әрі дамуына мал тұқымын асылдандыру, жемшөптің мол қорын жасау, мемлекет тарапынан  қолдау тәрізді жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы игі ықпалын тигізуде.  Бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 44 бас сиыр мен 2 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Мал қыстатуға 88,5 мың тонна шөп, 7,7 мың тонна пішендеме және 14,2 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұл жұмыстардың бәрі  ауданның агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлерінің үлесінде екенін ерекше айта кеткен ләзім. Әр ауыл шаруашылығы құрылымында өз еңбек озаттары бар. Оларға қарап өзгелері бой түзейді. Жұмыстарындағы оң тәжірибелерді үйреніп, өндіріске енгізеді.
Сөз соңында  жерлестерімді Ауыл шаруашылығы қызметкерлері  күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баршасына зор денсаулық, отбасының амандығы мен  еңбектерінің  жемісін көруді тілеймін!

 Қанат СҮЙІНДІКОВ,
Жақсы ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар