Макаревичтің рекорды

Бір өзі 5 мың тоннадан астам астық бастырған даңғайыр диқан туралы осылай айтуымызға болатын шығар
Баға жетпес еңбек – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі. Шаң-тозаңға қарамай жер жырту, үскірік аязда қар тоқтату, барлық жұмыстың ауыртпалығын көтеру солардың мойнында. Осындай адамдардың бірі, тәжірибелілігін жай сөздермен емес, нақты ісімен дәлелдейтін – «Белағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Максим Макаревич деп айтар едік. Ол өз еңбек жолын 1991 жылы трактор-егіс бригадасында механизаторлықтан бастаған. Тіпті, сол бастапқы жылдардың өзінде механизатор өз жұмыс қабілеттілігі мен жоғары жауапкершілігімен ерекшеленді. Ал, бүгінде ол  тек «Белағаш» ЖШС-інің озық маманы ғана емес, сонымен қатар, «TNK» Агрофирмасының да жоғары дәрежелі механизаторы болып табылады.
Максимге бұл мамандықты таңдау кезінде шешуші сөзді әкесі айтқан болатын, техниканы жетік меңгергендіктен бар білгенін баласына үйретуден жалықпады. Ал, Максим Макаревич болса, әкесінің әр айтқан сөзін санасына құйып, жылдан-жылға кәсіби шеберлігін шыңдай берді.  
Көктем кезінде егіс жұмыстарына белсене атсалысады, күз айында өзіне бекітілген «Джон Дир» комбайнына отырып, егін бастыру жұмыстарымен айналысады. Бұл істе ол – озат комбайншы. Биылғы жылы Максим 5629 тонна егін бастырды, бұл сірә, облыстағы ең үздік көрсеткіш болар.
Бұрын жылына 1500-2000 тонна астық бастырған диқандар тіпті, Социалистік Еңбек Ері атағын алатын. 2001 жылы оған жоғары еңбек көрсеткіші үшін шаруашылық басшысы жеңіл автокөлік сыйлаған. Мұндай табысы әрқашан басшылар тарапынан бағаланып отырады. Кезінде Елбасымен де кездесу марапатына ие болған. «Осындай мерейлі отырысқа қатысқаным мен үшін баға жетпес марапат болды» дейді Максим Макаревичтің өзі бұл туралы.
Осы бір қажырлы еңбегінің арқасында толағай табыстарға жетіп жүрген, мол астық бастырудың нағыз шебері, даңғайыр диқанға алда да мол табыс тілейміз.
 
Ботагөз ДОСАНОВА.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар